Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмысшы жастардың құқығы тапталып жүр

20.05.2021, 11:00 434

«Қызметкер жұмысымен көрге көмілсе, басшының ісі өрге өрмелейді». Елімізде жұмыссыздар саны көп. Десе де, жастығына  қарамастан  еңбекке  ерте  араласып, адал  терімен  нәпақа  тауып  жүрген жастар да жетерлік. Шыны керек, көптеген кәсіпкерлер жастардың мұндай ынтасын өз игілігіне пайдала­нып жүр. Бесіктен  белі  шықпай  жұмыс  істеуге  көшкен  аңқау жастардың құқығы көп жерде қорғалмай жатады. Таң атып, кеш батқанша жұмысқа жегіліп, жалған айыппұл мен негізсіз қысқартулардың кесірінен қолдарына тиген қаражат еңбегіне татымайды. Одан бөлек, азыған қоғам мүшелері де жұмысшы жасты менсінбей қарап, кемсітетіні бар. Тіпті кейбіреулері жас қыздарға қырындап та үлгеріп жатады. Еңбек шарты болса мүлдем жасалмайды. Осы тұр­ғыда,  «өңірімізде жұмысшы жастардың  құқығы қорғалып жатыр ма және жеткіншектерді қалай алдайды?» деген  сұрақтарға  жауап  іздедік.

ЖҰМЫСШЫ  ҚЫЗДАРҒА  ҚЫРЫНДАЙТЫНДАР  КӨП

Жаз келіп, парктер мен демалыс орындарының жұмысы жүрді. Бұл кезде әдетте кәсіпкерлер арзан жұмыс күшін іздеп, жастарды жұмыспен «қамтамасыз» етеді. Ата-анама қолғабыс боламын деп жүрген жұмысшы жастардың сілтегенге жүгіріп кете беретіні өтірік емес. Басшылардың арасында өзінің қолындағы құзыреттілікті асыра пайдаланып, мін көрсететіндері де бар. Бізге сұхбат берген кейіпкеріміз карантин уақытында қаладағы тамақтану орнында даяшы болып жұмыс істеген. Оның айтуынша, жастарға жекіп сөйлейтіндердің арасында қарапайым халық та бар.

– Өзім басқа қалада оқимын. Жазғы уақытта өз қалама келіп, келесі оқу жылына дайындалу үшін жұмыс істеймін. Әрине, әр жұмыстың өзіндік қиындықтары болатынын білемін. Десе де, кей орындарда жастарды шектен тыс жұмсайтыны жасырын емес. Басшылық тарапынан түскен сансыз айыппұлдардың кесірінен жалақымызды толық ала алмайтынбыз. Аптасына 20 мың теңгеге дейін айыппұлға ұстап қалып жүрді. Сылтау – біреу. Жұмысқа кешігіп келу немесе басшыларға қарсы шығу. Санитарлық шектеулерге сәйкес жұмыс ерте аяқталса да, мейрамхана егесінің өзі ұйымдастыратын сауық-сайран, қыз-қырқынның бітуін күтіп, таңғы 5-6-ларда қайтатынбыз. Тиісінше, таңғы сағат 9-да басталатын жұмысқа кешігіп келеміз. Ал кешігіп келгеніміз үшін айыппұл аламыз. Қызық парадокс. Даяшылар аз болғаннан кейін демалыссыз бірнеше ай жұмыс істеген кездер болды. Негізгі жұмыс уақыты азанғы 9-да басталып, түнгі 2-3-ке дейін созылады. Бірақ, көп жастар әлі де сол жерде жұмысын жалғастыруда. Ақша табу керек, – деді есімін атамауды сұраған кейіпкеріміз.

Даяшыларға келетін қауіп ол ғана емес. Кейіпкеріміздің айтуынша, тамақтануға келген ересек азаматтар жұмыс істеп жүрген жас қыздарға қырындап отыратын көрінеді. Арақ ішіп, есін жоғалтқандар қолына еге болмай жас қыздың денесін аңдиды екен. Дегенмен, оларды қорғайтын адам жоқ. Басшыларға «майлы клиент» маңызды болса, жастар саясатындағы тұлғалар «отчет» жабумен әлек секілді көрінеді. Жайдың атқан тасындай арқаны кеңге салатын бас партияның жастар қанатына хабарласып көрдік. Алайда олардың айтуынша, бұл мәселе басқа «проектілердің» көлеңкесінде қалып кетіпті.

«БҰЛ  БАҒЫТТА  ӘЛІ  ЕШҚАНДАЙ  ШАРА  ЖАСАМАДЫҚ»

Қызылордалық жастардың жанайқайын көшбасшы жастарға жеткіздік. Әдепкіде бұл іс өздерінің жобасына кірмейтінін жеткізгенімен, артынан мәселенің өзекті екенімен келісті. Жастармен бірлесіп істелген бірнеше жұмыстар жайлы айтылды. Әрине, әдеттегідей тақырыптан тыс. Десе де, көп күтпей-ақ, бастапқы тақырыпқа қайта оралдық.

– Иә, бұл – өзекті тақырып. Аталмыш мәселені жыл басында қозғаған болатынбыз. Бірақ, аса қатты нәтиже көрмедік. Себебі, облыстық деңгейде көтерген жоқпыз. Тек өз арамызда талқылап, жоспарға енгізгіміз келді. Бірақ, өзіміздің басқа «проектілер» болғаннан кейін бұған қатты көңіл аудармадық. Бұл жағдайды бір ғана ұйым өзгерте алмайды. Бірлесіп шешілетін мәселе. Арасында полиция қызметкерлерімен мониторинг жүргізіп тұрамыз. Ал дәл осы бағытта әлі ешқандай шара жасамадық. Алдағы уақытта бұл мәселені көтеріп, бір жолға қоюға тырысатын боламыз, – деді «Jas Otan» Жастар қанаты облыстық филиалының кеңесшісі Асем Какарманова.

Жалпы, жастарға заңмен бекітілген арнайы жұмыс уақыты да бар. 14 жастан  16 жасқа дейінгі аралықтағы жастарға аптасына 24 сағаттан аспайтын, ал 16 жастан 18 жасқа дейінгі аралықтағы жастарға аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты рұқсат етілген. 18 жастан асқан азаматтарға аптасына  жұмыс  уақыты  40 сағаттан аспауы тиіс. Бірақ, біздің өңіріміздегі жастар бұл көрсеткіштің екі есесін өтейді. Жұмысшы жастармен әңгімелесу барысында ұққанымыз, жергілікті тұрғындардың әдебі де сын көтермейді. Әсіресе, әйелдер қауымы тамақтану немесе сауда орындарында жас қызметкер көрсе құлдай жұмсап, айғайлап өзінің үстемдігін көрсетіп отырады екен. Айғай шығаратындардың дені ересектер көрінеді. Ал жастарға қызмет көрсету басқаларға қарағанда оңай, керісінше өздеріне көмектесіп кететінін айтты.

«Жастар – біздің  болашағымыз». Құлақ еті үйренген ұран. Десе де, олардың құқығын  қорғау қолдан келмей  жатыр. Біз терең  мәселенің бетін ғана көтердік. Түбіне үңілсең, алаяқтықтың сан түрін көруге болады. Басын бұққанға бақыр тиын да көрсетпей, жүгіртіп жібергендер қаншама. Қаражаттан қысылған қаракөздер еркін заманда еңкейіп өмір сүруге мәжбүр. Бұл – егемендіктің ең ауыр көрінісі. Жылда жастар форумы мен жастар саясатына миллиардтаған қаражат жұмсалатыны еске түссе, жарғақ құлағың жастыққа тимейді. Қазан бетіндегі жылмаң сөйлеп, шендінің көңілін тапқандарға ғана берілетін сый бұл жиындар. Ал қазан астындағы «қаспақтарға» соларға қызыға қараудан басқа амал жоқ…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: