Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қожаназар ишан

05.05.2020, 10:11 2503

Кім-кімге де кіндік қаны тамған жер көзінің қарашығындай қастерлі екені белгілі. Біздің ауылда есімі жалпақ жұртқа мәлім батыр бабалар, ғұлама даналар, әулие емшілер дүниеге келген. Сондай аруақты бабамыздың бірі – Қожаназар ишан Артықбайұлы. 

Қожаназар Артықбайұлы 1855 жылы дүние есігін ашады. Әлімнің Қаракесек тайпасынан өрбиді. Меккеге үш мәрте қажылыққа барған ишан бабамыз тура Пайғамбар жасында ғұмырдан өтіпті.

Қожаназар ишанның жеті ұлы болыпты. Баршасы діндар, оқымысты адамдар екен. Қазіргі таңда аудан орталығындағы өз есімімен аталатын мешітті кейін інісі Бекназарға беріпті. Мұнан соң мешітті Бекназардың баласы Нұрмағанбет ұстапты. Өкінішке қарай, Нұрмағанбет небәрі 24 жасында өмірден өтіпті. Аудан орталығындағы «Қожаназар ишан» мешіті 1902 жылы пайдалануға берілген. Мәдени-тарихи ескерткіштер қатарындағы мемлекет қорғауында. Сапалы салынған Алланың жердегі үйінің арада ғасырдан астам уақыт өтседе міні құрымаған.

«Дін – апиын» деп саналған сонау кеңестік кезеңде де мешіт қызметін тоқтатпады. Ол кезде облыста екі мешіт яғни, «Айтбай мешіті» мен «Қожаназар ишан» мешіті ғана бар еді. Ол кезде «Мұсылмандар мешіті» деп аталатын еді. Ишан – діни атақтардың ең үлкені. Қазақ жерінде ишандық атақты алу үшін жеті мешітке барып, сынақтан өткен. Ишандар киелі болған. Ишанның осалдау дегенінің өзі қабірде жатқан өліктің жағдайын біледі екен» дейді деректе.

Ишан атамыздың жеке қаржысына салдырған екінші мешіті Сырдарияның жағалауында, қазіргі Жанқожа батыр ауылының тұсында орналасқан. Қалың тал қоршаған жерде мешіттің орны бар. Ауыл тұрғындары бұл маңды киелі санайды. Қожаназар ишан атамыз әулие, емшілігімен қатар мықты бағбандықты да терең меңгерген киелі жан екен.  

«Дарияның бойы, нулы жер,

Жібектей ескен самал жел.

Маңдайдан тамған адал тер,

Ишаннан  тәлім алды ел.

Ғұлама, бағбан, емші өзі,

Аллаға үндеп әр сөзі.

Әулие, дана, әз ата,

Тал егіп, жер өңдеді.

Құлпырып гүлі, жасыл бақ,

Самғады құсы, сайрап шат.

Мәуесін төккен сан жеміс,

Тамсанған жұрты, қайран қап» деп суреттеген абзал шығар.

Тал демекші, Арман досымның басынан өткен төмендегі оқиғаны оқырман назарына ұсынсам.

Арманның мектепке әлі бармаған кезі. Оң-солын толық танымайтын бүлдіршінде ойыннан өзге қандай алаң болсын. Тетелес бауырларымен бірге аулада асыр салып жүрген-ді. Кенет… Жанары бір бұрышта жатқан қураған ағаштың жуан бұтағына түсті. Дереу жүгіріп барып бұтаққа атша мініп алды. Мейлі сен, құй иланба. Сол түні Арман сандырақтап ауырып шықты. Түсіне ақ сәлде, шапанды, аппақ сақалды ата еніп «Ағашқа неге мінесің?» деп қынжылысын білдірді. Ал, ертеңіне… сұмдық. Арманның қуығы ісініп, кіші дәреті жүрмей қатты қиналды. Не істерін білмеді. Әлдеқайдан құлағына «Атаңнан кешірім сұра» деген үн естілгендей болды. Арман өзі кеше ат қылып ойнаған ағаш бұтағын кішкентай саусақтарымен сипалап «Ата кешір мені, кешір» деп үздіксіз жалбарына өтінді. О, ғажап! Денесі жеңілдеп, қуығының ауырғаны басылды. Кіші дәреті де жүрді. Бала дегенді қойсаңшы. Арада екі-үш күн өткенде Арманның ниеті бұзылды. Бұл ерегіскендік емес, нағыз балалық ақымақтық еді. Бұрыштағы ағаш бұтағының үстіне тағы да шықты. Түсіне сәлде, шапанды ақ сақалды ата тағы да енді. Бұл жолы «Ағашқа мінгеніңді неге қоймайсың?» деп ызбарлана жекіді. Шошынған Арман шар ете түсті. Ертеңіне Арманның өткендегі науқасы қаз-қалпында қайталанды. Кеселінен кешірім сұрағаннан кейін ғана айықты. Мұнан соң ағашқа жолаған жоқ. Ешкімге тіс те жармады. Бірақ… Сол жылы он сегізге жаңа қадам басқан үлкен бауыры қайтыс болды. Кесілген ағаштың «Ишан талынан» байқамай әкелінгенін бұлар кейін білді. Арманның әке-анасы құран оқытып, ағаш бұтағын бұрынғы орнына жеткізді. Амал қанша…!

– Көрген түсімді үйдегілерге неге айтпадым? Ағашты орнына ерте жеткізгенде ағатайым тірі қалар ма еді?!» деп егілген досымды зорға жұбаттым.

Тылсым дегеніміз осы да. Бабамыздың жайы жаннатта болсын!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: