Арал қаласындағы Руханият орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап шығарылған «Жеңісті жақындатқан Арал айбындылары» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Оған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, руханият саласына еңбек сіңіріп келе жатқан зиялы қауым өкілдері, кітап авторлары және оқырман қауым қатысты.
Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл. Талай шаңыраққа қасірет қамытын кигізіп, талай адамның тұз-дәмін түгескен қан майданның ауыр мехнаты тарих қатпарларында қанмен жазылып қалды.
Зұлмат жылдар тарихының беттерін парақтасақ, жеңіс сағатын соқтыруға аралдықтардың да қосқан үлесін мақтанышпен айтуға болады. Жалпы Ұлы Отан соғысына 12 мыңға жуық жерлесіміз аттанып, оның 6 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапқан.
Бұл кеште алдымен өмірден өткен барша майдангерлердің рухына Құран бағышталды.
Мұнан соң аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы сөз сөйлеп, кітаптың шығу тарихына және оған еңбек сіңірген азаматтардың еңбегіне тоқталып өтті.
– Қадірлі жерлестер, құрметті оқырман қауым! Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітап – тасқа түскен тарих пен хатқа түскен ақиқаттың ақтаңдақтарын хаттап, кестелеген құнды тарихи туынды. Бұл кітапта батырлардың есімдері, олардың өмір жолдары мен ерліктері жайлы сыр шертетін бағалы деректер жинақталған. Кітаптың әрбір беті – сол кездегі қиындық пен қайсарлықтың, үміт пен жеңіске ұмтылған жігердің куәсі іспетті. Осы орайда кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан барша азаматтарға, әсіресе деректерді іздеп, жинақтаған зерттеушілер мен кітап құрастырушыларына және кітаптың жарық көруіне қаржылай демеушілік жасаған жандарға шексіз алғысымды білдіремін. Еліміздің бейбіт аспаны мәңгілік болсын, ал бабалар ерлігі ұрпақ жадында сақталып, Отанымызды өркендетуге жігер берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бағымыз баянды, бірлігіміз бекем болғай, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.
Оқырман олжасына айналған бұл кітап тарихтың қалтарыс-бұлтарысында есімі еленбей қалған біршама боздақтардың рухын қайта тірілтіп, елімен қауыштырды деуге болады. Бұл кітаптағы әрбір есім, әрбір оқиға – ұрпақ жадында жаңғыратын әрі ерлік сабақтастығын жалғастыратын алтын арқау. Он бөлімнен тұратын кітапта боздақтарымыздың есімдері қайта жасақталып, соғыс даласында ерлік танытқан нәзік жандылардың да өмір деректеріне шолу жасалған.
Салтанатты шарада кітап авторлары – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Е. Абдулла, архив саласының үздігі, «Арал өлкетанушылары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Қуатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Айымбетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Ж.Жақып және кітаптың шығуына демеушілік жасаған кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты М.Жұмашев сөз алып, жылы лебіздері мен ой-пікірлерін ортаға салды.
Қонақтар ұлт руханиятының қазынасына қосылар тағы бір сүбелі үлес болып табылатын кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысты.
Бұл кітап аудан кітапханаларының алтын қорын тағы бір тың дүниемен толықтыратын болады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!