Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлаудағы «сергелдең»…

20.10.2020, 13:50 566

HALYQLINE.KZ

Әзіл-шыны  аралас

Қандай қоғамда да сайлаудың орны ерекше екені белгілі. Мәселен, Совет өкіметі тұсында сайлауға қатысу нағыз мереке болатын. Түн түріле ұйқыңнан тұрып, сайлау үйіне ұмтыласың. Сен ерте бардым деп ойлайсың… Алайда сенің де алдыңды орап кететіндер бар. Сәнді безендіріліп, жалынды ұран сөздер жазылған сайлау үйіндегі ағаш кабинада өзің қалаған (нақтысы, алдын ала аты-жөні түсіндірілген) депутаттыққа кандидаттың фамилиясын белгіліп, қызыл түсті матамен қапталған жәшікке саласың. Ауыл маңындағы шопандарға, ауру-сырқау, қарт адамдарға арнайы бөлінген комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін апарады. Ол кезде дауыс бермей қалу, сайлау тәртібінің бұзылуы… үлкен мәселе. Тіпті, ондай оқиға кездесе де бермейді.

Дауыс берген соң достарыңмен бас қосып, айтулы күнді атап өтесің… Ол кезде кез келген басқосу ішімдіксіз өтпейді. Ауылдағы жалғыз дүкеннің ашылуын күтесің… Достарыңмен бірге «собраз» жасап (сол шақтағы ең дефицит сөз… мәнісін менің замандастарым жақсы түсінеді), бірнеше шиша вино аласың. Пакет деген ұғым әлі қолданысқа кірмегендіктен қойын-қонышыңа сықита салып, орталықтағы мектептің бағына (кейін бір жауапсыздардың салғырттығынан азып-тозып, құрып кетті) кіресің. О, қандай керемет бақ еді..! Жапырағының арасынан күн сәулесі зорға көрінеді.

Сайлауға дауыс бергенді атап өтіп жатқан біз ғана екен деп ойлап қалмаңыз. Әр жерде жыл-жылымен, біздің бозбала шағымызда «крайымен» (көше термині) отырған шоғыр жиі кездеседі. Мұның соңы бірде қызылшеке болып, жаға жыртысуға (шеке ісіп, көз көгергенімен, аса қаттыға кетпейді) ұласса, кейде ұлан-асыр тоймен аяқталады. Қалай дейсіз бе?! Менің екі досым… екі сайлау өткен күні… дәл осындай отырыстан соң… екі қызды алып қашты… Соңы немен аяқталды дегіңіз келген шығар?! Не болсын, бүгінгі сәтте келін түсіріп, немере сүйіп отыр… Бір қызығы, қазір әже атанған сол баяғы қос қыз «Сайлау болады» десе, әлі күнге елеңдеп, мазасыздана бастайды екен…

Бірде «Сайлау өтеді» деген хабармен шаруашылық ауласына (хоз дворға) совхоз директоры келіп, жиналыс жасап, маған маңызды саяси шараға адамдарымның түгел қатысуын қадап тапсырды. Сайлауда әрқайсысымыз өзіміз тұратын көшені қамтитын учаскеде таңдауымызды жасадық. Дауыс беруін, бердік… Бірақ.. .осы сайлау көпке дейін жадымызда жатталып қалды…

Сайлау өткен күннің ертеңіне шаруашылық ауласында кешегі сайлауды өзімізше талқылап тұрғанбыз. Кенет… Самат ағамыз «дауыс беру парағындағы кандидаттардың бәрінің фамилиясын байқамай сызып тастағанын айтып, соңы не болады?» деген алаңдаушылығын білдірді. Сол-ақ екен Жандос досым «бұл сайлау ережесін өрескел бұзу саналатынын, органның адамдары осы адамды іздеп түнімен көше аралағанын, қауіпті қылмыскерді іздеу шарасы әлі де тоқтамағанын, егер анықталса өзі ғана емес, жұмыстастарына да қатер төнетінін» жыламсырап жеткізді… Саматтың беті түсі оңған шүберектей аппақ болып кетті… Осы кезде… әлдеқайдан шыға келген (бәлкім, санитарлық қызметтің, немесе дауыс беру қорытындысы жазылған бюллетеньге келген болсын…) тікұшақ дүрілдеп тура төбемізден айналып, ұшып өтсін… «Құланның қасынуына, шүріппенің басылуы»… Саматтың зәре-құты қалмады. Орнынан бір құлап тұрды. Маған қарап, қалтыраған дауыспен өзінің қатты ауырып тұрғанын айтып, бір күнге жұмыстан босатуымды өтінді. Күлкімді зорға тежеп тұрған мен үнсіз басымды изедім. Самат ор қоянша орғып, үйіне қарай безе жөнелді… Жайшылықта баяу қозғалатын Сәкең әлсін-әлі аспанға қарап қойып, құстай ұшсын… Ол ауладан шығысымен өздерін әупіріммен ұстап тұрған жанымдағы адамдар ішек-сілесі қата күлді..

Осы оқиға Жандос досыма жақсы болды. Саматты анау-мынау шаруаға жұмсайды. Кейде Сәкең өзінің жасы үлкендігін алға тартып, кейістік білдіреді… Ондайда Жандос «Сәке, сайлау…» деп сөзінің соңын жұтып күмілжиді. Самат болса тағы да құстай ұшады… Қайран, ақкөңіл дала баласы!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: