Нұрман ТАЛҚАНБАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы:
«Той-думаннан бұрын елдік мүдде бірінші орында болуы қажет»
– Нұрман Бақбергенұлы, Сіздің автобиографияңыз таңғалдырып отыр. Себебі, тоқырау жылдары елдің бәрі мемлекеттік жұмыстан кетіп, бизнеске бет бұрып жатқанда, сіз керісінше, мемлекеттік қызметке келіпсіз. Сауда саласындағы әжептәуір табысты жұмысты тастап, мемлекеттік қызметке ауысуға не түрткі болды?
– Оның жұмбақ дәнеңесі де жоқ. 1995 жылы Қазалы аудандық кооперативтік дайындау мекемесінің директоры қызметін атқарып жүрген жерімнен сол кездегі аудан әкімі Нажмадин Түркпенұлы аудан әкімінің орынбасары қызметіне ұсыныс жасады. Ол тұста мемлекеттік қызметке келудің талабы сәл басқашалу еді. Көпшілік біледі ғой, тоқырау жылдары бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлер 5-6 айлап жалақы алмады. Оның орнына азық-түлік таратқан күндеріміз болды. Базардағы бизнесмендерге беделімізді салып, халықтың ас-ауқатын тауып беріп отырдық. Негізгі шаруамыз тұрғындарды сабырға шақырып, елдің тыныштығын қамтамасыз етуге күш салдық. Жасыратын несі бар, жол жөндеу, ауызсу, жарық жүргізу, газ тарту, жаңадан ғимарат салу сынды жұмыстарды атқаруға мүлде мүмкіндік болған жоқ. Мұндай шаруаларды жүргізуге бюджеттің шамасы жетпейтін. Әйтеуір әупірімдеп осы қиындықтардан өттік. 1995 жылдан 2007 жылға дейін Қазалы ауданы әкімінің орынбасары ретінде шама-шарқымызша жұмыс атқардық. Кейін облыстық басқармаға басшы, одан әрі Қазалы, сонан соң Жалағаш ауданының әкімі қызметіне тағайындалдық.
Ілгеріде әлеуметтік мәселелер өте күрделі еді. Тіпті, ауыл мен аудан арасында қатынайтын автобус, байланыс желісін орнатудың өзі мұң. Қазір бұл түйткілдердің біразы шешімін тапты. Осыдан 10-15 жыл бұрын балалардың қолында смартфон жүреді деп кім ойлады? Мұндай өзгеріс болатынын ешкім де күткен жоқ. Уақытында өте өзекті болған шаруалар рет-ретімен шешілді. Дегенмен, жаһандану дәуіріне сай халықтың сұранысы, талабы да өзгеріп отыр. Алла өмір берсе, алдағы он жылдан кейін сіз бен біздің сөйлесетін тақырыбымыз мүлде басқа болатыны анық.
– Мені мына сауал толғандырады. Жергілікті жерде жұмыс істейтін замандастарым көбіне кез келген тұста аяқ тартып жүретіні бар. Айтыңызшы, мемлекеттік қызметтегі азаматтарға қойылатын талап тым қатал емес пе? Олардың да жеке өмірі, ағайын-туысы, дос-жараны бар емес пе?
– Бұл сұрақ маған өте жиі қойылады. Кей жағдайда бұған жауап берудің өзі ауыр. Адам мемлекеттік қызметте қойылатын талаптар мен шектеулерге мойынұсынып келгеннен соң оны орындауға міндетті. Одан қарапайым еңбек адамы үлгі алу қажет. Мемлекеттік қызметкер кез келген ортада мәдениетті болуы тиіс. Өйткені, оның аузынан шыққан сөз –мемлекеттің атынан шыққан сөз. Егер халық үміт артқан мемлекеттің мемлекеттік қызметкері этиканы сақтамаса, елдің сеніміне селкеу түсері белгілі. «Халқыңа қызмет істеймін десең, мемлекеттік қызметке, өзіңе қызмет істеймін десең, бизнеске бар» дейді. Қабылданып жатқан ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды іске асырушы ол – мемлекеттік қызметкерлер. Сондықтан той-думаннан бұрын елдік мүдде бірінші орында болуы қажет.
«1,5 млн теңге жалақы алатын адам,
150-200 мың теңгеге әкімдікте жұмыс істей ме?»
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 300 президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Дегенмен, үздіктердің қатарына ілінгендерге облыста жауапты қызмет бұйырмай тұр…
– Президенттің бұл бастамасы – елімізде бұрын-соңды болмаған жоба. Мұның негізгі мақсаты – жаңа заманның шақыртуларынан, жаңа трендтерден, жаһандық өзгерістерден хабары бар және бәсекеге қабілетті жастарды мемлекеттік қызметте басшылыққа тарту. Өзің білесің, бүгінгі дәуірдің сұранысы бөлек. Сондықтан осы салада әбден ысылған мамандар мен жаңаша ойлайтын жастарды араластыру арқылы келешек мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру қажет. Неге? Жастардың білім-білігі, мың жерден ой-өрісі мықты болса да, ел басқару ісіне өмірлік тәжірибе міндетті түрде керек.
Президенттік кадрлық резервіне сырбойылық 11 жас ілікті. Оның 1-еуі ғана мемлекеттік қызметкер, қалғаны – әр салада табысты еңбек етіп жүрген білікті жастар.
– Сөзіңізді бөлейін, енді сол жүзден жүйрік шыққан жастар қайда? Облысқа жауапты қызметке шақырылды ма?
– Бұлардың барлығымен хабарластық, сөйлестік. Мәселен, президенттік кадрлық резервіне енген – Азамат Әлішерұлы. Шетелде оқыған. Қазір «Теңізшевройл» компаниясында жұмыс істейді. Біз Азаматқа осында қызмет ұсындық. Келмеді! «1,5 миллион теңгедей жалақым бар, баспана мәселесі шешілген» дейді. Расымен, 1,5 млн теңге жалақы алатын адам, 150-200 мың теңгеге әкімдікте жұмыс істей ме? Мынаны ескеру керек, үздік деп танылған жастардың дені шетел көрген. Олар ең бірінші жеке өмірі мен жалақыға назар аударады.
– Сонда мемлекеттік қызметшілердің орташа жалақысы қанша?
– Облыстық басқармадағы мамандар 100 мың теңгенің үстінде, бөлім басшылары 150 мыңдай, басқарма басшысының орынбасары 180-200 мыңдай, ал басқарма басшылары 250 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Биыл мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру жоспарланған. Дегенмен, елдегі қазіргі эпидахуалды өзің де көріп отырсың.
«Қолынан іс келмейтін, жұмысқа бейімі жоқ маманды ешкім алғысы келмейді»
– Мына сұраққа келсек, тағайындалған кейбір аудан әкімдері ауданға бара сала өзімен бұрын қызметтес болған адамдарды жауапты қызметке алдырып жатады…
– Бұл бірді емес, мыңды толғандыратын сұрақ. Жалпы, облыстағы ауыс-түйістердің бәріне бақылау жүргіземіз. Себебін анықтаймыз. «Сырттан кадр неге алдырды? Ауданда жауапты қызметке лайықты кадр жоқ па?» деген сарындағы сауалдарға жауап іздейміз. Бүгінгі күні облыста өтетін қызметке конкурстарға онлайн қатысып отырамыз. Дегенмен, заңды айналып өтетін жолдар да болуы мүмкін. Кейбір жағдайда аудан әкімдері қажетті мамандарды іскерлігіне қарап шақыртып жатады.
– Ашық айтыңызшы, облыста лауазымды қызметке тұру үшін рушылдық, ағайынгершілік керек пе?
– Бұрын мұндай тенденция болған шығар. Алайда кадр таңдауда рушылдық, ағайынгершілік бар деп айта алмаймын. Біріншіден, бұл заңмен шектелген. Екіншіден, кез келген лауазымды адам қарамағындағы қызметкердің іскерлік қабілетін ойлайды. Шыны керек, қолынан іс келмейтін, жұмысқа бейімі жоқ маманды ешкім қасына алғысы келмейді. Өйткені, лауазымды тұлғаға да бастың амандығы керек.
– Кадрлардың жиі орын ауыстырғаны дұрыс па? Бір лауазымды қызметте қанша жыл отыру қажет? Кейбір ауданда 7-8 жыл бір бөлімге басшылық жасап жүргендер бар ғой…
– Жалпы, бір қызметте ұзақ жыл отыруға болмайды. Себебі адам соған үйреніп қалады. Одан соң өзін-өзі дамытпайды. Сондықтан қызметте көтерілу керек, не басқа қызметке ауысуы тиіс. Меніңше, ауданның ішінде де ауыс-түйістің жиі болғаны жөн. Біріншіден, бұл – «тазалыққа», екіншіден, басшының өзіне қажет.
– Соңғы уақытта облыстық басқармаларда ауыс-түйістер жиіледі. Бірнеше басқарманың басшысы «ат ауыстырды». Жалпы, Қызылорда облысында кадр тапшылығы бар ма?
– Бұл жерде кадр тапшылығынан бұрын, кадр тәрбиелеу мәселесіне мән берген дұрыс. Ұзақ жыл жұмыс істедім дегеннен гөрі «қанша кадр тәрбиеледім?» деген сауалға жауап іздеген жөн. Мысалы, жақында ғана облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы қызметіне келген Мира Жомартқызы. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол маман. Бұрын аталған басқармада қызметте болды, қала әкімдігінде бөлім басшысы, аппарат басшысы, қала әкімнің орынбасары сынды жауапты салаларды тізгіндеді. Конкурсқа түсті. Комиссияның оң бағасын алды. Өтті! Қазір облыстық басқармаға басшылық қызметке келді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов. Ол да бұрын құрылыс саласында жұмыс істеген, осы басқармада жауапты қызмет атқарған. Басшылық қызметке конкурсқа түсті. Комиссия мүшелері тарапынан оң бағаға ие болды. Кеше ғана облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысы қызметіне тағайындалған Медет Усаин. Ол облыстық басқармада басшылық қызметте жүрген ең жас маман екенін айта кетейін. Мемлекеттік қызметте сатылап өсу дегеніміз – осы.
«Сын адамды ширатады»
– Алаштың ақылманы, марқұм Ақселеу Сейдімбек бір сұхбатында «біздегі тағайындалған шенеуніктер шаруашылық, ұйымдастырушылық жағынан мықты болуы мүмкін, бірақ ұлттық мүддеге келгенде ақсап жатыр» деп еді. Мәселен, әлі күнге ана тілімізде ойын емін-еркін жеткізе алмайтын ақ жағалылар бар. Бұған байланысты жеке көзқарасыңызды білсек…
– Жалпы, біздің өзге ұлттарға қарағанда ерекшелігіміз көп ғой. Құшағымыз кең, көңіліміз ақ. Мұндай ізгі қасиет ешбір ұлтта қайталанбайды. Дегенмен, сол дарқан көңілімізден болуы керек, әлі күнге басқа ұлттың тілінде сөйлеуге бейім тұрамыз. Бұл – үлкен қателік. Жасыратыны жоқ, кеңес үкіметінде біз орыс тілін білмесек, қызметке алмады, орысша сөйлемесек, «екінші сортты адам» деп есептеді. Соның сарқыншағы әлі бар.
«Елу жылда ел жаңа» дейді ғой. Бүгінгі күні алқалы жиындарда қазақ тіліне тілі келмесе де, мемлекеттік тілде сөйлеуге тырысып жатқан министрлер, депутаттар бар. Десе де, осымен бұл мәселе шешілді деп айту әбестік болар.
– Мемлекет басшысы өткенде мемлекеттік кәсіби аппарат құру және оған жастарды тарту керектігін айтты. Мен мұны «санасы советтік идеологиямен уланбаған жастарды қызметке алу керек» деп түсіндім. Әлде қателесем бе?
– Жастарды жоғары лауазымға тарту бір күнде қабылданған шешім емес. Бұл – жан-жақты зерттеліп, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалған жоба. Бұған біржақты қарауға болмайды. Лауазымды қызметке тағайындалған жас жастық жалынмен бұрыс шешім қабылдап жіберуі мүмкін ғой. Сондықтан бүгінгі буын кешегі буыннан тәжірибе алғаны жөн. Сын болса, қабылдайды. Сөйтіп өмірлік тәлім-тәрбиені бойына сіңіреді.
– Шыны керек, әлеуметтік желіде халық мемлекеттік қызметшілерді сынап жатады. Дей тұрғанмен, кейде майда-шүйде дүниелердің өзі әжептәуір резонс туғызатыны бар…
– Меніңше, сын міндетті түрде керек. Бірақ сол сын шын болуы тиіс. Сын адамды ширатады. Соның арқасында адам тәрбиеленеді. Кез келген мемлекетте не салада кемшіліктің болатыны рас. Алайда кемшілікті уақытында жөндей білу, саралау – біздің тікелей міндетіміз. Сондықтан да ел президенті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қабылдады. Ашығын айту керек, мемлекеттік органның қызметкерлеріне қатысты тәртіптік іс бізге жиі түседі. Мәселен, Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесімен 2020 жылдың басынан 7 отырыс өткізіліп, 25 мәселе қаралды. Қаралған мәселелердің 14-і тәртіптік іс болса, қалған 11-і мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары, Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы және мемлекеттік органдардың Әдеп жөніндегі уәкілдердің есебіне бағытталды. Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен 8 қызметші әртүрлі тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды. Оның ішінде, Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін 2 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылса, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 6 мемлекеттік қызметшіге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасы қолданылды.
Кейде аты-жөні жоқ арыз-шағымдар да келіп жатады. Жоғарыда мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптарды айттық. Ол соны орындауға міндетті. Егер олай болмаса, мемлекеттік қызметтен кетуі тиіс.
«Лауазымды орынға жетектеп ешкімді әкеле алмаймын»
– Бақберген Досмамбетов бірде маған «Қойшы да өз қойын жейді ғой» деп еді… Биліктің біраз баспалдағынан өттіңіз. Дәл қазір облыстағы лауазымды қызметтің тұтқасын ұстап отырсыз. Сұрайын дегенім, өзіңіз мемлекеттік қызметте демеп жіберген жастар бар ма?
– Сөз басында менің мемлекеттік қызметке қалай келгенімді айттым. Аудан әкімі, мемлекеттік қызметтегі ұстазым Нажмадин Түркпенұлы сауда-саттық саласынан жүрген жерімнен орынбасары етіп тағайындады. Одан кейін Болатбек Пұсырмановпен біраз жыл қызметтес болдым. Сол кісілердің қасында жүріп мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қанықтым, одан бөлек, өмірлік мол тәжірибе жинадым. Ал қазір мемлекеттік қызметке тағайындаудың тәртібі өзгерді. Қатаңдатылды. Оған жету үшін бірнеше конкурстан, комиссиядан, емтиханнан өтуің шарт. Мен мың жерден бір азаматты жақсы көріп тұрсам да, заң шеңберінен аттап кете алмаймын. Бірақ, «айналайын, өтіп жатқан мемлекеттік конкурсқа қатысып, бағыңды сынап көр» деп айтуым мүмкін. Бірақ лауазымды орынға жетектеп ешкімді әкеле алмаймын. Талап – осы.
– Нажмадин Түркпенұлы мен Болатбек Пұсырмановты ұстазым дейсіз. Сізді мемлекеттік қызметте ұстаз деп санайтындар бар ма?
– Мүмкін бар да шығар.
– Нұрман Бақбергенұлы, мемлекеттік қызметте жүріп байып кетуге бола ма?
– Жоқ.
– Ендеше неге лауазымды азаматтардың дені қымбат көлік мінеді, зәулім үйлерде тұрады?
– Оның барлығына талдау жүргізу қажет. Жалпы, елдегі мемлекеттік қызметшілердің тұрмысы тым төмен не тым жоғары деп айта алмаймын. Барлығы орта деңгейде өмір сүріп жатыр.
– Ашық әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!