БҮГІНГІ САТИРА
(«Бірдеңе» атты сатиралық үшінші романымды жазып, ағашқы «Бірдеңе тауып алдым» тарауын аяқтадым. Интригамен басталды. Роман соңында ғана бірдеңенің құпиясы ашылады. Үзіндіні жариялап отырмын).
Менің атым – Нұрхан. Түрім жаман емес. Өте жаман да емес. Айнаға қарасам, айнаның өзі ғашық болғандай ойланып қалады. «Красавчик екен» дегендей. Сақал өсірсем – философ, қырынсам – жұмыссыз студентке ұқсаймын. Сондықтан көбіне орта жолды таңдаймын: қоғамға да, өзіме де зияны тимейтін сақалсыз өмір.
Менің бай емес екенімді түрім-ақ әшкерелеп тұрады. Бірақ кедейлігім бетіме шықпаған. Ол ішімде. Әсіресе қалтада. Киімдерім бренд емес, бірақ таза. Тазалық кедей адамның ең соңғы хоббиі сияқты. Мінезім жаман емес. Ашулансам бар ғой, ішімнен ашуланам. Өйткені айқайлауға ақшам да, энергиям да жоқ. Әділетті жақсы көремін-ақ, бірақ әділет мені жақсы көре ме – ол жағы белгісіз. Өмірге өкпем бар, бірақ сотқа беретіндей түк дәлелім жоқ. Ойбу, айтпақшы, жұмысым жоқ екен ғой. Бірақ жұмыссызбын деп айта алмаймын. Себебі жұмыссыздықтың өзі де керемет қызмет сияқты: таңертең тұрасың, түске дейін үміттенесің, түстен кейін түңілесің, кешке «ертең бәрі өзгереді» деп өзіңді жұбатып қоясың. Мен бұл қызметті бірнеше жылдан бері адал атқарып келемін.
Иә, отбасым кедей. Бірақ кедейлікті бізде айқайлап айтпайды. Біз оны үнсіз тұтынамыз. Әкем «болмайды» деген сөзді көп айтатын, анам «шыда» дейтін. Сол екі сөзбен мен қалаға келіп, бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатырмын. Бір бөлменің өзі – ас үй, жатын, кеңсе, ойлану залы және кейде өмірге ренжу бөлмесі. Жалғыз тұрамын. Бірақ жалғызбын деп айта алмаймын. Шүкір, қарыздарым бар, армандарым бар, үміттерім бар – бәрі менімен бірге тұрады. Өте көңілдіміз. Кейде солардың өзі пәтерге сыймай кетеді.
«Жақсы адаммын» деп өзімді мақтай алмаймын. Бірақ жаман адам болуға шамам жетпейді. Заңды бұзбаймын, себебі қорқам. Ал жақсы тірлік жасағым келеді, себебі әлі адам болып қалғым бар. Қысқасы, мен – Нұрханмын. Ертең бірдеңе тауып алмасам да, бірдеңе табылып қалар деп жүрген адаммын.
Бір күні түнделетіп көшеде келе жатқан едім, оңшалау тұста бірдеңеге аяғыммен сүрініп кетіп, тоңқалаң аса жаздадым. Құлай жаздап, жаздап барып бір ағашты құшақтай алдым. Мен пақырдың ағаштан басқа құшақтайтын қызым да жоқ қой, бұрылып қарап едім, бірдеңе жатыр! Жақын келіп, ұялы телефонымның жарығын түсірдім. Бірдеңе! Бірдеңе болғанда, аса үлкен де емес, аса кішкентай да емес, темір дипломат! Баяғыда студенттер жасанды теріден, мықтылар былғарыдан жасалған төрт бұрышты дипломат ұстаушы еді ғой. Тура сондай. Айырмасы – темір! Темір болғанда тот басып кетіпті… «Сыртын тот басқанымен, іші тола алтын болар! Бір түнде байып шыға келермін!» деп ойладым ішімнен. Ала қойсам ба, жоқ әлде бір теуіп, кетіп қалсам ба екен? Ала салайыншы.
Хош, сонымен темір қобдишаны (бірақ оған ұқсамайды) көтеріп көрмек болып едім, ту-у, жаман ауыр екен. Қисаңдай көтеріп, жақын маңдағы жалдап тұрып жатқан бір бөлмелі пәтеріме алып келдім. Жарықты жағып қарап едім, темір «дипломаттың» бетіне қағаз жабыстырып қойыпты. Онда былай жазылыпты: «Кімде-кім тауып алса, бірден ашпаңыз! Жарылып, жыртылып қаласыз. Ал үш жылдан кейін ашсаңыз, кенеттен бақытты боласыз! Оған дейін аптасына бір рет көшеде көтеріп жүрсеңіз, жолыңыз болып, миллионерге айнала бастайсыз. Өміріңіз өзгереді».
Мәссаған! Ертегі ме, еріккен біреудің ермегі ме? Ашып көрсем… Сосын «жыртылып» қалсам… Жоқ, одан да үш жыл шыдайын. Үш жыл деген немене, үш жыл түрмеде отырып келгендей болсам, шыдармын. Болмаса үш жыл ұйықтап қалыппын. Оянбастан. Болмаса үш жыл ауырып жатырмын. Тісім қақсап. Ой, ауырғаны құрысын. Үш жыл… Көп қой. Неге үш ай деп жазбаған екен?
Мұхтар ШЕРІМ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!