Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қандай түс көрдіңіз?

02.06.2022, 9:00 937

«Жақсы түс – сүйінші».

Ибн  Жарир

Түс көру – адамның саналы өмірден бейсаналы ғұмырға енуі.  Бейсаналы деуіміздің мәні – екінші өмірде жүріп, ғайыптан сол өмірмен қоштасуымыз. Таң атқаннан кеш батқанша тіршілікте белсенділік  танытып, түн болған сәтте неліктен ұйқы келеді?  Ал, ұйықтамаса  не  болады?

«Түс – түлкінің тезегі» дейді дана халқымыз. Бұл сөздің астары көрген түске аса мән бермеу керектігін меңзейді. Халық арасында «түс» ұғымы  орындалатын түс, уахи түс және жай түс болып үшке бөлінеді.   Орындалатын түс деп, келесі күні немесе алдағы уақытта болуы мүмкін деп болжанатын түсті айтсақ, уахи түс – аса бір күрделі кезеңді бастан кешетіні туралы хабар алып келеді-мыс. Ал үшінші жай түс күніміздің қалай өткеніне байланысты.  Ғалымдардың айтуынша, көпшіліктің көрер түсі ұйықтар алдында не ойла­ғанына байланысты екен. Мәселен, сабақ, жұмыс туралы ойласаңыз, түсіңізде әріптестермен бірге отырыста немесе сыныптастармен басқосуда жүргеніңізді көресіз. Себебі, сол нәрсені ойлап, болуын қалаған едіңіз. Кейбір ұйқыдағы адамдар биіктіктен құлап бара жатқан сәтінде оянып кетеді. Бұл уақытта дене клеткаларыңыз әлсіреп, бойыңызды қорқыныш билеп алады. Мұндай жағдайлар әдетте сіз бір нәрседен секем алып, неме­се уайым кезінде ұйқыға кеткеннен болатыны  дәлелденген.

Ислам дінінде де түс үш түрге  бөлінетіні белгілі. Алғашқысы – «салиқалы түс», басқаша «аян түс» деуге болады, кейінгісі ібілістің уәс-уәсінен туындайтын «шайтани түс» десек, үшінші – «қия­ли түс», яғни, қиялдағы дүниелерді түс арқылы сезініп, көруге  болатыны  деген  сөз.

Ұйқылы адамды жартылай өлім күйін кешуші адаммен теңестіреміз. Бірақ бұл аса қорқынышты емес. Ал түс көру жайына оралсақ, қазақта түсті тегін адамға жорытпайды дейді. Оның ішіне жездеге, жиенге, әйелге жорытуға болмайтыны ай­тылады.  Сонда  олардан  қандай  қауіп  бар?

Түс жорушы адам жаман түсті де жақсылыққа жорып, оның болашағын бақыт пен байлық, берекемен байланыстырып, түс иесін сабырға шақыруы керек. Бұл кезде адам санасы  автоматты түрде жақсы  нәрселерді  ойлауға  көшеді.

Түс жору жайына келгенде мынадай әпсана еске  оралады.

Бұрында жаңа түскен келін  түс жорушы ақсақал­дың үйіне  барып, көрген түсін жорытпақшы болыпты. Сонда үйден кемпір шығып, шалы­ның өріске мал айдап кеткенін айтып, түстен кейін бір-ақ келетінін ескертеді. Түс ауған шақта жорыған түс орындалмайды деген тәмсіл бар екен. Сол үшін «мен жорып берейін» деп келіннің көрген түсін тыңдайды.  Сонда келіншек түсінде екі бөлтірік екі омырауын жұлып жеп жатқанын айт­қанда кемпір: «Айналайын-ай, мына түсті қайдан ғана көрдің екен, енді сені қасқыр жеп кететін болды ғой» деп жорыған екен. Содан кейін келіншек бірден ауылына жолға шығып кетіпті. Түстен кейін шал келген кезде, күндіз келген келіншектің түсін жорып бергенін айтса, шалы ұрыса жөнеліп, «түс көрушіден емес, жорушыдан, түсті бет алды жоруға болмайды, түс қыл көпірдің үстінде, ұстараның жүзінде тұратынын» түсіндіріп, кім қалай жорыса, солай келетінін   айтыпты. Кемпірінен барлық мән-жайды сұрай сала, атына мініп, жүрер жолымен шаба жөнелген екен. Сөйтсе әлгі жас келінді  жолда қасқыр жеп жатқанын көріп, түс жорудың  құдіретіне  тағы  бір  көзі  жеткендей  болыпты.  Сол үшін түс жору кезінде өзімізге  жақын  анамызға, әкемізге немесе бауырларымыз­ға  жоры­ту  керек.  Яки  болмаса  өз түсіңді өзің жорып, жақсы  ойда  болған дұрыс.

Қазірде түс жоруға көмектесетін кітаптар, тіпті ұялы телефонда бағдарламалар да бар. Түсіңде не көргеніңді жазып, қарасаң, жорып беруге әзір. Мұндай бағдарламаларды  түс жорушы мамандар жасап отыр деп сену қиын. Әйтсе де, бір мәлімет көзіне сүйенетіндері анық. «Ең бастысы, түс жоры­ғанда  жақсыға  жорып, одан жақсы нәтиже күте білу  керек», – дейді  түс  жорушылар.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер:
  • Салеметсизба калайсыз мен тусимде унеми жаксы корген адамды корем ол озинин айелмен касында бирак маган карап бирдене аиткысы келед аиталмаид тусимде солаи ене беред каита кайта

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: