Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өлімнің бетіне тіке қараған биші

10.06.2023, 9:00 188

HALYQLINE.KZ

Мата Хари (1876-1917), шын есімі Маргарета Гетруда Зелле ХХ ғасырдағы Европа елдерінде шығыстың жартылай жалаңаш экзотикалық билерін орындаумен атағы шыққан атақты биші болды. Оның бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан елдер арасында емін-еркін гострольдік сапармен жүргеніне қызыққан неміс барлау орындары қызығып, Германия империясы үшін жалдамалы тыңшы қылып алды, яғни ақшаға қызыққан биші ол кезде ажалы осы шпионаждан болатынын білген жоқ.

1917 жылдың 13 ақпанында француздардың қарсы барлау органы (контрразведка) оны Парижде тұтқынға алды. Тергеу барысында жоғары шенді француз офицерлермен төсектес болу арқылы алған мәліметі бойынша бірнеше француз дивизиясының жеңілуіне әкеп соқтырғаны белгілі болды. Француз үкіметі биші әрі тыңшыны мыңдаған француз солдатының қаза табуына кінәлі деп тауып, әскери сот Мата Хариді ату жазасына үкім шығарды. 1917 жылдың 15 қазанында таңертемен күзетшілер келіп, үкімнің бүгін орындалатынын айтқанда селт еткен жоқ, тек таңғы асты бермей қалай атылатынын айтқанда, дереу таңғы ас берілді. Жол үстінде: «Менің соңғы фото сессиямның түсірілуін талап етемін» дегенде, оған газет тілшілері мен фото репортерлер күтіп тұрғаны айтылды. Автозек келіп тоқтағанда ату үкімін қадағалайтын үкімет комиссиясы мен фото репортерлер асыға күтіп тұр екен. Ату жазасы Парижге жақын жердегі Вансен әскери полигонында болды. Осы соңғы сәтті көзімен көргендердің айтуынша, биші биік өкшелі туфли мен соңғы үлгідегі әйелдер қалпағы мен қымбат сырт киіммен болыпты. Ату үшін байланатын бағана қасына келгенде, сыртқы киімін бақылаушы әйелге шешіп беріп, шіркеуден келген монахия әйелді құшақтап, соңғы рәсімін иманын үйіруден бас тартатынын айтты. Бағанаға байлау үшін алдымен көзін қара матамен байлайын деп жатқанда, қатты дауыспен ату процесіне басшылық жасайтын адамды шақырып: «Сізден сұрайтыным, менің көзімді қара матмен байламай-ақ қойсын, өлімді ашық жүзбен қарсы алғым келеді» дегенде, «Олай етуге рұқсат бере алмаймын, ол уставқа қарсы, оны өзгерту менің құзыретіме кірмейді, қолымнан келетіні бағанаға қолыңызды керіп байламай, тек символикалық түрде жіпті бос байлатайын. Тағы қандай өтінішіңіз бар?» дейді. «Бір бокал шарап ішкім келеді!» депті. Ату комиссиясының мүшелері өздеріне алып шыққан қымбат «Бордо» шарабын бокал болмағасын кружкаға құйып бергізеді. Шарап толы кружканы екі қолымен ұстап асықпай ішіп алады (фотосын қараңыз). Дайын тұрған 12 солдатқа сержант атуға бұйрық берем дегенше, Мата Хари қолын ерніне тигізіп, солдаттарға «воздушный поцелуй» белгісін жасап үлгерді. «Атыңдар!» деген бұйрық беру бойынша 11 солдат атып жіберді, тек бір солдат бәрін көріп тұрғасын, ату орнына есінен айырылып құлап түсті. Сержант қолындағы револьвермен соңғы рет бишінің желкесінен атып жібергенде, жұлыны үзілген бас кеудесіне салбырап кетті. Туысқандарынан денесін алып кетуге ешкім келмегесін, басы бальзамдалып, Париж анатомия мұражайына қойылды. 2000 жылы бас сүйегі жоқ болып кеткені анықталды, іздеу салғанмен табылмағасын, 1954 жылы мұражай жаңа ғимаратқа көшу кезінде жоғалды деген құжат жасалынды.

Мата Хари өмір сүруге құштар болды, сондықтан қолынан бар келгені соңғы таңғы асын, соңғы шарабын ішіп, өмірін бар болғаны бір сағатқа ғана ұзарта алды, бірақ өзінің тыңшылық әрекетінен жазықсыз мыңдаған француз солдатының қаза тапқанын біліп, соңғы сәтінде өзіне-өзі келіп, өлімнің бетіне тіке қарады. Мата Харидың бишілік пен тыңшылық өмірі әлем кинорежиссерлерін үнемі қызықтырып келеді, алғашқы дыбыссыз (сақау) кино 1920 жылы түсірілсе, соңғы кино 2020 жылы түсірілді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: