Осы мәселе соңғы уақытта жиі көтеріліп жүр. Мемлекеттің ақшасы, жері, табиғи байлығы қайда кетіп жатыр және оны неге дер кезінде тоқтату мүмкін болмады деген сауалға дәл жауап табу қиын. Бірақ ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың әлеужеліге жазған жазбасында биылғы жылы мемлекет мүддесіне 1,1 трлн теңгеден астам ресурс қорғалғаны айтылған.
Мәселе тек ұрлықта болса, қанекей. Әңгіменің әлқиссасы қаражатты беруде талаптарды сақтамау мен тексеріс жүйесінің әлсіздігінде болып тұр.
Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдалану, экология, жер қатынастары – осы саланың барлығы бұрыннан тәуекелі жоғары бағыт ретінде айтылып келген. Дегенмен 470 млрд теңгеден астам қаражат пен мүліктің дәл осы салалардан мемлекетке қайтарылуы бір нәрсені анық көрсетіп тұр. Яғни заң бар, ресурс бар, бірақ бақылау әлсіз. Тағы бір көп сұрақ тудырған ақпараттың бірі – 193 млн дивиденттің үш жылдан астам уақыт бойы бюджетке түспей, шоттарда бұғатталып тұруы. Бұл жерде басқарудағы селқостық пен жауапкершіліктің тынысы бар екенін байқаймыз. Ақша мемлекетке тиесілі, бірақ мемлекетке жұмыс істемейді. Қызық.
Жер мәселесінде де осыған ұқсас дүниелер көреміз. Алатау бөктері, Каспий жағалауы, Бурабай аумағы және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 800 мың гектарының мемлекет меншігіне қайтарылғаны да айтылған Асылов жазбасында. Жылдар бойы мақсатты пайдаланылмаған, бірақ қағаз жүзінде «заңды» көрінген иеленудің нәтижесі осыған әкелді. Нәтижесінде жайылым тапшылығы пайда болып, ауыл тұрғындары зардабын тартты. Жер қайтарылған соң ғана бұл мәселе нақты шешіле бастады.
Айтпақшы, жазбадан 255 млрд теңге көлемінде қаражат қажетсіз шығынға жұмсала жаздағанын да білдік. Қаражат жаратылған жоқ, бірақ құр қымбатшылықтың құрбанына айнала жаздады. Солтүстік және батыс өңірінде нарықтық бағадан бірнеше есе қымбат сатып алулар дер кезінде тоқтатылды. Әйтпесе, әрекеттің соңы тағы да «әттеген-ай» дегізер еді.
Атқарылған жұмысқа алақайлағанмен, мемлекетімізде ресурстарды ұрлау әрекеті тоқтамай тұр. Қалтаға сыймайтын қаражат қолды болып келді. Бұған дейінгі қолды болған қаражатты бюджетке қайтару қиын болуы мүмкін, бірақ алдағы уақытта тиімсіз шығынға ұрынбау керек. Осыдан ұрланған ресурстарды ұстап қалуға әрекетсіздік ғана кедергі екенін байқадық. Сонда бұған дейін әрекет етпегенбіз бе?..
Коллаж автордікі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!