Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тамақтың сапасына алаңдайсыз ба?

20.09.2023, 17:00 317

HALYQLINE.KZ

Қазір үйімізде дастарқан басында отырып: «Қазір сары май, нан, бал сияқты тамақ түрлері ғана 100 пайыз сапалы» дегенді айтамыз. Расында да дүкеннен, базардан сатып алып жүрген ет, сүт, қаймақ, ірімшік табиғи емес. Ал табиғи емес тамақтың нәрі, құнары жоқ. Сол себептен біз оларды қанша көп жесек те, қажетті компоненттерді алмаймыз.

Астанада бүгін басталған халықаралық конференцияда төрт күн бойы әлемнің әр қиырынан келген 40-тан астам жетекші ғалымдар, саясаткерлер, азық-түлік сапасы бойынша сарапшылар, бизнес көшбасшылары, Ресей және Қазақстан ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, елшілер, жоғары оқу орындарының ректорлары, ауыл шаруашылығы мамандары әр адам үшін маңызды осы тақырыпты ашық талқылауда.

«Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі» деп аталатын халықаралық жиынды С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті (ҚАТЗУ), П.Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті (РХДУ) және В.Горбатов атындағы РҒА-ның азық-түлік жүйелері федералды ғылыми орталығымен бірлесіп ұйымдастырған. Конференцияның әртүрлі сессиясында сарапшылар азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі мәселелері бойынша зерттеулер мен әлеуметтік сауалнамалар нәтижелерімен бөліседі. Жиын жаһандық азық-түлік мәселелері бойынша терең диалог жүргізуге және дәйекті шешімдер табуға тамаша мүмкіндік туғызатыны анық.

«Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі деген ұғымның маңызы аса зор. Өйткені, күнделікті өзіміз тұтынатын тамақ өнімдері бір сәттік ғана нәрсе емес. Олар ұзақ сақталмайды әрі тірі организм. Қазір біз жаһандану ғасырында өмір сүреміз. Азық-түлік өнімдері бір елден екінші бір елге көп тасымалданады. Олардың табиғи қалпын сақтап, бүлдірмей қалай жеткіземіз? Бұл – өзекті мәселе. Сондай-ақ, тамақпен бірге түрлі аурулар да таралады. Олардың жолына тосқауыл қоямыз десек, бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ іс-әрекет жасауға тиіспіз. Астанадағы жиында осындай күрделі, түйткілді мәселелерді ашық талқылап, әркімнің ой-пікірін тыңдап, соңынан белгілі бір ортақ келісімдерге келеміз» деді П.Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті (РХДУ) агробиотехнологиялық департаментінің директоры, профессор Елена Макина.

«Аштық мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейді. Керісінше, бұл тақырып күн сайын маңызды, өзекті бола түседі. Өйткені, қазір тамақтардың санына емес, сапасына да назар аударуымыз керек. Біз күнде жейтін, ішетін тамағымызда қажетті компоненттер: майлар, белоктар, дәрумендер, микро және макроэлементтер көп болуы тиіс. Қазіргі бір мәселе – біз көп тамақ ішеміз, бірақ асымыз тойымсыз, құнарсыз. Неге бұлай? Жаһандану заманы бізге көп мәселені күрделендіре түсті. Тамақ түрлері арқылы әртүрлі қауіпті аурулар да тарала бастады. Әсіресе, індет кезінде шетелден келген тауарлардан ауру таралды. Бұған қалай тосқауыл қоямыз деген сауал барлық жер бетіндегі адамдарды алаңдатып отыр. Астанадағы конференцияда осы мәселелерді бірігіп талқылап, ғалымдар мен сарапшылардың ортақ ұстанымы мен шешімдерін жариялаймыз» деп түсіндірді жиынның маңызын Ресейдегі В.Горбатов атындағы РҒА-ның азық-түлік жүйелері федералды ғылыми орталығының директоры Оксана Кузнецова.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: