Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жүз жас отбасы өз шаңырағына қоныстанды

11.01.2026, 17:50 43

Қызылордада «Сыр жастары» өңірлік бағдарламасы аясында 100 жас отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, өз шаңырағына қадам басты. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кілт табыстау салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары жиналды. Жиналған жұртшылықтың көңіл күйінен жас отбасылар үшін бұл күннің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болатын еді. Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, жастарды баспанамен қамту өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, еңбек жолын енді бастаған жас отбасы үшін үй алу оңай емес. Сондықтан мемлекет тарапынан нақты қолдау тетіктерін іске қосу – уақыт талабы.

– «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы 2023 жылы қабылданды. 2024 жылы 100 жас отбасы баспаналы болды. Жастарды мемлекеттік қолдаудың айқын дәлелі ретінде бүгін 100 пәтерлік 2 тұрғын үй білім, медицина, мәдениет, спорт, қаржы, әлеуметтік салаларда қызмет ететін жас отбасыларға табысталуда. Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, әр шаңырақтың іші татулық пен берекеге толы болғай!, — деді Н.Нәлібаев.

Бүгінде Қызылорда облысында жастар саны 250 мыңға жуықтайды. Бұл аймақ халқының үштен біріне тең. Соңғы жылдары жастар саясатын дамытуға жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Тек өткен жылдың өзінде осы бағытқа 2 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Арнайы бағдарлама арқылы үй алғандардың бірі Арайлым Шакизада әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышымен бөлісіп, баспаналы болуда кездескен қиындықтарымен бөлісті.

– Былтыр 12 қыркүйекте Стамбулдан келе сала құжат дайындадым. «Сыр жастары» басталды дегеннен бастап күнде құжат дайындау, бірден өтіп кетсе жақсы ғой, біраз жүгірдім. Сол шабыстың арасында видео да түсіріп едім. Бұл кезде құжат өтеді ме, өтпей ме – мүлде белгісіз болатын. Сонда да өзім сеніп жүрдім. Құдай маған бір баспана береді деп. Тұрмысқа шығамын деген де жоспар жоқ еді. Жолдасым бір айда апыр-топырын шығарып, үйленеміз деді ғой. Жігітім тойға дайындалып жүргенде, мен ұзатуыма бір күн қалғанға дейін банктен мақұлдау күтіп жүрдім. Той, үй – бәрін уайымдап, күнде стресс болды. Бір жағынан «Ештеңе ойлама, бұйырса бәрі болады» деп өз-өзімді жинап аламын. Оңай ештеңе жоқ екен. Қанша уақыт, қанша жүйке, қанша уайыммен бұйырған баспанамыз. Жаңа үй бәріңізге жұғысты болсын. Жаңа баспанада көп жақсылықтар болсын, — деп пікір қалдырды ол.

Салтанатты жиында тұрғын үйлерді салған «Nur B group» серіктестігінің құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов сөз сөйлеп, өңірде әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Рәсімнен кейін облыс әкімі мен қонақтар өңірлік бағдарлама арқылы пәтер алған жас маманның үйіне кіріп, жаңа қонысқа ақ тілектерін білдірді. Пәтер ішіндегі қарапайым қуаныш, жаңа өмірге деген сенім салтанаттың мәнін одан әрі арттыра түсті.

Айта кету керек, облыста тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат жүйелі түрде жүзеге асып келеді. 2022–2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталды. Соңғы үш жылда алғаш рет барлық аудандарда шамамен 1800 жаңа пәтер иесін тапты. Қала аумағында заманауи үлгіде салынған жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: