Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исамен кездесті. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында өңір үшін өзекті саналатын ауылдардың дамуы, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және әлеуметтік саланың қазіргі жай-күйі сөз болды. Аймақ басшысы соңғы жылдары ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталып, бұл бағытта нақты мақсаттар айқындалғанын атап өтті. Өңір халқының жартысынан астамы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, ауылдың жағдайы облыстың жалпы дамуымен тікелей байланысты. Осыған орай инфрақұрылымды жаңғырту, табыс көздерін кеңейту және өмір сапасын арттыру негізгі басымдық ретінде қарастырылып отыр.
Кездесуде «Ауыл – ел бесігі» жобасының өңірде қалай жүзеге асып жатқаны да қозғалды. Соңғы жылдары тірек және спутник елді мекендерді дамытуға ерекше мән беріліп, ондаған ауылда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жаңартылған. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындары үшін күнделікті тұрмыста сезілетін өзгерістерге жол ашып отыр.
Өз кезегінде Қазыбек Иса «Ақ жол» партиясының алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы бастамаларға қатысты пікірін білдірді. Ол ауыл кәсіпкерлігін қолдау, жергілікті бастамаларды ілгерілету және халықтың белсенділігін арттыру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Айта кету керек, Қызылорда облысында қазіргі таңда жеті саяси партияның филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында 81 мыңнан астам азамат тіркелген. Бұл өңір тұрғындарының қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласатынын көрсетеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!