Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаруды қаламға алмастырған

21.02.2024, 15:20 222

HALYQLINE.KZ

Өмір – Алланың адамға ғаламда бір-ақ рет берілетін қымбат сыйы, жарық сәулесі әрі сынағы. Бұл өмірде адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстап, төзімділік, табандылық таныту керек дейтін көнекөз қариялар. Өмір ағыны асау өзен сияқты жойқын, күшті толқындарға қарсы тұра алмасаң жағаға шығарып тастайды, қарсы жүзуге мүмкіндік бермейді. Кейде жұмсақ, кейде қатал болып өмірде кездесетін қиыншылықтарды, кедергілерді Адам баласы ақыл-оймен, сабырмен жеңіп, өмірдің әрбір сәтін мәнді де, сәнді өткізе білуі керек.  

Бүгінгі мақалама арқау болған Қазыбек Әшірбекұлы ағамыз сонау 1946 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданына, бүгінде Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек ауылында дүниеге келген. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тапқан-таянғанын бәрі соғыс үшін, жеңіс үшін жұмсап, мемлекеттің күйзеліп, ел жағдайының күрт нашарлап кеткен кезі еді. Соғыстан кейінгі жылдар ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр еді. Жұмыс күшінің жетіспеушілігі, ауыл шаруашылық техниканың көп бөлігінің соғыс жылдарында істен шығуы, жер өңдеу нашар дамыған кез еді. Қазыбек аға осындай аса қиын кезде дүниеге келіп, ауыр кезді бастан кешірді. Кейін сол ауылдағы №39 «Қызылөзек» орта мектебін аяқтағаннан кейін 1965-1968 жылдар аралығында азаматтық әскери борышын Түркіменстанның Мары қаласында өтеп елге оралды. 1968 жылы Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының шаруашылық бөліміне жүргізуші-қызметкер болып қабылданды. Одан әрі басқарманың Мемлекеттік автомобиль инспекциясы бөлімінің дивизион жол бақылау инспекторы, анықтаушы, аға инспекторы, дивизион командирінің саяси іс жөніндегі орынбасары, басқарманың кадр бөлімінің инспекторы, аға инспекторы лауазымдарын жемісті абыроймен атқара білді.

Менің Қазыбек ағамен таныстығым сонау 80-жылдардың ортасында басталған. Туымы, жүріс-тұрысы, мінезі бөлек, жүріп-тұруы өзгеше, ерекше, аяғында жылтыратып қойған былғары етігі, үстіне тап-тұйнақтай құйып қойғандай өзіне жарасымды милиция формасын киген, бір көргенде қатал сияқты көрінгенмен, кейін түрі жылы, мінезі жұмсақ, асықпай жай ойланып сөйлейтін қараторы офицерді алғаш рет басқармада өткізілген жедел мәжілісте көргенде есімде сақтап қалдым. Кейін оны тағы да басқармада өткізілген саяси оқу сабағы кезінде көрдім, ол өте сауатты дәріс оқып, мені бұл жолы саяси сауаттылығымен таң қалдырды.

Кейін жақынырақ танысып, басында «Жолдас капитан», «Жолдас майор» деп амандасатын едік, кейін Қазыбек аға, Қазекеге көштік. БАҚ-пен тығыз байланыс орнатып, тұрақты түрде мақалалар жариялап тұрады. Ағамыз қылмыс ашуда, құқықбұзушылықтарды анықтауда да көзге түскен. Бірақ, ол туралы қарапайымдығына байланысты айтуды ұнатпайды. Тек кезінде жұртқа мәлім болып кеткен өзінің қылмыс құрбаны болған азаматтың өмірін сақтап қалып, қарулы қылмыскерді құрықтағанын есіне түсіреді. Тапа тал түсте қала орталығында пышақпен қаруланған қаскөй қылмыскер бірнеше дүкенге шабуыл жасап, ақша, қымбат тон иеленіп, келесі бір дүкеннен тағы да ақша иемденбекші болады. Сол кезде сатушыға шабуыл жасап, ақша талап етеді, оны қорғамақшы болған азаматқа пышақ жұмсап, қашып бара жатқанда Қазыбек ағамыз жауынгерлік самбо әдісін қолданып, қылмыскерді ұстап, қалалық ішкі істер бөліміне жеткізеді.

Қазекең милицияның осы күндіз-түні уақытпен санаспай жүрген ауыр қызметін ғана атқарып қана қоймай, қызмет арасында негізгі қызметін шығармашылықпен қоса ұштастырды. Қызметте тапанша мен алатаяқ ұстаған әріптестері, қаруластарынан айырмашылығы, ол бұл арнайы құралдармен бірге қалам мен қойындәптер алып жүрді. Арасында шабыт, ұшқыр ой келген кезде немесе күнделікті қызметте бір кездейсоқ оқиға туындағанда бірден қаламын іске қосатын.

Қазыбек ағамыз 1991 жылдың қараша айында ішкі қызмет майоры арнайы шенімен зейнеткерлік демалысқа үлкен абыроймен шықты. Ішкі істер министрінің арнайы бұйрығымен «қызметтік киімді кию құқығы» берілген. Оның 23 жылдан аса милициядағы қызметі кезіндегі орасан еңбегі тиісті орындар тарапынан еленбей қалған жоқ. Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі бұйрығымен I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Милиция үздігі», Қазақстан полициясына – 20, 25, 30 жыл медальдерімен, министрлік пен ішкі істер департаментінің, облыс әкімінің, Қызылорда қалалық мәслихатының «Алғыс хаттарымен», «Құрмет грамоталарымен», «Қызылорда облысына 70 жыл», «Қызылорда қаласына 200 жыл» төсбелгілерімен марапатталды.

Полицей мамандығы өрт сөндіруші, көпқабатты үйдің терезесін жуушы мен теңізде балық аулау қызметімен бірге әлемдегі ең қауіпті мамандықтар қатарына жатады. Құқық қорғау органдарының бір саласы болып есептелетін полиция қызметінің саласы сан алуан. Басты міндеттері азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмыстарды тергеу болып табылатын полицияда көптеген маман әртүрлі қызмет атқарады. Бірақ, полицияда шығармашылықпен айналысатын адамдардың саны әр облыстарда бірлі-жарым. Ал сол шығармашылықтың ауыр саласы сатираға ден қойған адам туралы республика көлемінде естіген емеспін. Қазыбек ағамыз кез келген журналист, жазушы бара қоймайтын, кез келген шығармашылық адамының қолынан келе қоймайтын сатиралық жанрына бет бұрды. Жалпы, ауыр жанр болғандықтан сатира саласына кез келген қаламгер жақындай бермейтіні анық. Кеңес заманында «Ара» журналында, кейде кейбір газеттерде жарияланып тұратын фельетон, әзіл-сықақ, сыни дүниелер қазір жоқтың қасы, мүлдем жарияланбайтын болды. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының «Құрметті Ардагері», «Еңбек Ардагері», қару мен ала таяқты қаламға айырбастаған «Сақшыдан шыққан сатирик» атанған Қазыбек Әшірбекұлы ағамыз – осы сатираға бет бұрған  қаламгер. Оның нәтижесі де жаман емес.

Қызметте жүріп және кейін бейнеттің зейнетіне абыроймен шыққаннан кейін мақалалары жергілікті және республикалық БАҚ-тарда үнемі, үзбей жарияланып тұрды. «Ленин жолы» газетінде штаттан тыс тілші болды, республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінде, «Ара» журналында, Қызылорда облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы», «Халық», «Ұстаз мәртебесі», «Кәсіпкер келбеті» газеттері мен «Әлімсақ» журналында сатира жанрының бір түрі фельетон, шағын көлемді, публицистикалық, сынсықаққа бай, күлкілі тақырыптар «Әзіл-оспақ»,«Сын-сықақ» тақырыптарына, басқа да әртүрлі тақырыпқа қалам тартып жүр. Сақшыдан шыққан сатирик атанған Қазекең ағамыз туралы Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің «Сақшы» газеті, «Ардагер» журналында мақалалар жарық көрді.

Сонымен қатар Қазыбек ағамыз «Әлімсақ» журналында ақылдастар алқасының мүшесі. Ағамыздың шығармашылық еңбегі де еленбей қалған жоқ. Ол Қазақстан Журналистер одағының дипломымен және оның жергілікті филиалының «Құрмет грамотасмыен» марапатталды. Ата басылым «Егемен Қазақстан» газеті тағайындаған жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлденің 2001, 2011 жылғы екі мәрте иегері атанды. Ол ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің ұсынысымен Қазақстан Журналистер мен Жазушылар одағы басқармасына қарасты Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығына мүше ретінде қабылданған. Қ.Әшірбекұлының «Күлкі керуені», «Жебе», «Ұлт пен мұрт» әзіл-оспақ, сын-сықақ дүниелері «Сырдария кітапханасы» 200 томдық жинағына енген. Ардагер ағамызды 75 жасқа толуына байланысты Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қабылдап, оған лайықты құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің құттықтау хатында Қазыбек Әшірбекұлының құқық қорғаушы ретінде абыройлы еңбек етіп қана қоймай, қаламгерлік қырынан халыққа танылғаны, өмірдің көлеңкесі мен күнгейін көкірегіне түйіп, кемшілікті қалам қуатымен қағаз бетінде сынап, көпшілікке ой тастағандығы атап көрсетілген.

Ол кісі атақ-даңққа, шен-шекпенге қызыққан жоқ, жағу үшін ешқандай бастықтың асты-үстіне түскен жоқ. Ағамыз өз ісіне аянбай шын берілген кісі, бірнеше толқын шәкірт тәрбиелеп шықты. Аса ауыр, қауіпті қызметті шығармашылықпен бірге алып жүрген ағамыз Қызылорда облысы ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұланы Ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі, керемет ұйымдастырушысы, жастарға патриоттық тәрбие беріп, оларды берген антына берік болуға шақырды.

Қазекеңмен сұқбаттасқанның өзі бір ғанибет. Қай кезде сұрасаң да көкейіндегі ойын жасырмай, нақышына келтіріп, асықпай, баппен қызықтырып, майын тамызып тұрып қиын да қызықты милиция қызметінің небір оқиғасынан бастап, облыстық милиция басшылары, әрі ұстаздары, ағалары, әріптестері болған полковниктер Алтекең Сағымбаев, Әнуар Имандиев, Мылтықбай Пейісов, Қаржаубай Жартенов, Бердалы Ысқақов, Айтбай Қазбеков, Арыстан Әшіров, Төлеш Әлиев, Бақыт Бекмамбетовпен бірге облыстағы қаламгерлер туралы ерінбей айтады. Ағамыз өзінің шығармашылық ұстаздары ретінде рухани асыл қазына шығармалары қазақ әдебиетінің барлық саласын байытқан, қазақ даласында сауатсыздықты толық жоюға шақырған қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннен бастап, кешегі Асқар Тоқмағанбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровты атайды. Себебі, ол осы кісілердің шығармаларын оқып өсті, нәр алды. Заңгер-журналист, ақын Қазыбек ағамыздың шығармалары шыққан 24 қыркүйек 2016 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің бір бетін алып жатқан «Көңілашар», «Сөз мойыл» айдарымен ондаған әзіл-оспақ, сын-сықақ, ақшамен оқуға түскен студент жайлы «Ерке студент», қоғамның аса қауіпті дертіне айналған жемқорлыққа арналған «Құлқын», қазіргі нағыз өзекті мәселеге айналған «Балаларға қандай фильм ұнайды?», Қожанасыр туралы «Көріпкелдіктен» басқа адамның күнделікті өміріне қатысты «Аластаудың әдісі», «Мешкейдің менталитеті», «Жаңылтпаш», «Су жаңа мәтелдер», «Маньяк емес коньяк», «Өтірік езу тартқаннан», «Төрге таласу», «Қыңыр-қиқар қанатты сөздер» атты өлеңдер жарияланған. «Халық» газетінің 25 қаңтар 2024 жылғы №4 санына шолу жасайық. Газеттің 7-бетінде оның «Даражан», «Әркімнің несібесі – әр жерден», «Кім қалай алады»? «Нарықтағы нақыл сөз», «Өсекшіге өсиет», «Заманның басты жұмбағы», «Жар таңдауда жаңылма», «Танып ал», «Қазір бәрі ақылы», «Құлақ жайлы қысқа әңгіме», «Қысқа қайырым», «Қос қылықтылар» сияқты әзіл-оспақ, сын-сықақ өлеңдер, нақылдар жарияланған. Бұл – нағыз бүгінгі күнмен үндескен, уақытында жарияланып отырған сан алуан өзекті тақырыптар. Қазекең әзіл, сындары арқылы адамның жат қылықтары мен жақсы қасиеттері, уақыт талабы, нарық мәселелерін қозғаған. Осы газеттің 18 қаңтар 2024 жылғы №3 санында «Жиі неге жаңылып тұр»? өлеңінде Сыр елінің аяқ астынан өзгеріп, тосын мінез танытатын шаңды ауа райына арнаса, «Жаратқанға жалбарыну» атты өлеңінде жалақор, парақор, жемқорлар мен бағаның көтеріліп кемтар адамдарды қинайтыны туралы жырлаған. Бұл – тек бірнше газетке жарияланған мақалалары. Бұлардан басқа мақалалары да жеткілікті. Ол бүгінде «Сыр бойы», «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы», «Халық» газеттері ұжымымен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан, жиі араласып тұрады.

«Әр жақсыда бір мағына» дейді дана қазақ. Қазбек ағам қызмет істеген милиция мен қазіргі полиция қызметкерлерін, халық алдындағы абыройын, олардың жұмыстарын салыстыруға менде мүмкіндік бар. Қазіргі әріптестерім ренжімес, мен кеңес ішкі істер органдарында он екі жыл қызмет істедім, ал Қазақстанның ішкі істер органдарында қызметте жүргеніме биыл отыз үш жыл болады. Әрине, қазіргі полиция қызметінің штаттық саны көп, қызметі аса күрделі, артылған жауапкершілік, міндет көп, бұрынғы милицияға қарағанда жеке құрам арасында қылмыс пен қызметтік тәртіпті бұзу дерегі де көп. Кез келген мемлекеттік қызметтің бағасын халық береді. Сол халықтың пікірі бойынша бұрынғы мен қазіргі ішкі істер органдары қызметін салыстырсаң, бұрынғы кеңес милициясына қарағанда қазіргі Қазақстан полициясы халық сенімінен шыға алмай келеді. Абыройы төмен, уақытында халық әділ бағасын берген кеңес милициясы сияқты халыққа жақын, адам қорғаны бола алмай келеді. Бұл барша жұртқа аян, БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жариялануда. Адамгершілік қасиеттерін жоғары ұстаған Қазекең «милиция – менің қорғаным» деп бағалаған сол милицияның бірден-бір өкілі. Адамға көмек беруге, інілеріне ақыл-кеңестерін айтуға әрқашанда дайын Ағамыз қандай да бір атақққа, мақтауға әбден лайық, адал азамат, биік тұлға. Департамент пен қалалық полиция басқармасының жеке құрамы алдында абыройы жоғары, үлкен де, жас та бірдей сыйлайды. Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің мүшесі, жас қызметкерлерге тәрбие жұмыстарына белсенді араласады. Өзінің ақыл-ойымен, сабырлығымен, көркем мінезімен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен бүгінде ардагерлер мен жас қызметкерлерге, шәкірттеріне, жалпы жұртқа үлгі болған тазалықтың, әділдіктің, тектіліктің, турашылдықтың символына айналып, туын көтерген заңғар, кемеңгер, майталман Қазыбек ағамыз әлі де арамызда, сапта.

«Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы сөз – жанның тынысы». Жалпы, әрбір адамның қадір тұтып, ақылдасып, пікір алысатын, өзіне үлгі тұтатын адамы болады. Өте мәдениетті, ішкі дүниесі өте бай Қазыбек аға мен үшін сол адамдар қатарына жатады. Оның тағы бір артықшылығы, оның есте сақтау қабілетінің ерекшелігі. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмас» демекші, ерекше кісі Қазекең шын мәніндегі елдің ағасы да, жағасы да, тынысы да бола білді. Ол өзінің тектілігімен, әділдігімен, сауаттылығымен, еңбек сүйгіштігімен, шыншылдығымен, тазалығымен, бауырмалдығымен ерекшелентін бөлек тұлға. Көп сөйлемейтін, аз сөйлеп, кейде әзіл әңгіме айтып, бір күлдіріп алатын артықшылығы да бар. Ол кісінің аузынан қарапайым сөз шықпайды, әбден сұрыпталған сараланған аталы сөздер шығады.

Марабай ақын «Асыл туған жақсының ақыл-ойы кең болар» деген сөздері Қазбек ағама арнап айтқандай. «Тектілік – адам бойындағы асыл қасиет, парасаттылықтың ұрпақтан-ұрпаққа тұқымқуалаушылық арқылы берілуі. Тектілік тек гендік түрде берілетін биологиялық қасиет ғана емес. Нағыз тектілік сыпайылықпен, мейірбандықпен, кешірімпаздықпен тікелей байланысты. Елін, халқын шын сүйіп, олардың мүдделерін өзінің мүдделерінен жоғары қоя білетін адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым тектіліктің қадір-қасиеті артып, қоғамдағы қайшылықтар шешімі жеңілдейді» дейді осы мәселені зерттеп жүрген ғалым Аманжол Ақын.

Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады екен. Ағамыздың жақсы оқушы, кейін нағыз азамат болып қалыптасуы оның әке-шешесі, сосын ұстазының еңбегі болар. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттермен ерекшеленеді. «Биік төбеге шықсаң көзің ашылады, Жақсымен сөйлессең көңілің ашылады» демекші ол кісімен сөйлесіп, пікірлесудің өзі бір ғаламат дүние. «Жақсы менен жаманның аспан мен жердей парқы бар». Ұлы Абай өзінің он тоғызыншы сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп-білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады…» дейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – сол естілердің айтқан сөздерін ескеріп, өзі де естілер қатарынан орын алған азамат.

Ақын Нұржан Наушабаев былай деген екен: «Әдеп, ақыл, білімді үйрене ешкім тумайды, көруменен ысылар». Алла тағала адам бойындағы осы қасиеттерді саты-сатысымен дамытып жетілдіруді жаратқан. Қазекеңнің жүріп өткен жолы тек жас полицейлерге ған емес жас ұрпаққа, келешегіміз үшін тәрбиелік маңызы бар, ұрпақтар сабақтастығына септігін тигізетіні сөзсіз.

Хұсайын  ҚОРАЗБАЕВ,

заңгер, полковник, журналист.

Ақпарат саласының үздігі.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: