Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Болашағымыз бұлыңғыр болмасын десек…

21.09.2023, 10:40 236

Жуырда  газетімізде несие алу мерзімін ұзарту туралы заң жобасының талқыланып жатқаны туралы мақала жазған болатынбыз. Онда бұл дүниенің соңы тұрғындардың қарыз алмай, несие рәсімдеуді азайтады деген ойдан туындаған ұсыныс екенін де атап өттік. Жалпы, қарыз алмай өмір сүру деген қарызсыз жүру дегенді білдірмейді. Тек  қарыздарының санын көбейтпеу дегенді білдіреді.  Еліміздегі  Ұлттық  банктің дерегінше,  қазақстандықтардың  банктер  алдында  12 трлн  теңгеге жуық қарызы бар. Мұның ішінде микроқаржы ұйымдарының да үлесі басым. Шағын  несие  ұйымынан  қарыз  алу – жастар  арасында «трендтегі» тірлік. Қалтасында тиын болмаса, санасы  сонда  тартатындардың қатары күн санап артып келеді. Оған басты себеп – микронесие беру мүмкіндігінің тиімділігінде. Тек жеке куәлікті терминалдың сканерінен өткізсеңіз болды, 20-30 мың  теңге – сіздікі.  Тіпті  табысыңызды  өтірік  етіп  жазсаңыз  да,  ешкім  тексеріп жатқан  жоқ. Мұны біліп алған студенттердің барлығы жеңіл жолмен келетін қаражат іздеп, терминалдарды торуылдайды. Енді жастардың қарызға кіруі қып-қызыл мәселе емей немене? Ұрпақ  қайда  бет  алып  барады?  Қарызға  өмір  сүру  салтқа айналып  бара  жатқан  секілді.

Әлеуметтік желіні аша қалсаң, «несиеңіз бар ма?» деген са­уал аясын­да түрлі эксперименттер жа­рияланған. Оның ішінде кино, эстрада жұлдыздары да «Несиесі жоқ қазақ болуы мүмкін бе? Әрине, кредит бар» деп жауап беріпті. Несиені дәстүрлі дүние санайтындардың көбейгені, қарызды қалыпты іске балайтындардың артқаны көңілді көншітпеді. Мұны көрген ұрпақ қалай қарыздан бас тартады? Яғни, жастарға осы жолды өзіміз қол нұсқап  көрсетіп жатқандаймыз.

Негізінен, айналамызда ай сайын табысын заемға құртатын құрбы-дос жетерлік. Әңгімеге тұздық болу үшін біреуін сөзге тартып, қарызға қалай кіргенін, қандай қажеттілік болғанын  сұрадық.

– Ата-анам қолыма 100 мың теңге беріп оқуға жіберген. Өзім мемлекеттік грантта білім алдым. Бірақ 1-курс­тың  соңында сабақтан қиындықтар болып, шәкіртақыдан қағылдым. Жаз бойы қалада жұмыс істеймін деп жүріп бір ай бойы өзіме сай келетін тірлік  қарастырып  көрдім. Түрлі  жұмысқа ұсыныс алдым. Бірақ, жаныма жақыны – кассалық қыз­мет болған соң, дүкенге жұмысқа орналас­тым. Сол жұмыс іздеген бір ай уақытта 30 мың теңге шағын несие алғанмын. Жұмысқа кіргенде төлеп тастаймын деп жүрдім. Солай төлем күні жақындады. Бастығым аванс бермеді. Амал жоқ, кассадағы бір күндік табысты білдірмей пайдаланатын болдым. Несиемді жаптым деп қуанып жатқанымда, дүкеннің егесі кассаның ақшасын сұрады. Не істерімді білмедім. Солай бар шындығымды  айттым. Ол жерден қатты ұрыс естідім. Сосын бастығым ақшаны орнына қоюым­ды талап етті де, жұмыстан босатылғанымды айтты. Амал жоқ, қарызымды  қарызбен жамауым керек болған соң, заем алуға бардым. Төлеген 37 мың теңгені  50 мың қылып алдым да, дүкеннің  егесіне кассаның ақшасын қайтарып, қалған ақшаны өзіме жараттым. Осылай жүргенде  қарыз­дан қарызға кіріп, бүгінде айына 150 мың  теңгені осы қарыздарыма құямын. Бұнымен алысып келе жатқаныма 3 жыл болыпты. Өз замандастарыма  қарыз алмай,  ақшаны ата-анасынан сұрауына, олардан ештеңені жасырмай айтуына  кеңес беремін. Мен де басында  сөйткенімде  мұндай  болмас па  еді, – деді  Алуа.

Студенттің мұнша көп қарызға кіруіне бірінен кейін бірі алынған микронесиелер  себеп. Олардың  жалпы құны миллион теңгеден асады. Кейіпкеріміз есімін жасыруды өтінген соң, жарияламадық.  Қарыз алу жайы мен микронесие беру тәртібі жайлы тақырыптарды бұған дейін біраз қаузадық. Сондықтан, бұл тірліктің басы мен аяғы турасында жақсы білеміз. Тек қоғамды қарызсыз өмір сүруге үйрету керек. Әсіресе, жұмыссыз жастар мен аз шәкіртақы  алатын  студенттерге.

Шетелде микронесие немесе басқа да ұйымдардан қарыз алу үшін алдымен  бірнеше күндік рұқсат­наманы  күтесіз. Сосын жалған дерек енгізіп, қалтаңызды қалыңдатуға жол жоқ. Бірнеше күндік тексеріс барысы сіздің барлық дерегіңізді тексеріп шығады. Соңында «несие берілмейді» деген хат келсе, таңғалмау керек. Өйткені, толық, тексерілген ақпарат сізге нақты несиенің берілуін немесе берілмеу керектігін дөп шешіп береді. Бізге де осындай тәжірибе қажет  секілді. Тек  нормамен.

Қарызды қарызбен жабу, әлсін-­әлсін қарыз алу – нағыз психология­лық дерт. Психологтер осылай дабыл  қағып  отыр.

– Еңбекпен, термен келмеген табыс ешқандай пайда бермейді. Мұның соңы оның тәуелді болуына, қарызды қарызбен жабуына тіреп тастайды. Сол үшін ата-ана баласының деректерін түрлі сайттар арқылы тексеріп отыру керек. Егер қарыз алып, микронесие рәсімдегенін көрсе, бірден онымен сөйлесу керек, болмай жатса, психологпен де кеңескен артық етпейді. Бұл – қазірде үлкен дерт. Қоғамның болашағы деп сенген жастарды дұрыс жолға салу – міндетіміз, – деді психолог  Ж.Абдрахман.

Бізде екі қорқыныш бар. Бірі лудом­ания болса, екіншісі – қарыз­ға өмір сүру. Екі түрлі уайым жастар арасында тым көп таралып кетті. Азаматтық институттарының жұмы­сының баяу, әлсіз екенін осыдан көреміз. Болашағымыз бұлыңғыр болмасын  десек, бізге жаңа тәсіл мен  тәжірибелер  керек.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: