Әлемде нағыз вундеркинд адамдар болады. Олар өздерінің туабітті қабілеті мен қасиетін спорт аренасында жарқыратып, өзгелерге үлгі бола отырып, жаңа бір даңқ дәуірін жасайды.
Мысалы, Швейцарияның аты аңызға айналған мергені Конрад Штэхелидің әлем чемпионатында жеңіске жеткен саны – 41 мәрте! Бұл – бір адамның табандылығы мен еңбегінің айқын дәлелі.
Оның отандасы Карл Циммерман – 30 дүркін әлем чемпионы. Бұл көрсеткіштің өзі – спорт тарихында сирек кездесетін құбылыс.
Голландиялық конькобежші Свен Крамер – 29 рет, ал жүзуден АҚШ-тың даңқты спортшысы Майкл Фелпс 26 рет әлемдік аламанда топ жарған.
АҚШ мергені Лоунс Виггер 22 дүркін чемпион болса, норвегиялық биатлоншы Уле-Эйнар Бьорндален 20 мәрте алтыннан алқа таққан.
Әйелдер арасында ресейлік синхронды жүзуші Светлана Ромашина 20 рет әлем чемпионы атанып, әйелдер спортының биік шыңын бағындырды.
Бұл есімдер – жай ғана спортшылар емес, олар – табандылықтың, қажыр-қайраттың, жеңіске деген ерік-жігердің символы.
P.S. Қазақта дәлдік пен шеберліктің биік үлгісін айшықтайтын «құралайды көзге атқан мерген» деген бейнелі сөз бар. Бұл – халқымыздың ғасырлар бойғы өмірлік тәжірибесінен туған ұғым. Ендеше, неге дәл сондай мергендер біздің арамыздан шықпайды? Мүмкін, олар Конрадтай қырық мәрте емес, бірақ Лоунс сынды жиырма мәрте әлем чемпионын шығарар ма еді?!
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
Суретте: америкалық мерген Лоунс Виггер.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!