Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмбақ пәтер

24.02.2022, 9:30 284

Бір кем дүниенің кесірі көп адамға тиіп жатады. Біреу байлыққа мастанып, дүниенің қадіріне жете алмайды. Кейбіреу  кедейліктің  кесірінен көп нәрседен қол үзіп қалады. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы». Төрт құбыласы түгел болып жаратылу да, кем-кетікпен күй кешу де – осы жалған өмірдің заңдылығы. Қандай кемшілікпен  сыналатынын  ешкім білмейді  де.

Айнаш – жасы келген, орта жастан асқан қыз. Бұрын тұрмыс құрмаған. Бірақ  айналасы­нан еститін әңгімесінің көбі – тұрмысқа шығу, балалы болу. Туған-туыс, дос-жаран, қызметтестері бұны «қашанғы жалғыз өзің жүре бересің, тым болмаса біреуден бала туып ал, жалғыз қаласың» деген ақыл-кеңес­терімен ортаға алып тұрады. Айнаш ата-анасынан бөлек, қалада жұмыс істейді. Өзінің қызметі, жүрген ортасы, тұратын баспанасы барлығы көңілінен шығады. Жалғыздығы да аса жанына батпайды. Айналасы айтпаса, оңаша қалғанда отбасы туралы ойла­ған да емес. Бірақ, кішкентай бала десе, жанын беруге даяр. Ауылда тұратын ағасының балаларына барған сайын бар тәттіні үйіп, тіпті ойыншықтардың да түр-түрін апарып береді. Ол үшін балалардың қуанғанынан артық ештеңе жоқтай болып көрінеді. Анасы да ара-тұра қызының оң босағада отырып қалмай, теңін тауып кетуін құлағына құйып отырады. Айнаш анасына «ой, мама, менен құтыла алмай  жүрсің  бе?» деп әзілмен әрең құтылғандай болады.

Жұмыстан шаршаңқырап келген соң, сәл демала тұрайын  деп Айнаш кереуетіне  жайғасқан. Көзі ілініп кеткен екен, есік қаққан дыбыстан оянып кетті. Есіктің көзінен қарап еді, екі кішкентай бүлдіршін тұрғанын көрді. Айнаш бұрын-соңды өзі тұратын пәтердің айналасында, көршілерінде мұндай балалардың жоқ екендігін ойлады. Және «бұлар бәлкім, адасып жүрген балалар шығар» деп есігін айқара ашқан. Айнашқа қарап үнсіз тұрып қалған балаларға «кел» деп, не «кет» дей алмай бұл да біраз тұрды. Үстеріне киген жұпынылау күртешелерін кір басып, одан сайын еңселерін басып тұрған сыңайлы. Сәл кідіріс­тен соң  «кіріңдер» деп екеуін  ішке қарай тартып, асханаға  қарай  апарды. Екеуіне әлгінде ғана өзіне деп жолай дүкен­нен алған бәліштерін ысытып, алдарына қойды. Ал екі балада үн жоқ, тек әлдебір мұңлы көзқарас­тарымен Айнашқа  тесіліп  қарай  береді.

– Ау, неге үндемейсіңдер? Сөйлей аласыңдар ма? Мама, папаларың бар ма? Бұл жерге қалай келдіңдер? Адасып қалдыңдар ма? – деген Айнаштың үстемелете қойған са­уалдарына да жауап бермей, құдды мылқау күйде мелшиіп отыра берді. Алдарына қойған астан да дәм татпаған соң, Айнаш екеуінің қалталарына әлгі бәліш пен тәттілерді толтырып  салды  да,  есіктен  қайта  шығарып  жіберді.

Жатып ұзақ ойланды. Қызық, бұлар кімдер екен?! Терезе­ден қарап көпқабатты үйдің алдыңғы бөлігін бақылап еді, ешкімнің қарасы көрінбеді. «Ата-анасы тауып алып, үйлеріне алып кеткен болу керек» деді де, жылы көрпеге оранып ұйықтап кетті…

…Дәл осы пәтерде  бұрын Берік пен Гүлсім тұрған. Күнара ащы судан татып келіп, келіншегіне күн көрсетпейтін әрекетін айналасындағы көршілердің барлығы біліп алған. Күн-түн демей үй сыртына дейін естілетін айқай-шу, бақыра шыққан балалардың дауысы көрші-көлемнің берекетін алатын. Күйеуінің өзіне не кінә тағатынын білмей Гүлсім де ара-тұра екі баласын алып, төркініне тайып тұратын. «Итті қонақ жараспас» деп, бір-екі күннен кейін амалсыз осы пәтерге қайта оралатын. Өзі үйде отырған жұмыссыз келіншек күйеуінің табысы оңбаған соң амалсыз айналадағы азық-түлік дүкендерінен  зат алып, қарызға белшесінен батқан. Алатын ай сайынғы жәрдемақысы күрмеуге келмей, банктерден несие де алып, жағдайлары одан сайын нашарлай түскен.

Ол аз болғандай Берік түн ортасы тоя ішіп алып, өз үйіне  бір әйелді қолтықтай келгені Гүлсімге одан сайын ауыр тиді. Сол үшін де біразға дейін екеу­ара ұрыс, жанжал, төбелес болды. Екі кішкентайдың аналарын әкелерінен қорғаштап, ортада шыр-пыр болып жылағаны көрген көзге тым аянышты еді. Ақыры сол ішімдік Беріктің  түбіне  жетті. Ес білмейтін масаң күйде келіп әйеліне қол жұмсамақ болады. Гүлсім екі баласын шала-пұла киіндіріп, сыртқа қашып шықпақшы болады. Есік алдына балаларын жетектей шығып, көшеде зырғыған көліктердің арасынан такси тоқтатамын деп ентіге жүгіргенде бір машина зыр етіп өте шығып, үшеуін жолдан қағып кетеді. Дәл сол жерде жан тапсырған анасы мен балаларын туған-туысы арулап көмеді. Күйеуі Берік ақыл-есінің кемістігі бар ауруларды емдейтін ауруханаға  тапсырылады…

…Ұйқыдан тұрған Айнаш сағатқа қарап еді, әлі күн ұясына бата қоймапты. Бірақ, кеш түсуге жақын қалған екен. Балконға шығып, сәл тыныс­тап алмақшы болды. Шықса көрші балконда көрші келіншек кір жайып тұр екен, Айнашпен амандасып, хал-жайын сұрады. Айнаш әлгінде болған оқиғаны айтып бергені сол еді, көрші келіншек жүрек тұсын  ұстаған  күйі  шошып  кетті  де:

– Тоқтай тұр, балалардың жас шамасы, түр-түсі бұрын  осы  сен тұрған пәтердегі балаларға келетін сияқ­ты.  Бірақ, олар қайтыс болып кеткен, – деді.

Айнаштың жүрегі аузына келгендей тұншыға, таңдана  сұрақ  қойды.

– Қалай сонда? Қайтыс болғаны несі? Олар кәдімгідей тірі  адамдар  сияқты  келіп, үйге кіріп, маған қарап отырды  ғой, – деді.

– Білмедім, Айнаш, бірақ сенің үйіңе келген балалар басқа біреулер болуы мүмкін емес, – деп келіншек осы пәтер­де  тұрған Берік пен Гүлсімнің оқиғасын бастан-аяқ айтып  берді.

Айнаш дереу заттарын жинастырып, ол жерден тайып тұрды. Басқа пәтерге қоныс ауыстырды. Бірақ жадынан әлгі қос бүлдіршіннің бейшара кейпі кетпеді. Ата-анасынан жары­тып жылулық көрмеген балалардың рухы әлі де болса жақсылықтан үміттеніп, өздері тұрған пәтердегілерге жиі барып тұрады  екен  деген  сыбыс  көбейе  түсті.

Ә.КЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: