Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Айтшы, Алексей, карантинде шек бар ма?

28.10.2021, 11:30 172

Болжамдарға бой үйреніп қалды. Еліміздің бас дәрігері бұ жолғы болжамын алдағы үш айға айтып берді. Болжамның үш сценарийі бар. А.Цойдың айтуынша, пессимистік сценарий кезінде қарашада орташа тәуліктік  тіркелетін жағдай саны 1800-ге  дейін, ал желтоқсанда 2350-ге дейін жетеді. Нақты сценарийге сәйкес, қарашада – 1650, желтоқсанда 1600 жағдай тіркелуі ықтимал. Ал оптимистік сценарий кезінде коронавирус жұқтыру жағдайы қараша айында тәулігіне 1 500, ал желтоқсанда  1 100 болуы мүмкін. Эпидахуалдың өзіне сценарий құрып жұмыс істейтін дәрежедеміз. Бұл да мемлекет үшін әжептеуір жоспар, жұмыс болып тұрғанға ұқсайды. Соған қарағанда, сағызша созылған карантиндік шаралардың алдағы бір-екі жылда біте қоятын түрі жоқ-ау?!

Қорғанарға маска киіп, қол жуып, антисептик сеуіп, барынша бапта жүрсе де коронавирус оған қарап жатқан жоқ. Шалғайдан шап ете қалса, ләм-мим деу­ге ешкімнің де шамасы келмей қалады. Осылайша аурудың құрығына дүниежүзі бойынша күніне 300 мыңнан аса адам ілігіп жатыр. Жалпы, пандемия басталғаннан бері дүниежүзінде 244 млн адам коро­навируспен ауырып, одан 5 миллионға жуық адам көз жұмған. Қазіргі уақытта Польша, Венгрия, Грузия, Әзербайжанда ауру  өсімі  100 пайыздан  асып  жығылады. Ал   біздің   елде  пандемияның  та­ралуы  теже­ліп, соңғы 14 күннің ішінде 11 па­йыз­ға төмендеген. Жалпы, Қазақстанда соңғы екі айда коронавируспен ауырғандар 4,5 есеге, ал өлім-жітім 4,8 есеге төмендеген. ҚР Денсаулық сақтау министрі шетелден келетін қауіп жоқ, әзірге бәрі бақылауда деп, шекараның шегендеулі екенін Үкімет  отырысында  тілге  тиек  етті.

– Шындығында шекаралас көрші елдердегі ахуалға мониторинг жасап отырмыз. Өздеріңіз де білетіндей, мемлекеттік шека­радағы бақылауды әлсіреткен жоқпыз. Бізде 30 күнде бір рет өту мүмкіндігіне, міндетті түрде ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі болуына қатысты талап болды. Бұл талаптар ұшақпен қатынайтындарға да сақталады. Мұндай талапты еліміздің азаматтары да, шетелдіктер де шекаралық өткелдерден өткенде немесе әуежайда міндетті түрде орындайды. Біз талапты өзгерткен жоқпыз. Тек Қазақстан ішінде ғана бірқатар іс-шараны жеңілдеттік. Ең бастысы, Ashyq жүйесі элементін пайдаланымыз және бизнестің жұмыс уақытын аталған бағдарлама аясында ғана кеңейтеміз. Сондықтан ахуал мониторингіленіп отырады. Егер де көші-қон ағынының артқанын байқайтын болсақ, онда қосымша  іс-шаралар  қолданамыз, – деді  ол.

Бүгінде елімізде 50548 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Олардың ішінде 8860 пациент стационарда, 41688 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. КВИ-ге шалдыққандардың арасында 612 адамның жағдайы ауыр, 157 пациенттің жағдайы өте ауыр және 102 науқас жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппар­атында жатыр екен. 2020 жылдан бері коронавирус инфекциясымен Қызылорда облысында 18628 нау­қас тіркеліп, оның 17848-і емделіп шыққан. Көз жұмып жатқандар саны да аз емес. Мысалы, өткен аптада Қазақ­стан аумағында 24 адам коронавирустан, тағы 10 сырқат пневмониядан  қайтқан.

Жалпы көрсеткіштің төмендеп, эпидахуалдың салыс­тырмалы түрде тұрақтала бастауына байланысты елімізде уақытша ашылған 103 инфекциялық нысан жабылған. Бұны бас дәрігер А.Цойдың өзі растап отыр.

– 1 тамыздан бастап Қазақстанда инфекциялық төсек-орын жүктемесінің 56-дан 37 пайызға, реанима­циялық төсек-орын жүктемесі 45-тен 30 пайызға төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар. Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақ­тануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмысы жалғасып жатыр. Осы жылдың 25 тамызы мен 18 қазаны аралығында барлық өңірде 103 нысан жабылды, – деді  А.Цой.

Қоғамдық резонанс тудырған вакцина егу науқанында бұрынғыдай қарқын болмай қалған. Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ахуалды оңтайландырудың бірден-бір жолы вакцина салу екендігін айтып, оны қолға алуды орынбасары Ералы Тоғжановқа жүктеді. Қазір Қызылорда облысында бірінші компонентті – 341783, екінші компонентті 272287 адам алған.

Цой сценарийі бойынша алдағы ахуалдан хабардар болдық. Қанша адамның ауру құрығына ілініп, қанша адам болжаммен бетпе-бет келетіні белгілі болып тұр. Ақжағалылардың көріпкелдік қасиеттеріне сенбеске болмайды. Өйткені осыған дейінгі болжамдар да дөп келген. Сауал көп, жауап жоқ. Бірақ, «болжағыш» билік эпидахуалдың нүктесін қай жылға қоярын білмей отыр-ау. Оны да болжап болған соң, айта жатар?!

Ә.АЛДАБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: