Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсыға сөз өтеді, сөз өтпесе, көз өтеді

09.06.2022, 9:00 586

«Балаңның маңдайына күйе жақ», «шашыңды байлап қой», «сәбиіңнің киіміне көзмоншақ тақ, сонда біреудің көзі өтпейді» деген сөздерді әрдайым естіп өскеніміз рас. Бір ескеретін жайт, қоғамда бұған сенбейтіндердің де қатары көп. Жалпы, көз тию дегеніміз  не?

«Көз жақсы адамға, сәбиге, жүйрік атқа, әдемі қызға тиеді» деп халқымыз болжаған. Көз балаға немесе қызға тіптен, ересек адамға да тиюі мүмкін. Ондай  кезде  ақ  халатты  абзал жандар да көмек қолын соза алмайды. Бұлай дейтініміз, көз тию – қазақ халқында бағзыдан келе жатқан құбылыс. Ал бұған халқымыз қалай қараған? Жас келінге, нәрес­теге, т.б. қызыға қараған адамдарға «көзің тиеді» деп ырымдап, түкіртуге мәжбүр еткізеді. Басқаша айтқанда  біреуді  мақтаса, «тіл-көзің  тасқа»  деп  айтады. Бірі  сенсе, енді  бірі  ат тонын ала қаша­тыны  шындық.

Пайғамбарымыз «Көз тиюдің бар екені ақиқат» деген. Көз тиюдің шындық екені – халық тәжірибесімен де, ғылыми нәтижелермен де расталған құбылыс. Шын мәнінде әлемде біз түсініп, түсіндіре алмайтын құбылыстар әлі көп. Сондықтан көз тиюден сақтану үшін материалдық ғана емес, дұға және Аллаға сыйыну секілді рухани және діни себептерге жүгіну қажет.

Мынадай бір жайды есіңізде берік сақтаңыз. Сіздің балаңызға біреудің тіл-көзі тиеді екен, ал сіздің тіл-көзіңіз  өзгеге тимей ме? Әрине, тиеді. Ол үшін не істеу керек?

Бөтен баланың әдемілігіне қатты сүйсініп, таңғалған жағдайда «Құдайдың құдіреті», «Алланың жаратқаны» деп айту қажет. Ақиқатында, өз көзіңіз бен сөзіңіздің сұғын қайтаратын бірден-бір амал – оның тек ғана Алла тарапынан болғанын айту.

Көз тиюдің кесірінен қаншама нәресте мен бойжет­кен қыздың өмірден өтіп жатқанын естідік. Бірі сұлу жүзіне басқа адамның тамсана қарауынан болса, ал біреулерінің ұзын шашына қатты сүйсінуден көз өтіп, дертке шалдығып жатады. Жас баланы көз тиюден емдеуді кейде үшкіру, түкіру деп те атаған. «Түкіру» көптеген халықтардың магиялық және діни әдет-ғұрыптарында маңызды рөл атқарады. Егер адамға не малға көз тисе, «тіл кестіру» арқылы емдеген. Емнен кейін құдайы ас беріледі. Сауыққан адам біраз уақыт ешкіммен сөйлеспеуі керек.

– Мен алғашында «тіл-көз тиеді» дегенге мүлдем сенбейтінмін. Бірақ осыдан 4-5 жыл бұрын туған әпкемнің қызы ауырды. Ол өте сүйкімді еді. Бір күні үйге қонақтар келді. Олар кеткен соң, қызының беті аяқ-асты­нан ісіп кетті. Дәрігерлерге апарды. Бірақ олар нақты диагнозды қоя алған жоқ. Шамалары келгенше емдеді.

Бірақ нәтиже ойдағыдай болмады. Ата-анасы амалсыз­дан Павлодардағы  емшіге  қаратты. Ол балаға көз тигенін айтып, емін жасады. Құдай қолдап, бала жазылды. Осыдан бастап мен де тіл-көз тию дегенге сенетін болдым. 4 балам­ды тіл-көзден қорғау үшін үнемі «Нас», «Фәләқ» сүрелерін ішімнен оқып  жүремін, – дейді атын атамауды  өтінген  қала  тұрғыны.

Осы орайда, тіл-көз тиген адамдарды емдейтін емшінің де пікірін білген едік.

– Маған тіл-көз тиген балалар жиі келеді. Олар әлсіз, ауру болады. Балаларды Құранмен емдегенде, ем шипасын береді.

Бұл оқиға біраз жыл бұрын болған. Белгілі бір жазушының немересі дүниеге келеді. Нәресте тоқтамай жылай беріпті. Оны жазушы ғалымдарға, беделді дәрігерлерге апарған. Олардың емі баланың бойына қонбайды. Нәрестенің өмірге келгеніне 40 күн болады. Осы уақыт аралығында бала жылай берген. Бір күнде нәрестені 10 адам қараған. Сөйтіп баланы маған алып келді. Нәрестені Құранның сүрелерімен оқып, оның ішін, арқасын уқаладым. Сөйтіп, көз алдымда ол бала ұйықтап кетті. Содан нәресте 13 сағат ұйықтапты. Тәжірибемде мұндай жағдайлар жиі болады – деді ол.

Бұл шындық, хақ дүниеге оңды-солды қарап, басты назар аудармасақ, өзімізге кесапат, кесірі тиюі айдан-анық секілді. Ал, сіз көз тию дегенге сенесіз бе, ойлы оқырман?!

Ақерке  КЕНЖЕБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: