Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара дуа

30.09.2021, 9:30 1172

Өмірде адам сенгісіз оқиғалар өте көп болады. Біріне сенуге болады, ал енді бірі тіпті адам айтса нанғысыз. Алайда өмірде күтпеген, тосын да тылсым жағдайларға дайын жүру керек.

Алмат пен Сырғалымның шаңырақ көтергендеріне көп болған жоқ. Екеуі мектеп жасынан бастап кездесіп, араға алты жыл салып отау құрды. Оқушы кездерінде екеуінің махаббатына ел қызығатын. Бір-біріне деген сүйіспеншілігінің мықтылығы сонша мектеп бітіргеннен кейін екеуі де бір мамандыққа, бір университетке оқуға түсті. Оны аяқтай сала үйленуге бел буды. Алмат ауылға келіп тұруды жөн санады. Өйткені анасы ауылда жалғыз өзі тұратын және қалаға көшіріп әкелуге көнбеді. Оның үстіне өзінің де, келіншегінің де мамандығы мұғалім болғаннан кейін, ауылдағы мектепке жас маман болып екеуі де қызметке орналасты.

Олар бақытты өмір сүріп жатты. Тек аяқ астынан болған жайт жас жұбайлардың шаңырағын  ортасына  түсірді.

Алмат өз замандастарымен салыстырғанда әлдеқайда келбетті, сымбатты жігіт болды. Соңғы жылдары денесі де толысып, дене тұрқы келісе кеткен. Жұмысқа алғаш түскеннен бастап өзі қатарлас мұғалім қыз-келіншектер мен  жоғары сынып қыздарының көзі түсе бастады. Үйлі-баранды жігіт екенін білсе де, жас жігітке қылымситындардың қатары артты. Алғашқыда Алмат олардың ешқайсысына аса мән берген жоқ. Біріншіден, өзінің отбасылы екендігін басты принципі етіп ұстады, екіншіден, жұмысқа жаңадан орналаса сала айналасындағылардың артық әңгімесіне қалғысы келмеді. Келіншегі Сырғалым мұндай оқиғаларды іштей біліп, көзі көріп жүрсе де ләм-мим деген жоқ. Алматтың өзін шын сүйетініне және оның қандай жағдай болса да артық әрекеттерге бармайтынына сенді.

11-сыныптағы  Алтынайдың  Алматқа  деген көзқарасы өзгеше-тін. Ол сыныпқа кіргеннен  көзіне қалай түсіп қалудың амалын жасап, сабаққа дайын болмаса да тақтаға шығып алатын. Алмат бастапқыда қыздың ондай әрекеттеріне мән берген жоқ. Кейін Алтынай сабақ жөнінде деп ананы-мынаны сылтауратып смс жазып, телефон шалып, хабарласа беретін болды. Мұны Алмат үйде кешкі ас ішіп отырғанда әйелі Сырғалым да сезіп қойған. Бірақ, мән бермеген сыңай танытты. Алмат ара-тұра телефонмен үйден шығып кетіп сөйлесетін болды. Сырғалымнан әлденені жасыратындай көрінді. Тіпті түн ортасы ауа Алматтың телефоны шырылдап, смс дабылы да басылмайтын болды. Бұндай оқиға күнде қайталанатын болған соң Сырғалым Алматпен ашық сөйлескісі келген. Алмат сезіктенетіндей ештеңе жоқ екендігін айтып, Сырғалымның ашуын басты.

Алтынай мектеп бітіріп, өзге қалада оқуда жүрсе де Алматқа «ағайлап» хабарласа беруін тоқтатқан жоқ, керісінше үдетті. Ол тіпті Алматқа ғашық болып қалғандығын ашық айтып, өзіне үйленуін сұрады. Үйленгеніне жыл енді болған Алмат қызға бәлендей салмақты жауап бермеді. Бірақ ол қызбен қарым-қатынасын тоқтатқан жоқ. Кезі келгенде байланысты тоқтатып, әрі қарай отбасыммен бақытты болып кетемін деп ойлады. Өйткені өзі қылымсып тұрған Алтынайдан да аттап кеткісі келмеді.

Алмат Алтынай үшін қалаға барып, қыз ауылға келгенде екеуі тағы кездесіп, байланыстарын одан әрі жалғастыра берді. Күйеуінің кенеттен өзгеріп, үйге қонбай, әлгі қызбен әуейі болып жүргені, мектепте ұжымдастарының түсініксіз көзқарасы Сырғалымның жүйкесін жұқартты. Амалы құрыған Сырғалым әлдекімдерден аудан орталығында қара дуамен күйеуін қайтаруға болады екен дегенді естиді. Ақыры соған барып, қара дуамен Алматты өзіне қайтарғысы келеді. Дуагер Сырғалымға бір шарт қояды. «Мен қара дуамен күйеуіңді өзіңе келтіремін. Бірақ дуаның соңы не болатынына жауап бермеймін, өйткені денсаулығына зақым келуі мүмкін» дейді. Оның шартына келісіп, үйіне қайтады.

Алмат Сырғалымға қайта оралды. Бұрынғыдай телефонмен күнұзақ сөйлесу, үйге қонбай кету деген жат қылықтарын тастады. Бірақ, Алмат баяғы күйінен айырылып бара жатты. Мінезі тым тұйықталып, ешкіммен сөйлеспейтін болып алды. Тіпті әлденені сұраса, ыммен ғана жауап береді. Тамаққа зауқы соққан жоқ. Бұрынғы сымбатты денесі мен көрікті келбеті күн сайын солып бара жатты. Соңғы кездері өзі айтқан нәрсені өзі ұмытып қалатын дәрежеге жетті.

Қызметтен қол үзіп, тек пештің түбінде бүк түсіп жатып қалды. Біресе орнынан атып тұрып, далаға шығып айғай салады. Ал бірде үйге кіріп алып, бөлменің бұрышында басынан ұрғылап жылайтынды шығарды. Сырғалымның зәре-құты қалған жоқ. Әлгіндегі дуагерге барып, мән-жайды айтып еді, ол о баста шарт қойғандығын айтып, Сырғалымға енді көмектесе алмайтындығын жеткізді. Сөйтсе, дуа жасалғанда Алматты кері қайтарған жын-шайтандар белгілі бір уақыттан кейін қайтадан Алматтың өзіне «шабуыл» жасайды екен. Яғни, өздерімен бірге өз әлемдеріне алып кеткісі келеді. Өйткені олар өздерінің әмірін орындағандарды жақсы көреді. Ал адам олардың әлеміне бармауға қарсыласса, есінен алжастырып жіберетін көрінеді.

Алматтың шешесі «менің баламды құртқан сен» деп Сырғалымды үйінен қуып шықты. Өзі баласының күйігіне шыдамай өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болды. Көп ұзамай ауыл арасында «Сырғалым суға батып  кетіпті» деген сөз тарай бастады…

Әйгерім   АЛДАБЕРГЕН

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: