Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Жаңа халықтық Конституция: білім беру жүйесі арқылы адам капиталын дамыту» атты салтанатты іс-шара өтті, деп жазады баспасөз қызметі.
Мерекелік жиынға ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер мен студенттер қатысты.
Салтанатты іс-шарада Қорқыт ата университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, барша қауымды жаңа 2026-2027 оқу жылымен құттықтады. Ректор жаңа оқу жылында білім алушыларға сәттілік, ұжымға ізденіс пен жоғары жетістіктер тіледі.
Жиын барысында университеттің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер мен профессор-оқытушылар құрамы марапатталды.
Атап айтқанда, бірқатар азаматқа Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты», облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хаты», сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректорының «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаты» табысталды.
Сонымен қатар, университеттің дамуына үлес қосқан түлектерге «Үздік түлек» медалі берілді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына ие болған, білім мен ғылымда жоғары нәтижелер көрсетіп дараланған үздік 22 студент марапатталды.
Айта кетейік, 2026-2027 оқу жылында университет қатарына 3411 жаңа білім алушы қабылданды. Нәтижесінде оқу орнының жалпы білім алушылар контингенті 12 мыңға жуықтады.
Мерекелік іс-шара өнерпаздардың ән-шашуымен жалғасып, жаңа оқу жылына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!