Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жайлы қала – жүйелі жұмыстың жемісі

15.10.2025, 8:55 138

HALYQLINE.KZ

Қала келбеті – онда өмір сүріп жатқан халықтың тұрмыс деңгейінің, инфрақұрылымдық даму қарқынының айғағы. Сол секілді, Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында жол құрылысы саласы айрықша маңызға ие. Себебі сапалы жол – тек қатынастың ғана емес, қала тіршілігінің, бизнес пен тұрғындардың өмір сүру сапасының да көрсеткіші. Соңғы жылдары Сыр өңірінің бас шаһарында жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар кешенді жобалар жүзеге асуда. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – қала көшелерін заманауи талаптарға сәйкестендіріп, көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысын жеңілдету, инфрақұрылымдық әлеуетті арттыру. Дегенмен, жол құрылысының ауқымды жобаларымен қатар, оның сапасы мен ұзақмерзімді тиімділігі қоғам назарында тұрған маңызды мәселе болып қала бермек.

 Осы және өзге де нысандардағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылау, құрылыс қарқыны мен сапасын бағалау мақсатында Қызылорда қалалық қоғамдық даму бөлімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бірлесіп жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Баспасөз туры барысында журналистер қала аумағындағы бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, жұмыс барысымен таныстық.

Облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде шаһар көшелерінің аясы кеңейіп, ауылдық округтер мен шет аймақтардағы жолдар жаңарып келеді. Бұл өз кезегінде көлік қатынасын реттеп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде.

Осындай игі істердің біріне аялдадық. Атап айтқанда, А.Айдосов көшесінен С.Бейбарыс даңғылына дейінгі аралықты қамтитын бұл учаскеде жөндеу жұмыстарын «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Тамыз айында басталған бұл жөндеу жұмыстары учаске басшысы Марат Серкешбаевтың айтуынша, қараша айының 25-іне дейін аяқталып, қолданысқа беріледі.

– Мұстафа Шоқай көшесінің аяғына дейін толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша ұзындығы екі шақырым болатын жол, оның ішінде 1300 метрі екі жолақты, 700 метрі төрт жолақты болмақ. Текей батыр көшесінен бастап төрт жолақтыға кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынады. Сонымен қатар, көше бойына заманауи жарықшамдары орнатылады, — дейді «Қыран» ЖШС учаске басшысы М.Серкешбаев.

Қауіпсіз орта сапалы құрылыс пен сенімді бақылаудан басталады

Жол құрылысынан бөлек, көпқабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру барысын да біліп қайттық. Дәлірек айтқанда, Бектұрғанов көшесі №13 үй ауласының көркейту жұмыстарымен таныстық. Қаладағы 18 көпқабатты тұрғын үй ауласын абаттандыру, сондай-ақ, ойын алаңдарын салу бойынша қалалық бюджеттен қаржы қаралып, нәтижесінде, 18 көпқабатты тұрғын үй ауласында құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жоба аясында 19 шағын футбол алаңы, 25 жаттығу алаңы, 21 балалар ойын алаңы, 15 аулаішілік шаруашылық алаңы және 13 демалыс орны салу жоспарланған.

– Облыс әкімінің қолдауымен, 20 көпқабатты тұрғын үй ауласына 1 миллиард 254 миллион теңге қаралып, келісімшартқа отырдық. Мердігер мекеме жұмысының жылдамдығының нәтижесінде, келісімшарт бойынша көрсетілген 7 ай мерзімінен ерте аяқтау жоспарлануда. Жоба қыркүйек айының 1-інде қолға алынды, шамамен жыл соңына дейін қолданысқа берілу жоспарда бар.

Қазіргі уақытта 20 тұрғын үй ауласының 12-сінде жұмыстар жүргізілуде, ал қалған 8 тұрғын үй ауласында монтаждау жұмыстары басталды, — дейді РМК «Еңбек-Қызылорда» директоры Руслан Қыпшақбаев.

Қаланың келбеті мен тұрғындардың өмір сапасы тек жолдың тегістігімен немесе көше шамдарының жарығымен өлшенбейді. Күнделікті өмірге ең жақын орта – ол тұрғын үй аулаларының жағдайы. Ауласы таза, жарық, көркейтілген және қауіпсіз орта әр отбасының жайлылығына, баланың көңіл күйі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Аула инфрақұрылымының ең маңызды бөлігі – балалар ойын алаңының сапасы мен сенімділігі. Себебі, ол – тек ойын орны ғана емес, бүлдіршіндердің дамуына, қозғалыс белсенділігіне, әлеуметтік дағдыларының қалыптасуына ықпал ететін орта. Сондықтан, ойын алаңдарының құрылысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, материал сапасының жоғары болуы, жабдықтардың берік әрі ұзақмерзімділігі басты назарда болуы тиіс. РМК «Еңбек-Қызылорда» мердігер мекемесі осы талаптарды баса назарда ұстап, бала қауіпсіздігін басты мақсат еткен. Айтуларынша, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ойын алаңдарына жұмсақ резеңке жабынтөселіп жатыр. Бұл жабын сырғанау мен жарақат алу қаупін азайтып, су өткізбейтін әрі серпінді қасиеті арқылы бүлдіршіндердің қауіпсіз ойнауына мүмкіндік береді.

Сапа мен сенім сыйысқан жоба жұмыстарының жемісін қашанда қала тұрғындары мен қонақтары көрмек, тұтынбақ. Халық игілігіне берілетін әрбір нысан – қаланың көркеюіне, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына қосылған үлес. Жол мен аула, жарық пен көгал, бәрі де – қала мәдениетін айқындайтын басты көрсеткіштер. Сондықтан Қызылорда қаласында жүзеге асып жатқан жол құрылысы мен абаттандыру жұмыстары – тек инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік маңызы жоғары бастамалар. Бұл бағыттағы тұрақты қолдау мен жүйелі жұмыс Сыр шаһарының болашағын жарқын етуге қызмет етпек.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: