Кеше Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданында автоматты газ тарату стансасы жұмысын бастап, Қамыстыбас елді мекеніне табиғи газ қосу рәсімі өтті. Оған құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты, «көгілдір отын» игілігіне қол жеткізген қамыстыбастықтарды құттықтап, инфрақұрылым жеткізу саласындағы жетістіктерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы: «Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп тапсырған болатын.
Бүгінде мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсатының бірі – ауылдарды дамыту. Үкімет пен облыс әкімдеріне қолдау тетіктерін тиімді және мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндеті жүктелген.
Сыр өңірінде халық саны 845 мың адам болса, оның 447 мыңы, яғни 53 пайызы ауылда тұрады. Аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім бар. «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында ауқымды жұмыс атқарылуда», – деді Н.Нәлібаев.
Автоматтандырылған газ тарату станциясы Арал ауданына қарасты 18 елді мекендегі 15 мыңға жуық халыққа кезең-кезеңімен «көгілдір отын» жеткізуге мүмкіндік береді.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, елдің игілігі үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады.
Қызылорда облысында 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болған еді, 2022-2025 жылдар аралығында 65 млрд 100 млн теңгеге 77 жоба жүзеге асырылды. Осылайша биылғы газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті.
Басқосуда ауданның дамуына елеулі еңбегімен үлес қосқан ел ағалары мен газ құбырын тартқан әрі мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Нұржау Ділмағамбетов бата берді.
Іс-шарадан кейін облыс әкімі ауыл тұрғынының үйіне аялдап, газдың берілуін, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне тигізген оң әсерін көрді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!