Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сан ба, сана ма?

25.03.2022, 9:20 367

«Туған күніңізді айтыңыз, ал мен сізге мінезіңіз бен болашағыңызды айтып беремін».

Иә, кейінгі жылдары дәл осы секілді сөздер әлемжеліде кең таралып «хит» болып кетті. Бір қарағанда қисынға келмегенімен, бұл да – бір ғылым саласы. Алайда, ресми түрде мо­йындалмаған. Нумерология аталатын ғылымның негізін ежелгі грек ғалымы, ойшыл, мате­матик Пифагор қалаған. Ол өз заманында сандарға «жан бітіріп», әр санға өзіндік сипат берген. Соның арқасында болар, қазіргі сандар сыр мен «сиқырға» толы. Және ең алғаш бұл салаға қызығушылық танытқандар да сол Пифагор­дың  шәкірттері  болған  деседі.

Нумерология – адамның өзіне тән бітім-болмысын, арман-мақсатымен қоса түрлі қабілетін анықтайтын сала. Қазіргі қоғамда  жастардың басым көпшілігі нумерологтың көмегіне  жүгінеді. Себебі бәріне де өзінің  болашағы  қызық. Бұл сандар ғылымы сіздің ақша кодыңызды, бизнеске деген қабілетіңізді, тұрмысқа шығар (үйле­нер) уақытыңызды, керек десеңіз қашан бала көтеруге болатынын, бәрін-бәрін айтып  береді. Тек туған жыл, айы мен күніңізді айтсаңыз  болғаны. Нумерология, әсіресе, өз қабілетін  толық аша алмай жүрген адамдарға таптырмас  мүмкіндік.

 Бүгінде нумерологтардың дәурені жүріп тұр. Соңғы кездері онлайн қызмет атқарып жүрген сала мамандарының табысы аз емес. Әр сеансы қомақты қаржыны талап ететініне қарамастан олардың тұтынушылары азай­май тұр. Керісінше, нумеролог көмегіне жүгінген қыз-келіншектер біраз уақыттан соң сол салаға бет бұрады екен. Бір қызығы, нумеро­логтардың айтуынша, сіздің өміріңізге ұялы телефоныңыздың нөмірі де әсер етеді. Олар, әрине, ақысын берсеңіз сізге сай нөмірді де таңдап  береді.  Бүгінде  сәтті нөмір таңдау 6000 теңгені қажет етеді. Саныңызға ла­йық әмиянның түсі мен қай күні қандай киім кию керектігін де айтады. Білікті маманның ересек­терге арналған толық нумерология­лық кеңесінің  құны  25000  теңгені  құрайды.

– Ең алғаш өзім нумерологтың көмегіне жүгіндім. Жақсы нәтижеге жеткен соң нумерологияға деген қызығушылығым ашылды.  Екі жылдың ішінде 5000-ға жуық адамды қабылдадым. Тұтынушыларымның басым көпшілігі 20-40 жас аралығын қамтиды. Сандар жүз пайыз тура келеді. Оны нақты айта аламын. «Махаббат кодының» арқасында ажырасып кеткен отбасы қайта қосылды. Ал, «миллионер кодының» көмегімен бизнесі тоқтап қалған кәсіпкерлердің ісі қайта жанданды. Кәсіптеріне миллиондап ақша түсті. Негізі бұл ілімді Аллаға серік қосу деп есептей­тіндер де бар. Бірақ менің нумерологияға пікірім – тік. Ғылымның дамығанының арқасында біз күн райын да болжап біліп отырмыз. Меніңше, дұрыс жағынан қарау керек, – дейді нумеролог  Нарқыз  Аменкелқызы.

Ал енді нумерология жайында дініміздің не дейтініне тоқталсақ. Ислам діні бойынша ғаламдағы барлық өзгерістер мен құбылыстар тек Алла тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады. Тылсым құбылыстарға қызығушылық таныту – адам баласына тән қасиет. Нумерология ғылымы түбегейлі сиқырға жатпаса да, сандардың «құдіретіне» сүйенгендіктен мистикалық  нанымға  жатады.

Атақты мұсылман ойшылы Ибн Халдун «Мұхаддима» еңбегінде сандармен қандай да бір болжам жасау туралы: «Бұның барлығы қате тұжырымдар ғана. Олар (нумерологтар) бұл әдісті ой-санасы толық жетілмегендерді алдап-арбау үшін қолданады», – деген. Сол себептен де, нумерологияға және болашақты болжайтын осыған ұқсас ілімдермен айналысып, олардың көмегіне жүгінуге шариғат қатаң түрде тыйым салған. Және сандардың болжамына сеніп, Алланың құдіретіне күмән келтіру үлкен күнә саналады. Алайда, нақты таңдау адамның өзінде. Меніңше, алдағыны Аллаға аманаттап, сиқырмен емес санамен әрекет етсек, болашағымыздың жарқын бола­ры  анық…

Жәния  ТӨРЕБЕКОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: