Түн түрткілеп оятады ақырын…
Ысырамын көрпемді…
Жетер емес, жетер емес ақылым,
…Тәнім неге өртенді?!
Тынығын-ай, тымығын-ай даланың,
Өз деміме тұншығамын масқара!
Анарымды айға төсеп барамын,
Сүйгізбеген басқаға…
Жалғыз екем… жалғыз екем шынында,
Түн Ием-ау, сабырыма табыстыр!
Сүрініп кеп сымбатыма тығылма,
…Жүрегімнен алыс тұр!
…Ал, таңертең мүлде басқа бөтенмін,
Өзім қаппын шашылып…
Қиялыма сия алмаған екенмін,
Көрпем жатыр ашылып…
***
Ыстық ернім от ерніңе табысып,
Сезіміміз жатса шіркін алысып.
Өрт деміме өмір кетсе өртеніп,
Жалғандықтың жағы қалса қарысып…
Екі дене бір-біріне дір етіп,
Бірі жатса бірінікін түнетіп…
Сенімсіз, сезімсіздер мекенін,
Жіберсе ғой күл етіп…
Кеудемдегі күмбір үнім сөнбесе,
Қасіреттің қара бұлты төнбесе.
Мендегі ұлы махаббатты мына жұрт,
Көңілiнде көзі жоқ-ау, көрмесе.
Құшағыма өзің келіп енгесiн…
Менiң арым – аяласаң ерге сын.
Бойламасын, ойламасын одан да,
Мейлі менiң ләззатыма сенбесін!
Сәл жымисам тамсанады күллі әлем,
Мен өмірде Әйелдікпен түрленем .
Махаббаттың азабы мен ғажабын,
Гүл ернімнiң дipiлiмен үрлегем!
…Қарағаның… Сол жанарды ұнатам,
Қиығына қиялымды құлатам.
Еңкейген күн сылп еткiзiп ерінiн,
Ақырғы рет, баяу атса құла таң!!!
***
Деміңменен өртедің де бір демде,
Нөсер болып шашылдың.
Бұл жауынның жауратпасын білдім де,
Қауыз болып ашылдым.
Аппақ бұлтты бесік етіп тербеттің,
аспанына асылып…
Шөліркеген шөл далаға мен кеттім,
Құмға ізімді жасырып.
Жалғаса да берер ме еді Жарық күн,
Жасын келіп түспесе,
Жай отына жанып бір сәт жатыппын…
…Дәл осы сәт бітпесе!
***
Саусақ пен саусақ сөйлесіп,
Дене мен дене үйлесіп.
Тереңге кеттім шым батып,
Шыға алмай ғажап күй кешіп…
Көзіңмен көзім сырласып,
Түсіндік іштей «ымдасып»…
сұраса біреу айта сал:
«қыз емес маған, жыр ғашық»!
Ерніме ернің еркелеп,
Ебін бір тауып өртемек.
Əуен боп қалқу үшін де,
Адамға аздау шер керек!
Үнсіздігіммен алысып,
Мұңымды жұттың тауысып.
Төзімі түннің сөгілді,
Сезімнің есі ауысып!
Жүрек пен жүрек ұғысып,
Суынып кетпей тұр ысып…
Гүлденіп жатты апыр-ай,
Қызғалдақ-ғұмыр бүрісіп…
Тие алмай жерге табаным,
Желменен жүйткіп барамын.
Тартылып барам теңіздей,
Жарыққа сіңіп жанарым…
Дидары жердің нұр екен,
Түсім ғой деймін… тірі екем…
Сұлулығым қағып кірпігін,
Ғаламды сүйіп тұр екен.
Динара МӘЛІКОВА.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Фото: bukowina.org.ua
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!