Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бесікті неге нағашылары алып келеді?

17.06.2023, 12:25 501

HALYQLINE.KZ Дүние есігін ашқан сәби осы әулеттің ұрпағы емес пе? Неге оның алтын ұясын, киелі мекенін дайындау нағашыларына жүктеледі?

Сәби дүниеге келгенде жарияға жар салып сүйінші сұраймыз, 40 күн өткен соң бесік той жасаймыз деп тағы шабыламыз. Бірақ бесік тойдағы шығынның бәрін нағашы жұрты көтереді.

Бесікті жабуымен, төсегімен, шашуымен, «тыштымасымен» нағашы әже әкеледі. Одан бөлек, велосипед, әткеншек, бесікарбасы тағы бар. Екінші бір сөмкеде сәбидің 7 жасқа келгенше киетін киімі болса, үшінші сөмкеде құда-құдағиларға арналған сый-сияпат болады. Әрине, соңғылары кейін қосылған үрдіс.Ал ұрпағының саны өсіп, немерелерінің қатары бір адамға толыққан ата-әже ас та төк дастархан жайып, ел-жұртты, ағайын-туманы, құда-жекжатты тойға шақырады.

Сосын әлі буыны қатпаған сәбиге салтанатты киім кигізеді де, қолдан-қолға өткізіп, бесікке салу рәсімін бастайды. Бесік тойда жасалатын әрбір ырым мен салтты өзі тарқатып жазсаң бір-бір тақырып.

Жалпы, бесікке салу дәстүрін осылай жасау дұрыс па? Асылында «бесік» деген ұғым қайдан шыққан? Бесіктің балаға пайдасы мен зиянды қандай? Осы және басқа да мәліметтерді дәстүр жайындағы кітаптар мен ғаламтордан іздеп көрген едік. Бесікті кім дайындауы тиіс?

Бесік – киелі мүлік. Бесікпен сенің ұрпағың, әулетің өседі. Біздің қазақта бесік әкелу деген салт бар. Сәбилі болып жатқан қызының нәрестесіне бесік әкелу – қыз төркінінің, жас ананың анасының яғни нағашы әжесінің парызы.

Қазірдің өзінде бесік әкеліп жатқан, тіпті болмағанда баланың арнайы төсегі (манеж), арбасы, үстелі дегендей, балаға қажет жабдықты әкеліп жатқан аналар баршылық. Бұл – бір жағынан, құда-жекжат арасындағы үлкен сыйластық.

«Бие құлындамаса, ат болады, ағайын-туыс алысып-беріспесе, жат болады» дегендей, бұл – екі жаққа дәнекер ғана. Әйтпесе ешкім алғаннан – бай, бергеннен – кедей болмайды. Бесік әкелу құда-құдағи арасындағы көңіл сыйлау болса, екіншіден, жас босанған келіннің көңілі көтеріліп, сағынышы басылады әрі енесіне айта алмағанын анасымен бөліседі, көңілі өседі.

Бесік әкелудің өзі керемет бір сән-салтанат десек те болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: