Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТҮРЛІ  ТҮСТІ  КӨЗҚАРАС. ЛГБТ  насихатына  қарсы  заң  хақында

25.12.2025, 11:40 258

Қоғамда ЛГБТ тақырыбы сәл бәсеңсіп, жұртшылық бұл қозғалысқа толерантты көзқараспен қарай бастағандай  көрінген. Алайда соңғы бір жылдың  аясында Қазақстан үкіметі бұл қозғалысқа өзгеше, агрессивті кейіп  танытуға  көшті. Ақыры жақында, дәлірек қараша айында Мәжілістің екінші оқылымында депутаттар ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым залатын заңды мақұлдады. 18 желтоқсан күні Сенат түзетулерді дұрыс деп  танып, заң ресми күшіне  енді.

Заңға сәйкес қоғамның пікірі сан-саққа бөлінді. Консервативті көзқарасты ұстанатын қауым жаңа заңға келісе кетті. Олардың сөзінше ЛГБТ насихаты жасөспірімдер мен балалардың санасын улайды-мыс. Ал екінші тарап, яғни толерантты, азаматтық қоғам өкілдері бұл нәрсені демократиялық елге жат деп қабылдайды. Мәселені жан-жақты талдап, таразылап көрелік.

ЛГБТ насихатына қарсы алғашқы заңнама­лық наразылық осыдан он жыл бұрын бастау алған. 2015 жылы Қазақстанда бірінші рет «дәстүрлі емес сексуалдық бағдар насихаты» туралы заң жобасы әзірленіп, парламенттің жоғарғы палатасы Сенат арқылы өткен еді. Бұл «Бала­ларды зиянды ақпа­раттан қорғау» туралы заң жоба­сына енгізілген «насихат» бабына қатыс­ты-тұғын. Бірақ та Қазақстанның конституциялық Кеңесі оны анықтамалары өте кең және түсініксіз деген негізбен конституцияға қайшы деп танып, қабылдаған жоқ. Қорыта айтқанда, 2015 жылы бұл тақырып парламент деңгейін­де алғаш рет заңнамалық түрде  қозғалған,  алайда  іске  аспай  қалған.

2024 жылдың сәуір айында аталған мәселенің «жаңа толқыны» келді. Араға тоғыз жыл салып, депутаттар «ЛГБТ насихатына тыйым салу» туралы тағы да түзету енгізуді ұсынған. Бұл кезде ұсыныстар Мәжілісте «БАҚ туралы» заң жобасына енгізілді, бірақ ақыр  соңында  ол  заң  мәтініне  кірген  жоқ.

Сол жылдың жазында ресми түрде респуб­ликалық деңгейде петициялар жиналып, халық жаппай наразылық білдіре бастады. Мәселен, қоғамдық платформада «ЛГБТ насихатына тыйым салуды талап ету туралы» өтініш 50 000 қол жинап, қоғамда осы тақырыпта біршама  пікірталас  тудырды.

Сол қоғамдық талқыда, әсіресе мәжілісмендер өте белсенді болды. Белгілі саясаткерлер мен депутаттар ЛГБТ насихатына тыйым салу­ды тек әкімшілік жауапкершілікпен шектеп қоймай, қылмыстық жауапкершілік енгізу тура­лы  да  айтқан.

– Біз тек тыйым салумен шектелмеуіміз керек. Егер бұл тыйым бұзылатын болса және ЛГБТ әлеуметтік желіде, БАҚ-та немесе басқа да жанама тәсілдермен насихатталса, менің ойымша, тек әкімшілік ғана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы керек, — деді Еділ  Жаңбыршин.

Депутаттың сөзінше, ақпараттың 73 пайызы әлеуметтік желілердегі мазмұннан келеді. Олар – насихаттаудың негізгі құралы.

– Отбасылық құндылықтар мен әйелдердің денсаулығы туралы Женева декларациясы бар. АҚШ бұл құжатқа сілтеме жасай отыра, ЛГБТ-­ға тыйым салу туралы заң қабылдады. Адамдардың құқықтары қорғалуы керек, бірақ неге біз көпшіліктің емес, аз адамның пікірін қолдауымыз  керек? — дейді  депутат.

Көпшілік жаңа қабылданған заңды дұрыс түсінбей, жалпы ЛГБТ-ға тыйым салынатын болды деп қате тұжырымдауы мүмкін. Жоқ, олай емес. Заңда негізгі аспектілерге мән беріледі және «насихаттауға» басымдық қойыл­ған.

Жаңа қабылданған заңда негізгі нысана ретінде «дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттау» ұғымы алынған. Құжатта бұл норма дербес заң ретінде емес, балаларды зиян­ды ақпараттан қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары, жарнама, мәдениет және цифрлық контентті реттейтін бірқатар заңға енгізілген түзетулер арқылы бекітілген. Заң шығарушылардың ресми уәжіне сәйкес, өзгерістердің басты мақсаты кәмелетке толмағандарды психоло­гиялық тұрғыдан ықтимал зиянды ақпараттан қорғау және қоғамдық моральдық құндылықтарды  сақтау  саналады.

Заң  мәтінінде «насихат» ұғымы дарала­нып, белгілі бір құбылысқа оң көзқарас қалып­тастыруға бағытталған, кең аудиторияға тарала­тын ақпарат ретінде сипатталады. Осы тұрғыдан алғанда, ЛГБТ тақырыбын жағымды немесе қалыпты құбылыс ретінде көрсету заңмен шектелетін әрекет санатына жатқызылған. Түзетулер БАҚ-тағы жарияланым­дарды, әлеуметтік желілердегі контентті, интер­нет-ресурстарды, сондай-ақ кино­өнімдер мен жарнамалық материалдарды қамтиды. Яғни шектеу журналистік өніммен қатар, жалпы ашық  ақпараттық  кеңістікке  таралады.

Заңда тыйым салынатын әрекеттер қатарына ЛГБТ-ға қатысты ақпаратты көпшілікке тарату, оны қолдайтын немесе оң бағалайтын мазмұндағы материалдарды жариялау енгі­зілген. Бұл ретте заң жобасында ақпараттық сипаттағы хабар мен насихаттың аражігін нақты ажырататын тетік толық көрсетілмеген. Осы мәселе сарапшылар тарапынан ең даулы тұстардың бірі ретінде аталып отыр, өйткені құқық қолдану тәжірибесінде «насихат» ұғымы­ның  кең  түсіндіріліп  кету  қаупі  бар.

Жауапкершілік мәселесіне келсек, заң әкімшілік сипаттағы санкцияларды көздейді. Атап айтқанда, талаптарды бұзған жеке тұлғалар мен ұйымдарға айыппұл салу немесе өзге де әкімшілік шаралар қолдану қарастырылған. Қылмыстық жауапкершілік енгізу туралы ұсыныс­тар қоғамдық талқылау барысында айтыл­ғанымен, түпкілікті қабылданған нұсқада бұл норма бекітілмеген. Осылайша заң негізінен алдын алу және шектеу тетігі ретінде ұсынылып  отыр.

Заңды әзірлеушілер оның адам құқықтарына тікелей шектеу қоймайтынын, тек ақпарат тарату саласын реттейтінін алға тартады. Ресми дискурста бұл түзетулер сөз бостандығын емес, балалардың мүддесін қорғауға бағытталған деп түсіндірілуде. Десе де, заң мәтініндегі тұжырым­дардың  жалпылама  берілуі оның медиа саласына, журналистік тәжірибеге және қоғамдық пікір қалыптастыру үдерісіне қалай әсер ететіні жөнінде қоғам арасында ашық сұрақтар  қалдырып  отыр.

Сөз басында атап өткендей, қос тарап­қа бөлінген пікірлер сан алуан. Заңға қарсы шығушылардың айтуынша, бұл шешім – нағыз дискриминация. Яғни аталған заң қоғамның бір бөлігін тығырыққа тіреп, екеу­ара қарым-­қатынасты қарапайым түрде жариялаған­ның өзінде зорлық-зомбылық пен педофилиямен қатар айыптайды. Адам құқығын қорғаушы ұйымдардың ашынатыны да сол.

ЛГБТ қолдаушыларының тағы бір түсінбейтіні – «насихаттау» санатына ненің жататынында. Дәстүрлі емес ориентация жөнінде ақпарат тарату насихаттау болып есептелетіні елге мәлім болғанымен, бірақ нақты қандай ақпараттар екені түсініксіз қалып отыр. «Бұған денсаулыққа қатысты материалдар да кіре ме?», «Ал статистикалық деректер ше?», «Социо­логиялық зерттеулер қалай болады?» дейді олар. Мұндай шектеулер ЛГБТ өкілдері үшін аса қажет ақпаратқа қолжетімділікті қиындатып, соның салдарынан, оның ішінде денсаулыққа байланысты мәселелер туын­датуы  мүмкін.

Кей құқық қорғау өкілі мұны насихат­тауға балайды. Саясаттанушы Димаш Әлжанов Қазақ­станның  Кремль қалыптастырған нарратив  аясында әрекет етіп отырғанына сенімді. Оның айтуынша, бұл нарратив Батыс демокра­тияларымен текетірес жағдайында ресей­лік қоғамды жұмылдыру үшін ойдан шығарылған қауіп-қатерді  пайдалануға  негізделген.

– Мұндай тәсілді тек Қазақстан ғана емес, өзге де авторитарлық режимдер қолданады. Олар сыртқы қауіптің жалған бейнесін жасап, қарапайым адамдардың қорқынышын манипуляциялау арқылы қоғамға бақылауды күшейтеді, — дейді  ол.

Factcheck.kz сайтындағы «ЛГБТ-ға қарсы «қасиетті соғыс»: Қазақстан жорығы» мақаласында жазылғандай, заңның қабылдануы елге бірқатар мәселе әкеп соғуы мүмкін. Оның ішінде жауыр болған цензура, өзіндік цензурадан бөлек, платформаларды бұғаттау, экономикалық шығын мен инвестицияның азаюы да  бар.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың сөзі де  осыған  саяды.

– Бұл заң қабылданған жағдайда, Қазақстанда сөз бостандығы азаяды, өйткені «ЛГБТ пропаган­да» деген – өте ауқымды түсінік. Оның қамтитын нәрсесі айқын емес. Сондықтан да қазақстандықтар үшін бұл дегеніміз үйреншікті өздері тұтынатын кино өнімдері, оқитын кітаптар, әлеуметтік желідегі материалдар – бұлардың барлығы цензураға тап болады деген сөз, — дейді  сарапшы.

Ал заңның қабылдануына түрткі болып, жалпы «фундамент» қалыптасуға ықпал еткен АҚШ президенті Дональд Трамптың тұжырымдары еді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та  ЛГБТ қозғалысына ашық қарсы болмағанымен, олар бастаған көштің артында бір гәп  бар  екенін  алға  тартқан  болатын.

– Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен таңылып, соның желеуі­мен халықаралық үкіметтік емес ұйым­дар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатыс­ты оқиғаларды анықтауға және «тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық, — деді  ел  Президенті.

Елдегі «түрлі түсті» қоғам өкілдеріне тіке қарсы шығып, жаңа заң қабылдануына түрткі болғандардың бірі – қоғам белсендісі Бағила Балтабаева. Оның айтуынша, шектен шыққан насихаттың  салдарынан  елімізде дәстүрлі емес ориентация  өкілдері шектен тыс көбейіп жатыр. Ол әлеуметтік желілердегі біржынысты адамдардың өз ориентацияларын ашық айтып, көрсетулері қоғамға кесапат келтіріп жатыр деп  есептейді.

– Мен жаратушыға сенетін адам ретінде бұл нәрсені азғындыққа балаймын. Өйткені, малдың өзі біржыныстылық жасамайды. Айғыр­дың айғырға шапқанын көріп пе едіңіз? Бүгінде өзін «біржыныстымын» деп жүргендер отырып алып, ұзын-сонар сөз сөйлейтін болған. Мен олардың айтуына сенбеймін. Менің түсінігімде бір­жынысты ген деген жоқ, — дейді ол Жанар Байсемізге  берген  сұхбатында.

Бірақ та ол ЛГБТ өкілдерінде шатағы жоқ екенін, құқықбұзушылық болып тек оны на­сихат­таушыларға ғана саналатынын атап өтті.

Әлемдегі белді құқық қорғау ұйымдары жата-­жастана Қазақстанға түзету енгізуді алып тастауға өтінім айтуда. Мұндай мәлімдемені Access Now, Civil Rights Defenders, Eurasian Coalition on Health, Rights, Gender and Sexual Diversity, Helsinki Foundation for Human Rights, Human Rights Watch, International Partnership for Human Rights және Norwegian Helsinki Committee жасады. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТИК+ өкілдеріне қатер төндіруі  мүмкін.

«Түзетулер қабылданған жағдайда Қазақ­стан адам құқығы саласында халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерді бұзады, арасында балалардың білім алу, денсаулығы мен ақпарат алу құқығы бар» дейді мәлімдеме  авторлары.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

«Халықтың» коллажы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: