Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала тазалығы – қоғам айнасы

25.09.2025, 7:00 109

HALYQLINE.KZ

Халқымызда «Ай ортақ, күн ортақ, ел үшін туған ер ортақ» деген даналық сөз бар. Мен осы ойға «Ата-анаға бала ортақ, дала менен қала ортақ» деген сөз тіркесін қоссам деймін. Неге десеңіз, бәрімізге бірге тұрған қала мен ондағы тазалық – ортақ абырой. Ендеше, неге туған қаламыздың тазалығына сақшыдай сақ қарамасқа?!

Иә, қала тазалығы – бәрімізге ортақ абырой. Қала – өз үйіміз. Олай болса, туған қаламыздың тазалығына өз үйімізді таза ұстағандай мұқият қарауымыз қажет. Сонда ғана сіз бен біздің еліміз ешкімнің алдында еңсесі түспей тап-таза, әдемі елге айналары сөзсіз.

Қызылорданың қазіргі келбеті қыздай болып жасанып, жігіттей жарасымды жетіліп келеді. Бұрынғыдай көше бойынан үйілген күл-қоқыс, тасталған темекі тұқылы, босаған пластикалық құты, бөтелке көзге көрінбейді. Бұл – талап пен тәртіптің нәтижесі.

Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қазіргі уақытта әр сенбі сайын қала көлемінде толыққанды тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы күні облыс орталығында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өткізілген тазалық жұмыстарының қорытындысы бойынша 125 мекемеден  шамамен екі мыңға жуық адам қатысқан. Сонымен қатар, 42 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде орталық полигонға 150 м 3 қоқыс шығарылды.

Сенбілік  –  тазалық  жаршысы

Қала көлемінде ұйымдастырылған сенбілік қала тынысының кеңеюіне үлесін қосуда. Тазалық жанашырлары аз уақыттың ішінде айналаны тазартып, қала келбетінің келісті болуы үшін тер төкті. Сенбілік жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Соның ішінде, қаланың кіреберіс аймағын, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасын толық қамтыды. Осылайша, қоқыс қалдықтарын шығарып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосып отыр. Тазалық іс-шарасына қатысушы әрбір азамат қажетті құрал-жабдықтармен, қолғаптар мен қоқыс салатын қаптармен қамтамасыз етілді.

Бұл іс-шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және көшелердегі тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аудартуға, санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды.

– Тазалық табалдырықтан басталады. Ал, қазақ халқы үшін табалдырықтан асқан тау жоқ. Туған өлкемізді таза ұстау әрбір тұрғын үшін міндетті болуы керек. Тазалық – тек көше сыпыру емес, көркейту-көгалдандыру, санитарлыққа мән беру. Тұрғын үй маңайын күнделікті сыпырып, жаз бойы су сеуіп, орталық алаңда шемішке қабығын тастамау, жасыл желекке күтім жасау. Міне, мұның бәрі сайып келгенде шаһардың шырайын арттырары сөзсіз. Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады. Қоғамды түзеймін десең, алдымен өзіңді түзе. Ал, елдің тазалығы сенен басталады. Осыны ұмытпағанымыз абзал, — дейді қала тұрғыны Әлменбет Нұрғиса.

Қоғамдық  орында  тазалық  сақтау  қажет

Жалпы әр күн, әр ай тазалық күні, тазалық айы болуы тиіс. Тазалық сенбілік іс-шараларымен шектеліп қалмауы керек. Бұл – қала тұрғындарының ортақ межесі.

Соның өзінде қала аумағындағы әр көпқабатты тұрғын үй аумағына толыққанды тазарту жұмыстарын жүргізу мүмкін болмауда. Соған қарамастан «Қызылорда тазалығы» мекемесі жұмысшыларының еңбекқорлығының арқасында тиісті жұмыстар уақытылы ұқыптылықпен атқарылуда. Серіктестік қала бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерге, жеке сектордағы тұрғын үйлерге тұрмыстық қатты қалдықтар шығару қызметін көрсетеді. Көппәтерлі  тұрғын үй саны қала бойынша 824 болса, оның ішінде 764 көппәтерлі тұрғын үйдің тұрмыстық қатты қалдықтарын шығару қызметін көрсетеді.  Қаладағы жалпы саны 287 қоқыс алаңына 1350 контейнер орнатылған. Көппәтерлі тұрғын үйлерге тозығы жеткен 341 дана қоқыс жәшігі жаңартылды. Тозығы жеткен контейнерлер уақытылы жыл сайын ауыстырылуда.

– 120-ға жуық жұмысшы мен 30 арнайы техника күнделікті тазалыққа жауап береді. Қазіргі уақытта «Қызылорда тазалығы» ЖШС теңгерімінде барлығы 112 дана арнайы техника бар. Қаламыздың санитарлық тазалық жұмыстарына бюджеттен қаралған қаржы 240 көшені қамтыса, серіктестікте осы жұмыс көлемін 200-ге жуық жұмысшы атқаруда. Алдағы уақытта санитарлық тазалыққа бюджеттен төленетін қаржы көлеміне сәйкес жұмысшылар жалақысын өсіру көзделіп отыр. Өткен жылдармен салыстырғанда жұмысшылар жалақысы 10000 теңгеге өсті. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс енгізіліп, заманауи коммуналдық техникалар алуды жоспарлаудамыз. Қала тазалығы – бәрімізге ортақ іс. Қазіргі уақытта қала көлемінде контейнер орнатпаған жеке сектор тұрғындарының көше қиылысына жасырын түрде тастаған қоқыстары жинастырылып, арнайы қоқыс тасталатын орынға тасымалданып келеді. Қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлық танытуға, қоғамдық орында тазалықты сақтауға шақырамыз, — дейді «Қызылорда тазалығы» КМК директорының міндетін атқарушы Сапарғали Ғалиұлы.

Тілші  түйіні

Қоңыр күз келгенде жылғалар бітеліп, айнала ластанатыны белгілі. Табиғаттың тынысын ашу мақсатында жол жиектері, арықтар күл-қоқыстан тазаланады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы барлық мектеп пен балабақшалардың, яғни барлық әлеуметтік нысанда тазарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Сенбілік – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет іс-шара. Ендеше елдік істе ауызбіршілгіміз артып, шаһар шырайы ажарлана бергей!

Тұрар  Бекмырзаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: