Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білімді келінге қоғамның көзқарасы қандай?

31.07.2025, 10:00 261

Қашанда  қазақ  қоғамында  келінге   қояр талап-тілектер  жоғары  болары  сөзсіз. Иә, бұл – қазақтың ежелден келе жатқан дәсүрі мен салтының бір көрінісі. Дегенмен, заман ағымына қарай қойылатын талап-тілектер өзгергенімен, түпкі мәні сақталған. Қалай дейсіз ғой? Дәл қазіргі уақытта қазақ қоғамындағы білімді келінге деген көқарас біржақты емес. Яғни, бұл күрделі және өңірге, отбасына, әлеуметтік ортаға қарай өзгеріп отырғанымен, жоғарыда айтылғандай, «оқыған, тоқыған қыз келін болып келсе, баламның да, отбасының да бағы жанар» дейтін оң көзқарас бар. Екінші жағынан, тереңге кеткен патриархалды көзқарастар мен қалыптасқан стереотиптер білімді келінге сенімсіздікпен қарауға да итермелейтін теріс пікірлерді де жоққа шығара алмаймыз. Осы екіұдай көзқарастың нақты көрінісін білгіміз келіп, пікір жинақтадық. Тақырып көпшіліктің қызу талқысына түсті. Оқырмандар өз ойларын ашық білдіргенімен, кейбірі есімін толық көрсетпеуді өтінді. Бұл да мәселенің  қаншалықты маңызды екенін   көрсетсе   керек.

«КЕЛІНІМ  ӘР  НӘРСЕГЕ   АРАЛАСА  БЕРЕДІ»

Баян апа, 65 жаста, зейнеткер:

— Мен бес ұл өсіріп, төртеуіне келін түсірген адаммын. Үлкен екі келінім өз ауылымыздан, екеуі де орта біліммен. Үшінші келінім қалада оқыған, жоғары білімді. Ең қызығы, бастапқы­да мен соған қарсы болдым. «Кітап оқып, білім қуалап қалған қыз үйдің тірлігін қайдан білсін?» деп ойладым. Бірақ, шүкір, ол келін менің қате­лескенімді дәлелдеді. Тамақ та пісіреді, үлкенді де сыйлайды, немерелерді да тәрбиелеп жүр. Тек бір ескеретіні – ол әр нәрсеге өз ойын қосқысы келеді. Бұрын келін үнсіз жүретін еді. Бірақ, қазір заман өзгергендіктен, біз де өз көзқарасымызды жаңартуға тиіс секілдіміз. Әр адамның  жеке ойы, өз талғамы бар емес пе?

«БІЛІМ  мен  ДӘСТҮР  АРАСЫНДАҒЫ КӨПІРДІ  САБЫРМЕН  ҚҰРЫП  ЖҮРМІН»

Перизат  Бақытжанқызы,

3  баланың  анасы,  терапевт, 

психолог  маман:

— Алматы қаласында университет бітіріп, ауылға келін болып түстім. Ауыл үлкендерінің көзімен қарағанда, мен «қала көрген, ереже білетін» қызбын. Бірінші жылы өте ауыр өтті. «Тым ақылды боп кеткен, жас келін болса да, үндемей жүрмейді» деген сөздерді көп естідім. Бірақ, мен бірде-бір рет дау көтер­ген емеспін. Сабырмен, сыпайы­лықпен бәрін жеңуге тырыстым. Қазір ауылда да, отбасында да абыройым бар. Жұмыс істеп жүріп, үй ша­руа­сын қатар алып жүруге бола­ды. Ең бас­тысы – ниет пен тектілік. Бұл – жас келіннің  білім мен дәстүр  арасындағы көпірді сабыр­мен  құрып  жатқанының  белгісі.

«ҚАЗІР  БҰРЫНҒЫ  КӨЗҚАРАСПЕН ҚАРАЙТЫН  ЗАМАН  ЕМЕС»

Ұлбосын Темірғали,

28 жаста, 2 баланың анасы,  мұғалім:

— Қазақ қоғамында білімді келін келсе, кейбірі қуа­нары сөзсіз. Алайда, осындай білімді қыздарды үйде отырғызып, білімін тұншықтырып, қараңғылап тастай­тындар да кездеседі. Бұл жағдайларды әлеуметтік желілерден көріп, естіп жүрміз. Қазіргі уақытта жаңа әлеуметтік ортаға қалыптасу үшін білім керегі сөзсіз. Білімді қыз, білімді келін болса, одан туылатын бала да білімді, тәрбиелі болмақ. Себебі, көзі ашық, өз ойын анық жеткізетін қыз баласының ұрпақ тәрбиелеуі оңайырақ болмақ. Мәселен, Абайды анасы қалай тәрбиелегенін айтар болсақ, оның құрсағында жатқанда баласымен сырласуы, дәретсіз емізбеуі, барлығы анасының білімінде жатыр. Қыз баласының білім алуы болашақ ұрпақты білімді етіп қалыптас­тыратыны анық. Сол үшін де қазір бұрынғы көз­қараспен қарайтын заман емес. Мен екі бірдей дипломмен ауылға келін болдым. Теріс пікір, жансақ ой тікелей өзіме айтылмағанымен, «оқыған қызсың ғой, сен бәрін білетін шығарсың?» деген сарказммен тиісіп  кететін  жандар  жоқ  емес.

«БОЛАШАҚ  ЖАРЫМНЫҢ  ӨТЕ  БІЛІМДІ  БОЛҒАНЫН  ҚАЛАЙМЫН»

Манас Жаңатайұлы, 24 жаста, логопед маман:

— Келіннің  білімді  болуы отбасы болып кетуіне аса бір ықпалын тигізе қоймайды. Отбасы – түсіну мен құлақ асудың ордасы. Ал білімді жан өз ілімін шаңырақтың ұйытқы болуына жұмсай білсе, нұр үстіне нұр. Білім деген – өз алдына бір әлем. Отбасы да дәл осындай бөлек ғалам сынды. Екі дүниенің де өзіндік заңдылықтары бар. Сол заңдылықтың кірпіші өз кетігіне қаланса ғана арба да сынбайды, өгіз де өлмейді. Кім болса да, әйелінің білімді, көзі ашық болғанын қалар еді. Білім қай жерде де артықтық етпейді. Сондықтан, болашақ жарым білім алып, дамимын десе, қарсы болмайтыным  анық. 

ТҮЙІН. Осы кейіпкерлердің пікірлері бүгінгі қазақ қоғамында білім мен дәстүрдің тоғысуы және келін образының қайта бейімделуі жүріп жатқанын айғақтайтындай. Сонымен, әр адамның тәжірибесі мен көзқарасы әртүрлі болса да, ортақ бір байлам болатыны анық.  Өйткені келінге деген талаптың түпкі мәні – отбасының бақыты мен берекесі. Ал ол тек білімді де, тәрбиелі, жан-жақты әйелдің қолынан келеді.

Пікір  жинаған

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: