Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында автоэкотур ұйымдастырылды

01.11.2025, 5:13 94

Арал өңірінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен туған жер табиғатына деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ерекше автоэкотур ұйымдастырылды.

Шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткізіліп, табиғатты қорғау ісіне қоғам назарын аударуға бағытталды.

Экотурға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев жетекшілік етті. Делегация құрамында аудандық дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері болды.

Қарт Аралдың табанына бағыт алған автокеруеннің басты мақсаты – экологиялық мәдениетті насихаттау, табиғи байлықтарды сақтау және туған өлкенің экологиялық әлеуетін жаңаша қырынан таныту болды.

Сапардың алғашқы бағыты Сарышығанақ пен Жалаңаш бағытындағы бұрынғы теңіз табанына арналды. Бір кездері толқын тербеген айдын бүгінде қу медиен далаға айналған.

Осында кезінде әйгілі «Игла» фильмі түсірілгені белгілі. Бұл дерек қатысушылардың табиғатқа және өңір тарихына деген қызығушылығын арттырды.

Керуен мүшелері Бессай-Көрсай биігіне көтеріліп, Аралдың кең даласын тамашалады. Әр төбе мен әр тастың өз тарихы бардай әсер қалдырған бұл көрініс қатысушыларды терең ойға жетеледі.

Келесі аялдама – теңіз жиегі. Мұнда тазалық акциясы ұйымдастырылып, қатысушылар жағалаудағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, артық қоқыстарды ретке келтірді.

Бұл шараның негізгі мақсаты – қоғамды экологиялық жауапкершілікке үндеу және табиғатты қорғауға деген саналы көзқарас қалыптастыру болды.

Сапар аясында Тастүбек ауылында жергілікті еңбек адамдары балықшылармен кездесу өткізілді. Кездесуде табиғатты ұқыпты пайдалану, су айдындарын сақтау және экологиялық мәдениетті арттыру мәселелері талқыланды.

Күн көтеріле келе автокеруен Құттыбай шыңында аялдап, өңірдің көркем табиғатын тамашалады.
Одан әрі сапар Қарасандық шыңдары мен Бутаков шығанағына бағыт алды. Бұл аймақтарда экотуризмді дамыту мен табиғи нысандарды қорғау тақырыбында шағын талқылау өтті.

Экотурдың ерекше аялдамаларының бірі – Ақеспе маңындағы термальды бұлақ. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұлақ суының температурасы шамамен 62 градус. Қатысушылар ыстық әрі тұзды суға аяқ малып, табиғаттың шипалы қуатын сезінді.

Кеш бата автокеруен Көне Ақеспе ауылы мен бархан құмдарына жетті. Күннің қызыл шапағы құм бетіне төгіліп, аспан мен жер тұтас бір көрініске айналды. Бұл сәт – табиғаттың әсемдігін ғана емес, оның мәңгілік тынысын да сездірді.

Сапар қорытындысында қатысушылар естелік суретке түсіп, табиғатты сақтау мен экологиялық тәрбие берудің маңыздылығын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Экотур барысында туған жер табиғатын қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және экотуризмді дамыту бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.

Бұл шара Арал өңірінің табиғи байлығын ұлықтап, елдің экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: