Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардагерлер кеңесінің кезекті IX конференциясы өтті

23.01.2026, 18:10 60

Өңіріміздегі «Достық үйінде» облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті IX конференциясы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қалалық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері, кеңестің тексеру комиссиясының есебі, сайлау мәселелері қаралды. Облыс әкімнің орынбасары Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерілген маңызды бастамаларға тоқталып, ардагерлерге көрсетілетін тұрақты қолдаулар жайлы атап өтті.

«Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр. Былтыр аймақтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды» деп, өңіріміз үшін айрықша мәнге ие маңызды бастамаларды атап өтті. Қызылорда қаласында драма театрдың жаңа ғимаратының, тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхананың құрылысы басталатыны белгілі болды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы бөлігін кеңейту, «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысын бастау – көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы аса ауқымды жобалар. Күні кеше Ұлттық құрылтайдың қорытындысы бойынша Олжас Абайұлының төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында біздің облысқа қатысты мәселелер қозғалып, салалық министрліктерге нақты тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауы бізді жаңа жетістіктерге жетелейді, еселенген жауапкершілік жүктейді», – деді М.Шермағанбет.

Басқосуда Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының ІХ съезіне бекітілген квота бойынша 4 делегат сайланды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кеңестің белсенді мүшелері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аймақта қарттарды әлеуметтік қолдау мен медициналық қызмет сапасын арттыруда жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соңғы үш жылда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жыл сайынғы бір реттік әлеуметтік көмек 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге, ал оларға теңестірілгендерге және тыл ардагерлеріне 90 мыңнан 196 мың теңгеге дейін артты.

Өткен жылы 1 700-ге жуық ардагерге бір реттік көмек көрсетілді. Бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы аясында 225 жалғызбасты қарт, әлеуметтік осал топтағы азаматтар күнделікті ыстық тамақпен қамтылады. Сонымен қатар, меценаттардың қолдауымен 130-дан астам ардагер еліміздің түрлі шипажайларында демалды. Жыл сайын 2 мыңнан астам егде жастағы азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлінді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: