Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Портреттегі ғұмыр

15.04.2021, 9:30 625

Соңғы үш жылда денсаулығымның ақауына байланысты үй демалысында болған соң, үлкен қаланың бір бұлтарыс кішкентай көшесінде таңнан қара кешке дейін самсатып тізіп қоятын қалың өнер туындысы жайылған жаймаға келіп шеткері тұрған орындыққа отырып алып, арлы-берлі өткен адамдарға көз салып, иә болмаса арагідік суреттер көрмесін айналып қарап шығуды  әдетке  айналдырғанмын.

Сан алуан түстегі бояу мен сарғыш матаның арасындағы елші қылқалам және оның иеле­рінің де біразымен таныспын.

Мен келген сайын:

– Бала  кешіктің  ғой,…  – деп  алдымнан    Ерден аға шығатын.

Соған бола қаншама рет таң бозынан тұрып келсем де сол баяғы аппақ сақалының ұшын бояу табы шалған ағам қарсы алады.

Кешкісін бәрі өз туындыларын жинап алып кетеді. Күні бойы қаптаған адаммен қан базарға айналған жер кешке қарай адам аяғын баспайтын сүреңсіз бір иен көшеге айналатын-ды.

Әрдайым бар картиналар жиналып кеткенде Ерден ағаның орнында шамасы тым ертеректе салынған бозаң баланың көнетоз портреті ғана қалатын.

Бірде:

– Аға, мына портретті неге алмайсыз? – деп сұрадым.

Үнсіз ойға шомып біраз отырған суретші ағам әңгімесін арыдан бастады.

– Бала, қазір қаусаған шалды көріп жүрсің ғой… Ол кез қайда?!. қайран жастық жігер… қуат… қайрат… сезім… қойшы бәрін… Сонымен картинаның жайын білгің келеді ғой… Көркем сурет институтын енді бітірген кезім… Әлдебір мекемеге кіріп тапсырмамен сурет салуды жаным қаламайды… Сосын осы көшеге келдім… Бұл көше баяғыдан суреттер мекені-тін. Әуелде табысым жаман емес… Келген қонақтарымның суретін көңілінен шығара салып, тірлігімнің нәпақасын тауып жүрдім.

Бірде енді жұмыстан түскелі жиналып жат­қанымда осы сен секілді… Иә… Тура сол кездегі мен секілді бір жас жігіт келіп портретін салып беруімді өтінді. Ертең кел дегеніме көнбеген соң, қаламымды қолыма алдым… Жігіт алдымда үнсіз отыр… Суретті салып болдым. Жігіт риза. Ақшасын артығымен төледі. Салған портертті қолына алып біраз қарап отырды да өзіме қайтарды. Бір жері ұнамай қалды ма деп жаным шығып  барады…

– Не болды… ұнамай қалды ма? Болмаса ертең жарықта дұрыстап қайта салып берейін, – деп жатырмын.

– Жоқ, жоқ атама… Сурет керемет… тек бір ғана талабым бар…

– Иә, айтыңыз…

– Ай сайын ақысын өзіңізге төлеп тұрамын…

– Не үшін айтсаңызшы…

– Сурет әрдайым осында тұрсын… ешкім орнынан қозғамасын…

– Жарайды… ол үшін ақы төлемей-ақ қойың­ыз…

– Жоқ төлеймін…

Сөз осы болды. Одан бері елу жылдан асты сол беймәлім жаннан әрдайым есепшотыма ақша түсіп тұрады…

Бұл  суреттің  атын содан аманат қойдым. Бұл – аманат  сурет.

Ерден ағамның әңгімесіне қызығып қалдым… Сол күннен бастап аманат суретті аңду­мен болдым… Күні бойы оған көз салатын көп ешкім болмайды. Десе де жанарынан жас­тықтың жалыны атқақтаған бір жас жігіт қана әр өткен сайын анадайдан көз қиығын елден жасыра салып өтеді. Ол тек ай ортасына қарай ғана келмейді. Иә бұл суретке көз салатын тағы бір  адам бар, ол  ай  ортасында бір күн ғана келе­тін қайыршы шал. Қолына мүжілген ағаш тая­ғын  алып,  жантаңдай  бір  аяғын  сүйрете  басып, әзер жүреді. Олардан басқа ешкім көз салмайды… Таңнан кешке дейін бұл суретті тек мен ғана  тамашалаймын.

Жыл бойы ойға күдік салатын ешнәрсе таппағасын енді түні бойы суретті күзететін болғам… Ешқандай өзгеріс жоқ…

Ұрланып көз  салатын  жігіттің  артынан    аңдып көрдім. Әрдайым қалың нөпірдің ара­сына  кіріп  адастырып  кетеді.

Сосын бірде қайыршы шалды аңдыдым. Асыға күткен ай ортасы да жетті. Таяғына сүйен­ген шал бізді айналсоқтап ұзақ жүрді. Алыс ешқайда  бармайды  екен.  Тек  қан  базардың  тарап, ертерек  кеш  болуын  күтетін  секілді. Елдің бәрі үйді-үйлеріне қайтты. Мен сол орнымнан тапжылмай әлі отырмын. Анадайда аяғын сүйреткен шал таяғымен жерді қатты-қатты тоқылдатып қояды. Түн ортасы ауған, толықсып толған айдың аппақ сәулесімен қайыр­шының жирен сақалы баяу ғана шағылысады. Жел тұра бастады. Терістіктен қап-қара қою бұлт манағы бар әлемді күндізгідей жарық қылып, тура айға қарай жөңкіліп келеді. Аспанға кекжие бір сәт қарап тұрып қалған шал менің қасыма келіп:

– Қазір жаңбыр жауады үйіңе қайт! – деді сыбыр­ға жақын бәсең дауыспен. Бірақ дауыс қанша бәсең болса да сондай зілді екен.

– Ешнәрсе етпейді… Жаңбырды жақсы көре­мін…  Өзіңіз  қайта беріңіз, – дедім мен жаймен.

Шал таяғын көтеріп маған тағы бір нәрсе айта бергенде найзағай жарқ етіп, жаңбыр сіркірей жөнелді. Найзағайдың құлақ тұндыратын ащы дауысы шалдың сөзін естіртпей кетті. Мен жанымдағы қолшатырымды жайып шалға қара­дым. Лезде қайда кетіп қалғанын кім білсін, шал көрінбейді. Көшенің екі басында да. Маған жақын тұрған ағаштың далдасын да қарадым, жоқ.

Таң атқасын ақырын аяңдап үйге қайттым.

Асықпай демалып ертесі қайта үйреншікті орныма келдім. Неге екенін қайдам бұл айда жас жігіт көзге түспеді… Бір жаққа кетіп қалған шығар деп ойладым. Енді асыға ай ортасын күттім, шал қашан келер екен деп. Ақыры ай ортасына да жеттік. Жан-жағыма алақтап отырғанымды байқаса керек, Ерден ағам:

– Бала, біреуді күтіп отырсың ба? – деп сұрады.

– Иә, аға, тура осы уақытта қайыршы шал келетін еді. Төрт сағатқа кешікті, – дедім мен.

– Қайдағы қайыршы… Мұнда келетін қайыр­шылар көп қой.

– Аманат суретке назар аударатындарды ғана  санамалап  жүрмін  аға.

– Иә, қызық, осы айда аманат суреттің ақысы келмеді маған.

– Осында келетін бір жас жігіт бар еді. Оның келмегеніне де ай болды…

Әңгімеміз енді қыза бастағанда Ерден ағамды біреу шақырып кетті.

Кеш батуға шақ қалғанда қайыршы шал көрінді. Тіптен қаусап қартайып кетіпті… Қос балдаққа сүйеніп әзер келеді. Бізге жақын келіп маған сұқты жанарын қадап тұр екен… Шалдың жасаураған жанарында бір түрлі сыр бар секілді… Реніш пе, мұң ба, шарасыздық па әйтеуір жанарына көз қадап тұра алмай, теріс айналып кеттім.

Сосын орнымнан тұрдым да үйге қайтып кеттім. Үйде ананы-мынаны шұқылып отырып түн ортасы ауып қалғанын байқамай қалыппын. Таза ауа жұтпақ болып сыртқа шықтым. Үйге қайта кіргенге зауқым соқпай аманат суретті көріп қайтпаққа жол тарттым.

Мен көшенің басына жеткенде кемеріне жете толған айдың аппақ сәулесімен аманат сурет­тің қарасы көрінді. Қарсы алдында бір нәрсе жатқандай… Ақырын баспалап жақындап келем… Аманат сурет жақын көше бойындағы қарт еменнің түбіне келгенде барып бір-ақ анық көрінді…  Манағы  қайыршы шал суреттің ал­ды­на жүгініп  отырып  алып, екі  қолын  сурет­ке  созып  егіліп  жылап  отыр.

Бірден жанына бармақ болып ол ойымнан тез айныдым. Соңына дейін күтпек болып шештім. Қайыршы шал мені аңғармады… Таң қараң­ғысына таяғанда ағашқа сүйеніп тұрып көзім ілініп кетіпті… Шаттана сақ-сақ күлген жарқын дауыстан селк етіп оянып кеттім. Аяғын баса алмай жүрген қайыр­шы шал тура суреттегі жас жігітке, бозбалаға айналып кетіпті.

Өз көзіме өзім сенбей қайта-қайта қараймын. Шынымен солай.

Жігіт алшаңдай басып көшенің ана басына қарай кетіп барады. Мен күндегі орныма келіп жайғастым. Сүт пісірім өте Ерден аға жетті артынып-тартынып.

– Пәлі бірінші рет кешікпей келдің бала, – деп тісін ақсита күліп тұр.

– Аға, менің де портретімді салып беріңізші… осында анау портретпен бірге тұрсын… ақшасын төлеп тұрамын… – деп Ерден ағаның алдындағы орындыққа  келіп  жайғастым.

Қойшыбек  МҮБАРАК,

мистик

Сурет  Михаил  Емельяновтың  «Квантум» атты кітабының  мұқабасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: