Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Беті жоқ батыр

10.11.2025, 14:00 134

HALYQLINE.KZ

Бұл ұшқыштың батырлығы мен шыдамдылығын санаулы адам ғана білді. Себебі, ол жазушы Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» повесінің кейіпкері, Совет Одағының Батыры Алексей Маресьевтің тасасында қалып қойды. Екі аяғын үсітіп алып өз әскеріне қосылғанымен, ампутация жасап кесіп тастағанымен, протезбен қайтадан ұшақ штурвалына отырғанын бәріміз мектепте оқыған болатынбыз.

Ал, Леонид Белоусовты Ленинградтың Доброблюбов даңғылында тұратын көршілері ғана білетін. Совет Одағының Батыры ретінде оны талай журналис «ерлігіңізді халық білсін» деп ұсыныс айтқанымен, сыпайы түрде бас тартып отырды. Мүмкін, өзінің беті болмаған соң, фотоға түскісі келмеген шығар.

Леонид Белоусов 1938 жылы жау ұшағы шекарадан өтіп кеткен кезде өз истребителімен көтеріліп, шекарадан асырып қуып тастайды. Қайтар кезде боран соғып, өз аэродромына көз жобамен қонады. Жерге соқымен қонғандықтан өртеніп кетіп, кабинадан шыға алмай жатқанда, жауынгер достары әрең алып шыққанымен, басы мен беті түгел күйіп кетеді.

Госпитальда басы мен бетіне арқасыннан кесіп алған терісін тіге бастаған операция 12 сағатқа созылды. Қабағы мен кірпігі түгел жанып кеткендіктен, етті ол жерлеріне наркозсыз тігеді. Көзін жабатын қабағы болмағандықтан, ашып ұйықтайтын болды. Бір күні шыдамай бинтті алып тастағанда бар дауысымен: «Көзім көреді, енді қайтадан ұша аламын» деп айғайлап жіберді.

1941 жылы соғыс басталғанда Ленинград майданындағы Ханька аралындағы эскадрильяның командирі болып, Ленинградқа азық-түлік таситын «өмір жолын» әуеден қорғап тұрды. Бір әуе шайқасында жау атып түсіргенде, орманға парашютпен түсіп, өз аэродромына еңбектеп әрең жетеді. Аяғы үсіп кеткен соң У-2-мен үлкен жерге жіберіп жатқанда: «мен ораламын» деп қоштасады. Алайда бір аяғы тізеден төмен, екіншісі тізеден жоғары кесілгендіктен, оны авияцияға қайта оралады деп ешкім ойлаған да жоқ. Ол үнемі жаттығумен болды. АҚШ-тан тапсырыс берген протез де келді. Оны «президент Рузвельттің сыйы» деп атап кетті.

Комиссияға барғанда Балтық флотының бас хирургі И.И.Джапаридзе: «Жолдас майор, әуеге ұшу туралы әңгімені қозғамаңыз! Сіз І топ мүгедегісіз» дегенде, Леонид комиссия отырған столға секіріп мініп, жүгіріп барып балконға шығып, суға секіріп кетеді. Судан жүзіп шығып, екінші қабатқа қайтадан келіп, «ал енді менің осы істегенімді біреулерін қайталасаңдар, мені майданға жіберіңдер деп мазаламаймын» дегенде, Джапаридзе медициналық картасына «ҰША БЕР, ҚЫРАН!» деп резолюция қояды. Ол осылайша өз эскадрильясына қайтадан келіп, 300 рет әуеге көтеріліп 9 ұшақты атып түсіреді. Леонидтің қабағы ұйықтағанда да жабылмайтынын білген ұшқыштар әзілдеп, оны «Қырағы» (зоркий) деп атап кетті.

Совет Одағының Батыры Леонид Белоусов 1998 жылы 89 жасында Санкт-Петербургте қайтыс болды.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: