Бүгінде қарбалас тіршілікте көпшілік дұрыс тамақтануға жеткілікті көңіл бөлмейді. Әсіресе, кешкі ас көп жағдайда асқазанға ең ауыр түсетін мезгілге айналып отыр. Таңғы асқа уақыт таппай, түскі асқа асығып жүрген жандар кешке дейін әбден қарны ашып, кешкі асты «тойып алу» мүмкіндігі ретінде қарайды. Алайда дәл осы уақытта ішілген майлы, қуырылған немесе тым кеш тағам асқазанға артық салмақ салып, түрлі ауруға әкелуі мүмкін. Ендеше, асқазанға ауырлық түсірмейтін кешкі ас қандай болуы керек? Кешкі тамақтанудың өз тәртібі мен ережесі бар ма? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауап беру арқылы, біз бүгін оқырманға пайдалы кеңестер ұсынуды жөн көрдік.
Иә, кешкі ас – тәуліктің тамақтану режиміндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Дұрыс ұйымдастырылмаған кешкі ас адамның ұйқы сапасына, жалпы денсаулығына, тіпті салмағына кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті кешкі тамақтанудың бірнеше маңызды ережесін есте ұстаған жөн. Бұл туралы диетолог-нутрициолог маман да өз тәжірибесінде кешкі ас қандай болуы керектігін ескертеді.
— Кешкі асты тойымды, бірақ жеңіл тағамдардан құрастыру қажет. Кешкі асты ұйқыдан кемінде 2-3 сағат бұрын ішу керек. Сондай-ақ, кешкі астың ақуыз бен көкөніске бай болғаны абзалырақ. Ең дұрысы – буға піскен тауық немесе балық еті, қайнатылған жұмыртқа, көкөніс салаттары, айран, сүзбе, аз мөлшерде жаңғақтар. Сонда ғана ағза түнгі тынығуға дайындалып, ұйқыңыз да, ас қорытуыңыз да қалыпты болады, — дейді 9 жылдық тәжірибесі бар диетолог-нутрициолог маман Айнұр Дастанқызы.
Әрине, әрбір тамақтану уақыты біздің денсаулығымыз үшін маңызды болғандықтан, қай мезгілде қандай тағамды тұтыну керектігіне де мән беру керек. Бұл мәселеге немқұрайды қарауға болмайтыны секілді, кешкі асқа қуырылған майлы, тез дайындалатын тағамдар, шоколад, тәтті тоқаштар, кофе мен шайды да өз мөлшерінде қабылдаған абзал. Сонымен, кешкі ас кезінде қандай тағамдардан аулақ болған дұрыс.
— Қуырылған картоп, ет секілді майлы, ащы немесе тым тәтті тағамдардан аулақ болған дұрыс. Асқазанға ас қорытуға уақыт берілмесе, тамақ түнде толық қорытылмай, ас қорыту жүйесінде кері әсер етуі мүмкін. Бұл ұйқысыздыққа, қыжылға, семіздікке әкелуі ықтимал. Сонымен қатар, кешкі көмірсу мөлшерін азайтқан жөн. Кешкі уақытта макарон, картоп, ақ күріш, нан секілді қарапайым көмірсулар инсулин деңгейін көтеріп, май жиналуына себеп болады. Суды көп ішу де бүйрекке салмақ түсіріп, таңертең ісінуге себеп болуы мүмкін, — дейді Айнұр Дастанқызы.
Кешкі ас – бұл «тойып алу» емес, ағзаны түнгі тынығуға дайындау. Егер сіз кешке дұрыс әрі пайдалы тамақтануды әдетке айналдырсаңыз, ас қорытуыңыз жақсарып, ұйқыңыз тыныш болып, денсаулығыңызға оң әсер етеді.
Диетолог маман Айнұр Дастанқызы да өзінің әлеуметтік парақшасында оқырмандарға дұрыс тамақтанып, диета ұстаудың жолдарын үйретіп жүргеніне 9 жылдан аса уақыт болғанын айтады. Ол «осы уақыт ішінде 9 мың адамға дұрыс тамақтану арқылы жаңа бағыт пен әдемі келбет сыйладым» дейді. Расында да, қазір дамыған заман болғандықтан, тағамдарды түрлі әдіс-тәсілмен дайындауға болатыны белгілі.
— Бүгінде түрлі зиянды тағамдар күн өткен сайын көбейіп барады. Күнделікті не жеп, тұтынып жүргенімізді де түсінбей, білмей қалып жатамыз. Себебі, 90 пайыз адам алған өнімінің құрамына қарап пайдаланбайды. Сондықтан, пайдалы көкөністер мен жемістер арқылы және қарапайым қара су мен құрамында ағзаға зияны жоқ тағамдарды, ақуызды да мөлшерімен күнделікті тамақтанатын уақытта қабылдаудың өзі – ең тиімді тәсіл. Тіпті, көкөністердің өзінен тамағыңызға дәм беретін тұздық әзірлеп алуға да болады, — дейді ол.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!