Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түйетікеннен дәрі әзірленеді

22.09.2021, 10:30 388

HALYQLINE.KZ

Өмір адамнан бар байлығын тартып алуы мүмкін, бірақ бойындағы білім мен ғылымды ешкім тартып ала алмайды. Ол – шексіз байлық. Өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі де бірегейі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Еуропалық Одақ грантын жеңіп алды. Нидерланды, Беларусь, Дания, Украина, Португалия ғалымдарымен бірлесіп әзірлеушілер тобына кірді.  Енді Альцгеймер, Паркинсон ауруларының асқынуын тежейтін препарат жасалады. Оны дайындау үшін түйетікен пайдаланылмақ.

Дәрілік өсімдік – түйетікенге зерттеу жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің грантын алдық. Содан кейін біз оның құнды қасиеттерін анықтадық. Осылайша біз ашқан жаңалығымызды Португалияда таныстырдық. Жобаны орындау кезінде флавоноидтардың суда еритін формаларын аламыз да, оларды көміртекті наноматериалдармен модификациялаймыз. Оған шетелдік ғалымдар жедел тест өткізіп, препараттың аталмыш ауруларға қарсы әсері болатындығын айқындады. Түйетікеннен алынған белсенді заттар адам денсаулығына зиянсыз екендігі де анықталды,- деді ҚМУ-дың зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов.

Оның айтуынша, әзірленетін препарат Альцгеймер мен Паркинсон ауруларын түбегейлі жазып жібермегенмен, енді ғана белгілері басталып жатқанда қолданса, ауруды дер кезінде тежеуге, яғни тоқтатуға қабілетті болады.

Қызылордалық ғалымдар шетелдік әріптестермен бірге байқауға қатысу үшін өтініш беріп, Horizon-2020 бағдарламасы бойынша Еуропалық Одақтың грантын жеңіп алып отыр. Енді 5 адамнан құралған ғылыми топ клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерді қолға алмақ. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары осыған дейін де күріш қауызынан көмір өндіруді қолға алған болатын. Бұл бір жағынан экологиялық таза өнім болып шығады.

Мұндай ғылыми жобаларға университет студенттері де қатысып, атсалысып отырады. Студенттердің белсенділігі, зертханада жұмыс істеуге деген қызығушылығы мені қатты қуантады. Алдағы уақытта олар да көптеген жобаларымен көрінетін болады және мен олардың болашағына сенемін,- деді Нұрбол Аппазов.

«Түстік өмірің болса, кештік білім жи» деген. Ғылым мен білімнің биігінде жүріп және өз білгенін өкшесін қуып келе жатқан «жас мамандарға білгенімді үйретуден жалыққан емеспін» дейді. Зерттеуші-профессор болашақта елге пайдалы, маңызы зор ғылыми жобаларды таныстыратындығын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: