Қазақстанда соңғы жылдары цифрландыру туралы көп айтылып келеді. Бірақ соңғы мәлімдемелер санадағы сенімді арттырады. Әсіресе жасанды интеллект тақырыбы енді бөлек бір саланың емес, бүкіл экономиканың өзегіне айнала бастағандай. Жаңа жыл қарсаңында Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы мемлекет алдағы жылдары қай бағытқа қаржы, күш пен кадр салатынын байқау қиын емес.
IT саласындағы халықаралық компаниялардың бірі жүргізген есепке сүйенсек, Қазақстан жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізе алса, 2030 жылға дейін экономикаға 40 миллиард доллар көлемінде қосымша құн әкелуі мүмкін. Мұндай көлем жалпы ішкі өнімнің жыл сайын 2–3 пайызға тұрақты өсуіне ықпал етеді деген сөз. Әлемдік тәжірибе де осыны көрсетіп отыр. Қазір жасанды интеллекті ерте енгізген елдер артықшылыққа ие бола бастады. Себебі бұл технология тек IT саласына ғана емес, өндіріс, қаржы, логистика, медицина, мемлекеттік басқару сияқты негізгі секторларға тікелей әсер етеді. Саладағы сарапшыларды болжамы бойынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлем экономикасына 10–20 триллион доллар аралығында пайда әкелуі мүмкін. Бұл бәсекеге кеш қосылған елдердің сыртта қалу қаупін де арттыратынын тілге тиек еткен жөн. Қазақстан бұл пойызға кешігіп жатқан жоқ. Соңғы жылдары қабылданған заңдар, цифрлық кодекс, салалық министрліктің құрылуы – бәрі бір мақсатқа жұмыс істеп тұр. Яғни жасанды интеллектіні стихиялы емес, мемлекеттік саясат деңгейінде енгізу.
Экономикадағы әсер бірден ірі жобалардан басталмайды. Алдымен қарапайым процестер автоматтандырылады, кейін клиенттермен байланыс, деректерді өңдеу, ішкі операциялар іске асады. Ал бұл жүйелер басқару шешімдеріне ықпал ете бастайды. Big Data талдауы, тәуекелдерді болжау, ресурстарды тиімді бөлу – мұның бәрі жасанды интеллектінің тікелей функциялары. Мемлекеттік сектор үшін де бұл технологияның маңызы зор. Шығынды азайту, қызмет көрсету сапасын арттыру, адами факторды қысқарту – қазірдің өзінде қолға алынып жатқан бағыттар. Мемлекет қатысатын кәсіпорындар да осы өзгеріске ілесуге мәжбүр болады.
Зор үміт күтетініміз де сол, жасанды интеллект Қазақстан үшін болашақтың жобасы емес, бүгін басталуы тиіс нақты экономикалық құралға айналып отыр. Бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалану елдің аймақтық деңгейде ғана емес, жаһандық технологиялық картада өз орнын табуына жол ашуы мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!