Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Клубқа барғанда…

22.02.2024, 9:40 77

Лейла «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-тың танымал қаласына оқуға түсті. Елде жүргенде ғылым жолын қуалауды басты мақсаты етіп алған ол шетелге кеткенде ең бірінші жаңа достар тауып, ғылымға қызығушы жастар қатарын құрғысы келді. Солай өз топтастарының  барлығымен  байланысын  арттырды.

Лейла  жаңа  ортадағы адамдардың барлығы жақсы ниетте екеніне сенді. Өйткені, олардың бірге жиналып кешкі ас ішуінің өзі бір-бірін тез танып, жақсы араласып кетуіне де сеп болған еді. Арада бірнеше ай өткен соң, Лейланың таныстары ЛГБТ өкілдері жүретін клубқа баруға ұсыныс айтты. Онда олар «көңіл көтеріп, тек билейміз, өзгелердің өнерін тамашалаймыз» деді. Ал қазақы тәрбиемен өскен қыз ол ұсыныстан бас тартты. Лейла қанша қарсылық білдірсе де, жора-жолдастары оны кешке баруға көндіріп, дресс-кодқа сай киіндіріп те апарды. Лейланың ең бақытсыз да, қорқынышты уақыты  сол  күннен  басталды.

Қып-қызыл ғимарат. Соның жертөлесінде ЛГБТ жастар өз өнерін көрсетіп, көңіл көтеріп жүрді. Оны көруге жүрегі дауаламаған, қорыққан, күнәға қаламын деп уайымдаған Лейла көп отырмай қайтып кетуді ұйғарды. Оны түсінген достары жан-жақтан қаумалап, оның жолын бөгеп, өздерімен ұзақ отыруға кірісті. Солай 2 сағат өтті. Лейла айналасына қарай алар емес. Үлкен ортада барлығы бірге біреу­дің жалаңаш денесін көру оған сондай ауыр әсер қалдырды. Әжетханаға баруға кеткенде, Лейла ол жақ­тан да керемет көрі­ніс байқай қоймады. Ашуға булығып, қайтып кетпекке бекінді. Бірақ есік тұсынан Лейланың достары көріп қалып, оның осы әрекетіне ренжитінін, енді бұлай көңіл көтеруге алып кетпейтінін айтып, оны тағы да райы­нан қайтарды. Сонда да бұл аура Лейланың ашуын ғана қоздырып тұрған жоқ, оны ол жерде болып жатқан дүниелер рухын әлсіретіп, моральды түрде  қинап  тас­тағандай  болды.

Түнгі сағат 2:05. Лейла клубтан шығып, үйге әрең қайтты. Оның үй жағында тұратын ешкім болмаған соң, ол жалғыз және жаяу алға беттеді. Жолда өзіне біреуді тиіседі деген­ді ойламаған ол музыкасын қосып, әлсіреген күйде үйіне беттей берді. Аздап жаураған Лейла тоңғанын сезбеу үшін музыка ырғағына сай билей бастады. Қимыл-қозғалыс адамды жылытып, оның суыққа қарсы реакция білдіруіне жақсы көмектеседі. Сыртынан қарасаң, көшеде жынды адам кетіп бара жатқандай көрінсе де, Лейла  сап-сау күйде  болды.

Кенет ол артынан өзімен бірге бір көлеңкенің ілесіп келе жатқанын байқады. Жанұшыра қорқып, дереу артына қарай салған еді, ешкім жоқ. Лейлада алай-дүлей сезім болды. Өз көзіне сенбей, артынан біреудің еріп келе жатқанын саналы түрде түсініп тұр. Ондай оғаш қылықтар байқайтындай ішімдік те ішпеген. Тек темекінің иісі оның басын ауыртып тас­тады. Бірақ ол Лейланың соншалықты елес көруіне себеп болмайтын шығар? Артында келе жатқан бір тылсым дүние Лейланы үрейлендірсе де, ол өзін барынша салмақты ұстады. Өзін батыл сезінуге тура келді. Елде жүргенде жаттаған бір-екі сүресін қайталап көрді. Бірақ тілінің күрмеліп, дұрыс айта алмай тұрғанынан одан сайын қорықты. Тілін кәлимаға келті­рейін  десе, айта  алмай  жылап  жіберді.

Лейла өз-өзінен қорқа бастады. Осы жағ­дайдан соң, үш күн сабаққа бармады. Достары Лейланы үйіне іздеп келегенде, үш күннен бері нәр татпаған Лейла бірден азып кеткен. Тіпті бір жұтым су ішпеген ол қалай оған шыдап жатыр? Өзінде болып жатқан жағдайға түк түсінбестен, бәрін де қайтарып, жалғыз қалуға асықты. Солай достарының әкелген жеміс-жиде­гін жеместен, қоқысқа тастай салды. Айнаға қараса, көзінің асты қарайып кетіпті. Алдында өзінің тірі өлігін көріп тұрғандай күй кешті. Тәбеті жоқ. Ұйқыдан тұрса да, оған сол кезде қайтадан ұйықтай салу үйреншікті көрінді. Уақыт өте берді. Бірақ Лейладағы бұл құбылыс күннен-күнге қорқынышты бола бастады. Оны өзі де сезіп тұр. Мұның  барлығы неден  болып  жатқанын  түсінбеді.

Тағы екі күн өтті. Түнде аштан бұратылуға шақ қалған Лейла өзі тастай салған жемістерді қоқыс­тан қайта шығарып, жей бастады. Аздап бұзы­лайын деген жемістен соң, іші бүріп ауырды. Солай өз асқаза­нын құртып алғанын түсініп, шипа болсын деген ниетпен сүресін тағы қайталап көре­йін деді. Ол да болмады. Аузына Құранның сөздері мүлде түспеді. Бір нәрсенің дұрыс еместігі Лейланың үрейін арттыра берді. Үйде де біртүрлі оқиғалар бола бастады. Мәселен, краннан су өзінен-өзі сырылдап аға жөнеледі, одан қалды ілініп тұрған суреттер жерге түсіп жатыр. Ал ең сорақысы – ашылып тұрған кітап­тары  көз  алдында  жабылып қалып жатты. Мұның барлығы Лейланың ішіне жын кіргенін түсіндірді. Айнаға қараудан қорыққан ол сыртқа шығып, дос­тарынан көмек сұрағысы келді. Оған көмектесе алатын кім бар? Діни көзқарасы мүлде сәйкес келмейтін ұлтта намаз оқитын адамды табу әсте қиын. Оған барып өз мұңын айта ала ма ол? Барлығын ата-анасына айтып беруді ұйғарды. Лейла сол күні кешке анасына қоңырау шалып, өзін жайсыз сезініп жүргенін, оны әрдайым біреу аңдып тұрғандай болатынын айтқанда, анасы телефонның арғы жағынан Құран аяттарын оқыды. Оны тыңдағысы келмеген Лейла дереу тұтқаны тас­тап  жіберді.  Тағы  да  түсініксіз  құбылыстар…

Бар көңіл көншітетін нәрсе – Лейла өзін әлі де танып тұр. Жынданып кетуіне шақ қалып тұрса да, барлығын ақылмен шешуді ойлайды. Оның шетелге жындануға емес, ғылым іздеуге келгені қазіргі жағдайынан жиіркендіреді. Бірақ адам өз-өзіне жаны ашымаса, оған кім психологиялық көмек береді? Бәленің барлығы 1 апта бұрын ЛГБТ өкілдерінің кешінде басталды. Демек, жын да сол кезде кірді. Лейла­ның бар түсініп тұрғаны – осы. Ол  ондай  жерге  бармағанда барлығы басқаша болушы ма  еді…

Сол оқиғаның болғанына 4 жыл өтті.  Лейла қазір елде. Өз отбасының жанында. Бірақ оның бойын­дағы жын әлі шықпаған. Себебі ол ЛГБТ өкілдері  қатысатын клубқа баруға асығып тұрады. Ойы да, ортасы да өзгерген. Уайымдамауға бір ғана себеп бар. Ол ата-ана­сының жанында. Ал өзінде болып жатқан тылсым дүниелер АҚШ-та басталды. Лейланың бір ғана клубқа баруы оны осы жағдайға түсірді. Ал апта са­йын клубқа баратын Лейланың достары қандай  жағдайда  жүргенін  ұғынып  көріңіз…

К.ҚҰРМЕТ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: