Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жалпы, жаңа жыл түнінде Қазақстанда 254 нәресте туған.
Бір қызығы, туған нәрестелердің саны, жынысы бойынша ұлдар мен қыздар бірдей көрсеткішке ие. Олардың арасында Ақтөбе облысында дүниеге келген бір егіз бар.
Ең көп сәби дүние есігін ашқан өңірлердің көшін Түркістан облысы бастайды. Ол өңірде 29 бала, Шымкент қаласында 24 нәресте туған. Ал Астанада 22 және Алматы қаласында 21 нәресте шаңыраққа шаттық сыйлады.
Денсаулық сақтау министрлігі «Аналар саулығы» бағдарламасы шеңберінде экстрагениталдық патологияларды анықтау, жоспарланған жүктілікке дейін зерттеп-қараулар мен сауықтыру мақсатында профилактикалық қарап-тексерулер мен прегравидарлық дайындық жүргізіп жатқанын хабарлады.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша прегравидарлық дайындықпен қамту 11%-ға артып, әйелдердің 46,5%-ын құрады. Жүктіліктің 10 аптасына дейін ерте есепке тұрған жүкті әйелдердің саны 25%-ға өсті. Бұл әрбір болашақ анаға жеке мультидисциплинарлық тәсілді қамтамасыз етуге, сапалы антенаталдық күтім көрсетуге, қауіпсіз босануға және босанғаннан кейінгі бақылауды жүргізуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!