Жақында 11-21 қыркүйек аралығында Алматы облысында төрт жылда бір мәрте өтетін «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары өтеді. Дүбірлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшылары 20 спорт түрі бойынша бақ сынайтын болады.
Осыған орай, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы басқармаға қарасты барлық спорт мектеп директорларына арнайы жиналыс өткізді.
Жиында басқарма басшысы спорт түрлеріне жауапты мектеп директорлары мен жаттықтырушыларды бекітіп, қызу дайындықты қазірден бастау керектігін қатаң түрде ескертті.
-Санаулы күндерден кейін Алматы төрінде «Ақ бидай» ауыл спортшыларының республикалық спартакиадасы өтеді. Бұл жарыс төрт жылда бір мәрте өтетіндіктен олимпиада ойындары секілді ерекше маңызға ие. Сондықтан осы бастан облыстың құрамасын жоғары деңгейдегі спортшылармен жасақтап, тыңғылықты дайындықты бүгіннен бастауымыз қажет. Спортшылардың жаттығу процесі, ішетін асы мен күнделікті қабылдайтын дәрумені тікелей менің бақылауымда болады. Ал жауапты мекеме басшылары мен жаттықтырушылар маған сағат сайын есебін бересіздер. Қазір сіздерге 20 спорт түрі бойынша жауапты директорлар мен жаттықтырушыларды бекітіп беремін. Осы тізім бойынша жаттығу процесін бүгіннен бастаңыздар. Жалпы Сыр өңірі ұлттық спорт дамыған аймақтардың бірі болғандықтан қай жарыста болса да жоғары жетістіктерге қол жетікізіп жүр. Ал 2017 және 2021 жылдары өткен «Ақ бидай» республикалық спартакиадасында Қызылорда облысы үздік үштіктен көрінді. Биыл да облыстыңабыройы үшін барымызды салып, жеңіске жету жолында аянбай еңбек етуіміз тиіс, — деді басқарма басшысы.
Жиында 20 спорт түрі бойынша жауапты мекеме басшылары мен жаттықтырушылар бекітіліп, оларға тиісті тапсырма берілді.
Бұдан бөлек, басқарма басшысы жаңа оқу жылында спорт мектептерінің жұмысы мен спортшылардың дайындығын жүйелі түрде жүргізуді және коммуналдық қызметтердің үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Сондай-ақ, қала және аудандардағы спорт мектептерінде алдағы жылу беру маусымына дайындықты қамтамасыз етіп, қажетті қатты отынды тасымалдауды тапсырды. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен жеті спорт мектебі жылу беру маусымына толық дайын екенін мәлімдеді.
@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!