БҮГІНГІ САТИРА
Астанадағы Есіл өзенінің жанында демалып отырғанмын ғой, бір бөтелке бір батып, бір шығып, ағып барады екен. «Наполеон хат жазып, бөтелке ішіне салып жіберген болар?» деп ойламасам да, тегін бөтелке емес екенін ішім сезіп, ұзын таяқпен түртпектей бастадым. «Ішінде елу мың теңге болса ғой!» деген дәмем де бар.
Бір кезде жағаға шығарып, тығынын ашып қалып едім, шалқамнан түсе жаздадым. Сасқанымнан лақтырып жібердім. Сөйтсем, бөтелкеден ертегілерде кездесе беретін кәдімгі жынның шыға келгені!
– Иә, не бұйырасыз, алдияр! Үш тілек айта беріңіз, — деп тұр.
Не дерімді білмей қалдым. Алты баламмен пәтер жалдап жүргенім есіме түсе кетіп:
– Үш бөлмелі пәтер болса, — деппін.
– Қайдағыны сұрайды екенсіз! Не, мен сізге қала әкімімін бе, жоқ әлде «Қаракет» қорынанбын ба? Қызық адам екенсіз! — деп ұрысып алды да, жай ғана сызылып:
– Не бұйырасыз, алдияр? Үш тілегіңізді айта беріңіз! — деді.
Ештеңе сұрағым келмей қалды. Соның өзінде:
– Жер бетіндегі соғысты тоқтатсаң, — дедім.
Ол:
– Не мені БҰҰ төрағасы деп пе едіңіз? Жоқ, әлде Америка президенті деп пе едіңіз? Ол да тоқтата алмай жүр. Пәленің бәрі өздерінен! Адамдардан! Жындарыңды қағып алу керек! — деп айғайлап берді де, сызылып:
– Не бұйырасыз, алдияр? — деді.
Сұрауға қорқып қалдым. Қандай жын өзі? Жын емес, жынды ғой деймін. Сонда да:
– Америкаға қыдырып барайыншы. Өмірімде ел аралап көрмеппін, — дедім.
– Не, мені туристік агенттіктің алаяқ бастығы деп пе едіңіз? Халықтан ақшаны жинап алып, қашып кететін. Жоқ әлде, ерігіп жүр дейсіз бе? Тағы не сұрайсыз?
– Құрысын, ештеңе, — дедім мен.
– Жоқ, сұраңыз, сізде бет жоқ қой.
– Ой, керек емес.
– Ұялма.
– Біздің елде менсіз де ұятсыздар көп билікте.
– Сұлу қызбен таныстырайын ба?
– Үйленіп қойған едім.
– Аурусыз ба, не?
– Жоқ, Құдайға шүкір, саумын.
– Тісіңізді жуып берейін бе?
– Керек емес.
– Бір бала туып берейін бе?
– Ойбай, қажеті жоқ. «Женский» жынсың ба не?
– «Каспиіңізге» 100 теңге аударайын ба?
– Жоқ, рақмет.
– Атып кетейін бе?
– Беті аулақ! Онсыз да желіккен жастар атысып…
– Не айтсаңыз да орындаймын!
– Айтқанымды орындамай тұрсың ғой.
– Қызықсыз. Кейбір министрлер мен әкімдер «халыққа жағдай жасайық!» дейді ме?
– Дейді.
– Артынан алдап кетіп, халық опық жейді ме?
– Жейді.
– Олай болса, мен де сені алдадым! Сау бол! — деген ол бөтелкенің ішіне кіріп кетті. Ұялғанымнан сол жынмен бірге мен де бөтелкенің ішіне кіріп кеткім келді. Жынды жын екен ғой!
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!