Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АЛКОГОЛЬ  ИНДУСТРИЯСЫ КҮЙРЕП  БАРАДЫ.  Жастар  неліктен  ішімдіктен  бас  тартуда?

21.01.2026, 7:40 108

Соңғы жылдары әлемде алкоголь тұтыну мәдениетінде айқын бетбұрыс байқалады. Қуаныштысы сол, тұтынушылар көбейіп жатқан жоқ, керісінше, азая түсуде. Расында, алкоголь бұрындары қоғамның ажырамас бөлігіне айналған еді.  Кеңес  үкіметі  кезінде  ішімдікке  салынғандар саны көп болды, тіпті күні бүгінге дейін бұл мәселе қоғамда ауқымды саналды десек те болады. Алайда, бүгінгі күні ішімдік ішу тартымдылығын жоғалта бастағандай. Әсіресе, жастар арасында. Алкогольден бас тартушы жастардың ұраны бір – денсаулыққа мән беру, саналы әрі саламатты өмір салтын ұстану және психологиялық  саулықты  алдыңғы  орынға қою.

Бұл түйткіл жақында ғана БАҚ арасында талқыға түсе бастаған. Көбі мән бермеген жаңалық алкоголь индустриясына біраз ауыр соққан болуы керек. Сарапшылардың мәліметіне сенсек, алкоголь индустриясы соңғы жылы 830 миллиард долларға жуық табысынан  айырылған  екен.

Расын айту керек, соңғы онжылдықта әлемдік алкоголь индустриясы бұрын-соңды болмаған «тектоникалық» өзгерістерді басынан өткеруде. Осыдан шамамен 20 жыл бұрын алкоголь жастар мәдениетінің һәм еркіндік пен «ересек өмірдің» ажырамас бөлігі саналса, бүгінде бұл түсінік әбден ескірген. 2025 жылғы статис­тикалық  мәліметтер көрсеткендей, алкоголь  индустриясының  дәстүрлі сегменттері, атап айт­қанда сыра, шарап, арақ секілді күшті ішімдіктер  айтарлықтай  регресске  ұшырап  жатыр.

ДДСҰ-ның соңғы есептері мен халықаралық сараптамалар агенттігінің деректеріне сүйенейік­ші. 2024 жылы әлемде алкоголь тұтыну көлемі бір пайызға төмендеген. Әрине, бұл аз көрінуі мүмкін.  Дегенмен,  миллиардтаған қаржыны иеленіп  отырған  тұтас индустрия үшін  үлкен  дабыл  екенін  атап  өткен  абзал.

Мәселен, АҚШ пен Батыс Еуропадағы жағ­дайды алайық. 2025 жылғы сауалнамалар  бойын­ша американдықтардың 49 пайызға жуығы ішімдікті аз ішуді жоспарлап отырған көрінеді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыс­тырғанда  44  пайызға  көбейген.

Осы тұста Z буыны туралы айтып өтпеске де болмайды. Жастардың басым көпшілігі, яғни 65 пайызы алкогольден бас тартуды, не бол­маса шектеуді қолдайды. Тіпті олардың 39 пайызы бір  тамшы  ішімдік  ішпеуге  нақты  бекінген.

Қазақстандағы ахуалға келер болсақ, жасыратыны жоқ, біздің ел Орталық Азияда ішімдік ішу бойынша көш басында болғаны белгілі. Алайда, соңғы ресми деректерге сүйенсек, қазақстандықтар да ащысудан бірте-бірте алшақтап жатқан көрінеді. Дәлірек айтқанда, ДДСҰ мәліметіне сенсек, Қазақстандағы жан басына шаққандағы алкоголь тұтыну көрсеткіші 7,7 литрден 4,5 литрге азайған. Бұл статистикада да жастардың үлесі орасан. Нақты айтқанда, жас қазақстандықтар арасында алкогольге деген қызығу­шылық алдыңғы буынмен салыстыр­ғанда  40  пайызға  төмен.

Бүгінгі жастар үшін денсаулық бұрынғыдан мүлде басқа мағынаға ие. Кешкісін барда отыру немесе ішімдікпен уақыт өткізу беделдің белгісі саналмайды. Керісінше, таңертең йогаға бару, жүгіру марафонына қатысу немесе өз денсаулығына инвестиция салу әлеуметтік мәртебенің жаңа өлшеміне айналды. Саламатты өмір салты мен biohacking ұғымдары қоғамда өзін көрсету мен мойындатудың құралы ретінде қабылдана бастады.

Экономикалық фактор да бұл  өзгерісте маңызды рөл атқарып отыр. Атап айтқанда, инфля­ция  күшейіп, өмір сүру құны артқан са­йын жастар қаржыға барынша ұқыпты қарай бастады. Осы тұрғыда алкоголь көптеген жас үшін «қымбат әрі пайдасыз» шығын ретінде көрінеді. 2024 жылы алкогольсіз сыра мен шарап  сатылымының  31 пайызға өсуі – жастардың «дәмі үшін ішуге болады, бірақ мас болу міндет емес»  деген  ұстанымының  айқын көрінісі іспетті.

Цифрлық дәуір де ішімдікке деген көз­қарасты түбегейлі өзгертті. Әлеуметтік желілер заманында кез келген орынсыз әрекет камера­ға  түсіп, санаулы минутта көпшілікке таралуы мүмкін. «Cancel culture» кең тараған ортада мас күйінде жасалған қателік адамның беделіне, мансабына  және  жеке өміріне ұзақмерзімді соққы болып тиюі ықтимал. Мұны жастар жақсы түсінеді, сондықтан тәуекелден гөрі бақы­лауды  таңдауға  бейім.

Осындай жағдайда алкоголь индустриясы да амалсыздан бейімделу жолын таңдады. Соңғы жылдары әлемдік өндірушілер алкогольсіз неме­се төмен градус­ты өнімдерге ерекше мән бере бастады. Heineken 0.0, Guinness 0.0 секілді брендтер  жарнамалық  бюджеттің  қомақты бөлігін дәл осы сегментке бағыттап отыр. Соны­мен қатар, ірі қалаларда бірде-бір алкоголь сатылмайтын «sober bar» форматындағы орындар көбейіп келеді. Нью-Йорктен бастап Алматыға дейінгі қалаларда жастар алкогольсіз коктейль ішіп, саналы түрде көңіл көтеруді қалыпты әрі тартымды  таңдау  ретінде  қабылдай  бастады.

Бұл үрдістер алкоголь индустриясының бұрынғы моделінің жұмыс істемей қалғанын көрсетеді. Нарық жаңа ережелерге көшіп жатыр, ал ішімдік енді міндетті тұтыну өнімі емес, баламасы бар, таңдауға тәуелді тауарға айналуда.

Өткен буын үшін алкогольдің маңызды­лығын жоғарыда атап өттік. Алайда, қазіргі буын үшін алкогольді асыра тұтыну бақылауды жоғалту мен депрессияның бастауына айналған. Дәлірек, бүгінде жастар ішімдіктен денсаулығын сақтау үшін бас тартып ғана қоймай, ментальді ахуалын қорғау үшін де тартынуда. Осы орайда психологияда «Hangxiety» деген термин жиі қолданыла бастады. Бұл – ішкеннен кейінгі физи­калық ауырсыну емес, ағзадан спирт шыққан кезде пайда болатын терең үрей мен психикалық қысым. Зерттеулер көрсеткендей, алкоголь мидағы тыныштандырушы нейромедиаторлар деңгейін күрт төмендетіп, стресс гормонын жоғарылатады. Соның салдарынан жастар келесі күні өздерін еселенген үрей мен өзін-өзі жек көру  сезіміне  таңылғандай  сезінеді.

– Қазіргі жастар – мазасыздық деңгейі ең жоғары буын. Олар онсыз да күнделікті ақпараттық тасқын мен бәсекелестіктен шаршаған. Алкого­ль беретін уақытша жеңілдік келесі күні ауыр эмоционалды соққыға алып келетінін олар жақсы түсінеді. Сондықтан олар үшін сананың тазалығы – ең үлкен құндылық, — дейді психолог Әсел  Мұратқызы.

Бұған әлеуметтік желілердегі «цифрлық із» қорқынышы да айтарлықтай әсер етіп отыр. Кез келген ұятты сәт секунд ішінде бейнежазбаға түсіп, желіге тарап кетуі мүмкін заманда жастар өз беделін бәрінен биік қояды. Осыдан келіп «Authentic connection» немесе шынайы байланыс мәдениеті туды. Жастар жасанды стимуляторсыз-ақ сөйлесуді, билеуді және эмоция бөлісуді үйренуде. Олар ішімдікті ұяңдықты жеңудің құралы ретінде көруден әлдеқашан қалды деуге толық  негіз  бар.

– Алкоголь – эмоционалды балдақ. Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, жастар «шынайы менімен» қалуды қалайды. Олар «мен ішіп алған соң ғана көңілдімін» деген шаблоннан қашады. Бұл эмоционалды интеллектінің өскенін, адамдардың өз сезімдерімен бетпе-бет келуден қорықпайтынын көрсетеді, — дейді әлеуметтанушы  Дәурен  Бақытжан.

Осылайша, кешкі уақытты барда өткізу форматы біртіндеп кофеханаларға, интеллектуалды клубтарға немесе түнгі жүгіру сияқты спорттық қауымдастықтарға ауысып жатыр. Статистикаға сүйенсек, респонденттердің басым бөлігі ішімдіктен бас тартудың басты себебі ретінде дәл осы «психикалық саулықты сақтауды» атайды. Бұл физикалық  аурулардан  қорқудан  да жо­ғары  тұрған  басты  факторға  айналған  секілді.

Алкоголь индустриясының бұл өзгерісі қоғамның сапалық тұрғыдан өзгеруінің айқын белгісі деп тұжырымдасақ болады. Бұл құбы­лыс экономикалық нарыққа да үлкен өзгеріс­тер әкелді. Яғни, әлемдік сусын алпауыттары қазірдің өзінде өз бюджетінің басым бөлігін алкогольсіз өнімдер мен «Zero» серияларын дамытуға бағыттап, жаңа дәуірдің ережесіне бейімделуде. Сонымен қатар, тұтыну деңгейі­нің төмендеуі мемлекеттік деңгейде денсаулық сақтау шығындарының азаюына, жол апатының сиреуіне және еңбек өнімділігінің артуына тікелей ықпал етеді. Алайда, ішімдіктен бас тарту барлық мәселенің толық шешімі емес екенін де жадымызда сақтаған жөн. Сарапшылар алкогольдің орнын басқа да тәуелділіктердің, мәселен, экранға байлану немесе электронды темекі сияқты жаңа форматтағы зиянды әдеттердің басу  қаупі бар екенін де алға тартады. Сондық­тан бұл үрдіс тек «ішпеу» деген тыйыммен шектел­мей, жастардың саналы таңдауы мен бос уақытты сапа­лы өткізу мәдениетімен нығаюы тиіс. Экономикалық сарапшылардың сөзінше, алкогольсіз  қоғамға  көшу – ұлттық денсаулықтың нығаюы ғана емес, адам капиталының сапалық жаңа деңгейге көтерілуі. Жастардың бұл таңдауы алдағы онжылдықта әлеуметтік қылмыс көрсеткіштерін еселеп төмендетіп, елдің демографиялық  әлеуетін  арттыруға  қауқарлы.

Түйіндей келгенде, алкогольден бас тарту жастардың денсаулық мәселерімен ғана түйін­делмейді. Бұл – өз өмірін, уақыты мен эмоциясын  толықтай  бақылауда ұстауға деген ұмтылыс. «Sober Curious» буыны қалыптас­тырып жатқан жаңа норма алдағы уақытта қоғамның барлық саласына  өзгеріс  әкелетін  басты қозғаушы  күшке  айналғалы  тұр.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: