Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күзде денсаулықты қалай сақтау керек?

04.09.2025, 10:20 230

Бірер күннен кейін жаздың аптап ыстығы басылып, қоңыр күздің салқын лебі сезіле бастайды. Күз – ауа райы құбылмалы, күн суытып, күн сәулесі азаятын, ауру  көбейетін маусым. Бұл кезеңде иммунитет әлсіреп, ағза әлсіздікке бейім болады. Сондықтан күзде денсаулыққа ерекше көңіл бөлу қажет. Әсіресе, дұрыс тамақтану, күн тәртібі мен ұйқы режимін сақтау, дене белсенділігін көбейту, вирусты аурулардан сақтанып, ауа райына сай киім үлгісін таңдау маңызды. Осы тұста газетіміздің «Саламат» арнайы бетінде күзге дайындық жолдарын бірге саралап, иммунитетімізді нығайтып, саламатты өмір салтына қадам басуға шақырамыз.

Күз – жылдың ең әдемі әрі өзгермелі мезгілдерінің бірі. Бұл кезде табиғат ерекше түрленіп, жапырақтар сарғайып, күн салқындай бастайды. Алайда ауа райының күрт өзгеруі адам ағзасына да әсерін тигізбей қоймайды. Суық тию, тұмау, бас ауыруы, көңіл күйдің төмендеуі секілді мәселелер жиі кездеседі. Сондықтан күз мезгілінде денсаулыққа ерекше көңіл бөліп, алдын  алу  шараларын  сақтау өте маңызды. «Денсаулық – зор байлық» деген сөз бекер айтылмаған. Адамның күнделікті тіршілігі мен өмір сапасы тікелей оның денсаулығына байланысты. Осы орайда, күз мезгілінде денсау­лықты сақтаудың жолдарына назар аудару – әр адам үшін қажетті әрі  пайдалы  іс.

Хош.  Сонымен  күз  мезгілінде ағзаға  қосымша  күш пен  қорғаныс қажет  екенін  айта  кеткен  жөн. Себебі  бұл  уақытта  күннің  суықтығынан D дәрумені жетіспей бастайды, ал бұл иммун жүйесіне тікелей әсер ететіні анық.  Ағзаның  қорғаныс қабілетін төмендетпеу үшін ең алдымен дұрыс әрі  теңгерімді тамақтану керек. Бұл тұрғыда дәрігер мамандар да күз айын­да  маусымдық  көкөністер мен жемістерді көбірек пайдаланып  және жылы  киініп, ыстық  тағам  ішуді  ескертіп  отырады.

— Күз  мезгілінде  күннің  салқындауына  байланысты  жедел  респираторлық  аурулар  жиі  кездеседі.  Оның  алдын  алу  үшін  иммунитетті  әлсірет­пей, ағзаны уақытында нығайту қажет. Бұл үшін дұрыс әрі теңгерімді тамақтану,  дәрумендер  мен  микроэлементтерге бай тағамдарды үнемі тұтыну аса маңызды. Әсіресе, маусымдық көкөністер мен жемістер – табиғи иммунитетті қолдайтын ең тиімді құрал. Сонымен қатар, ас мәзірінен тез дайындалатын, өңделген тағамдарды азайтып, табиғи өнімдерге басымдық беру қажет. Қолды жиі жуып, жеке гигиенаны сақтау, қажет жағдайда дәрігер кеңесімен  тұмауға  қарсы  екпе  салдыру  аса  маңызды, — дейді  Қызылорда  облыстық   жұқпалы  аурулар ауруханасындағы аудит-­мейірбике  Салтанат  Әскербекқызы.

Иә, бұдан  бөлек  ауа райының салқындауына қарамастан, таза ауада серуендеу мен спортпен шұғылдану – денсаулықты сақтаудың бас­ты кепілі. Алайда күннің суытуына байланысты жылы әрі ыңғайлы киіну өте маңызды. Сонымен қатар, күз мезгілінде адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда сақтық шараларын сақтап, өзгелермен қашықтық сақтау – өз денсаулығыңызды қорғаудың маңызды жолдарының  бірі.

— Салқын түскен уақыттан бастап күніне кем дегенде 30 минут серуендеу жеткілікті. Бұл қозғалыс ағзаның жалпы күйін жақсар­тады. Сондай-ақ, күзде ауа райының жиі өзгеріп тұратындығына байланысты  бас пен мойынды, аяқты жылы ұстап, сыртқы киім қалың болғаны дұрыс. Суықта үйдегі терезелердің де жабық болаты­ны белгілі. Дегенмен, үйді жиі желдетіп тұру, ауа ылғалдылығын қалыпты ұстау  тыныс алу жолдары ауруларының алдын алады, — деді  Салтанат  Әскербекқызы.

Сонымен бірге, күзде балалар мен егде жастағылардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу керек. Себебі, балалар мен қарт кісілер суық тию және жұқпалы ауруларға сезімтал болады. Бұндай кезде балалардың киім-кешегі ауа райына сай, жылы әрі ыңғайлы болуы, оларды таза ауада жиі серуендетіп, дұрыс тамақтануын қадағалау өте маңызды. Егде жастағы адамдарға келетін болсақ, олардың иммунитеті әлсірегендіктен, аурулардың алдын алу үшін арнайы күтім қажет. Олар дұрыс тамақтанып, дәрі-дәрмектерін уақытылы қабылдауы тиіс. Осы шараларды ұстану арқылы күз мезгілінде балалар мен қарттар да өздерін жақсы сезініп, аурулардың алдын алады.

Күз – жаңа  бастамалар  мен  өнімді  еңбек  етуге қолайлы  уақыт. Осы мезгілде өз денсаулығыңыз­ға ұқыпты қарап, дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстансаңыз, күздің әсемдігін ең алаңсыз сезіне аласыз. Денсаулық – басты байлық  екенін  ұмытпайық!

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: