Фото: gov.kz
Бүгінде Қазақстанның қоғамдық-саяси кеңістігінде жиі көтерілетін өзекті мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің даму барысы мен дәрежесі. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мәртебесі заң жүзінде айқындалғанымен, оның қоғамдық өмірдегі қолданылу ауқымы мен ықпалы әлі де болса толыққанды деңгейге жеткен жоқ. Бұл – тіл мамандары мен қоғам белсенділері ғана емес, жалпы ел болашағына алаңдайтын әр азамат үшін алаңдататын ауқымды мәселе. Бүгінгі мақаламыз да осы мәселенің маңайында болмақ.
МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕ ЖӘНЕ НАҚТЫ КӨРІНІС
Қазақстан Конституциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Бұл – тілдің елдегі жоғары мәртебесін айқындайтын заңдық негіз. Алайда заң мен шындық арасында алшақтық бар екені жасырын емес. Мемлекеттік органдар мен мекемелерде, әсіресе қалалық және халықаралық сипаттағы ұйымдарда орыс тілі басым қолданылады. Қос тілде қызмет көрсету талаптары кейде қазақ тілінің шетқақпай қалуына себеп болуда. Өкініштісі сол, бұл да заңдағы мәртебе мен күнделікті қолдануға бетбұрыс арасындағы алшақтықтың айқын көрінісі. Дегенмен, тіл мәселесінде біржақты пессимизмге бой алдыру дұрыс емес. Соңғы жылдары қазақ тілін қолдауға бағытталған қоғамдық бастамалар белсенді көрініс тапты. Әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі контент көлемі артып келеді, подкасттар, бейнежобалар, жас журналистер мен блогерлердің бастамалары қазақ тілін заманға сай тұғырға шығаруға тырысуда. Бұл – қоғам ішіндегі органикалық қозғалыс. Бірақ бұл серпін институционалдық қолдау таппаса, яғни мемлекет тарапынан жүйелі түрде қамқорлық жасалмаса, мұндай бастамалар тек жекелеген бастамалар шеңберінде қалуы әбден мүмкін.
Сонымен қатар, тілді дамытудағы басты тетік – білім беру саласы екені анық. Бірақ бұл салада да бірізділік жоқ. Бүгінде ауылдық жердегі мектеп пен балабақшаларда қазақ тілі жақсы дамығанымен, қалалық мекемелерде жағдай әркелкі. Кей ата-аналар баласын орыс не ағылшын тіліндегі мектептерге беру арқылы оның болашағын қамтамасыз етеміз деп ойлайды. Бұл – тілдік теңсіздікке әкеп соғатын қауіпті үрдіс десек, тиісінше мемлекеттік тілде сапалы білім беру, заманауи әдістемелерді қолдану – қазақ тілінің келешегі үшін аса маңызды.
ҚАЗАҚ ТІЛІ ЭКОНОМИКА КЕҢІСТІГІНДЕ МҮМКІНДІК ПЕ, МІНДЕТ ПЕ?
Экономикалық сала – тілдің шынайы қолданысын көрсететін айқын индикаторлардың бірі. Өкінішке қарай, Қазақстандағы ірі сауда желілері, банктер, байланыс операторлары және басқа да қызмет көрсету салалары қазақ тілін толыққанды пайдаланбай отыр. Бұл жерлерде тұтынушы қазақ тілінде қызмет талап еткен жағдайда, жиі «түсінбеймін», «орысша айтыңызшы» деген жауап естиді. Мұндай көрініс әсіресе урбанизация деңгейі жоғары Алматы, Астана, Қарағанды секілді қалаларда жиі байқалады. Сауда нүктелеріндегі жарнамалар, банк терминалдарындағы интерфейс, электрондық келісімшарттар, техникалық қолдау қызметтері көп жағдайда орыс тілінде ұсынылады. Ал қазақ тіліндегі нұсқалары көбіне сапасыз аударылған, мазмұны түсініксіз немесе техникалық тұрғыдан жетілдірілмеген болады. Бұл – бизнес құрылымдары тарапынан қазақ тіліне деген формалистік көзқарастың көрінісі.
Мәселе тек қызмет көрсету саласында ғана емес. Бүгінде қазақ тіліндегі бизнес-оқулықтар, нарықтық аналитика, қаржылық есептер мен маркетингтік құралдар саны өте аз. Қазақ тілді мамандар экономикалық ақпаратты орысша немесе ағылшынша көздерден іздеуге мәжбүр. Бұл – мемлекеттік тілде бизнес жүргізу мәдениетінің қалыптаспағанын көрсетеді. Нарықтың заңдылығы бойынша тұтынушы қай тілде сөйлесе, сол тілде қызмет көрсетілуі тиіс. Ал елімізде қазақ тілінде сөйлейтіндер саны 80%-дан асқанымен, осы сұранысқа лайық ұсыныс жоқ. Мұның себебі – мемлекеттік тілді бизнес саласындағы ресурс ретінде бағаламау. Көптеген кәсіпорындар қазақ тілін заң талаптарын орындау үшін ғана енгізеді, ал оны тұтынушымен сенімді байланыс құралы, нарықта артықшылық беретін фактор ретінде қарастырмайды.
Тағы бір өзекті проблема – қазақ тілінде кәсіби деңгейде жұмыс істей алатын мамандардың аздығы. Бұл тілдік емес, кадрлық мәселе – қазақша еркін сөйлейтін, бірақ қаржы, құқық, маркетинг салаларында жоғары деңгейде сауатты мамандар тапшылығы сезіледі. Мұндай мамандарды даярлау – тек білім саласының ғана емес, экономиканы тілмен біріктіру саясатының да міндеті. Егер бұл теңсіздік жойылмаса, қазақ тілі тек тұрмыстық қатынас құралы ретінде қалып, елдің экономикалық жүйесінен тыс қала беруі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде қоғам ішіндегі тілдік жіктелу мен әлеуметтік теңсіздікті одан әрі тереңдетеді. Тілді нарыққа бейімдеу – бұл міндет емес, мүмкіндік. Қазақ тілінде сапалы қызмет көрсету – тұтынушыға құрмет көрсету. Мемлекеттік тілді экономикалық кеңістіктің толыққанды ойыншысына айналдыру үшін бизнес иелерінің көзқарасы өзгеруі қажет: тілді қосымша шығын емес, табыс көзі, сенімділік пен имидж факторы ретінде қарастыруы керек.
Қазақ тілін дамыту бойынша қабылданған тұжырымдамалар мен бағдарламалар бар. Алайда олардың орындалуы көбіне формальды сипатта өтеді. Мәселе заңда емес, оны орындауда. Сондықтан тіл саясаты тек мемлекеттің емес, азаматтық қоғамның да белсенді бақылауын қажет етеді. Қоғам тарапынан талап болмаса, бастама да баяу жүретіні анық.
Мемлекеттік тілді дамыту – бұл тек тіл мамандарының, мұғалімдердің немесе мәдениет қайраткерлерінің ғана шаруасы емес. Бұл – ұлттың болашағына бей-жай қарамайтын әр азаматтың парызы. Қазақ тілі қоғамның барлық саласына – ғылымға, бизнеске, техникаға, құқық пен медицинаға тең дәрежеде енгенде ғана ол толыққанды мемлекеттік тілге айналады.
Қорыта келе, бүгінгі мақалада біз біржақты емес, ел ішіндегі өзекті әрі жан-жақты мәселелерді ашық көтердік. Бұл – ащы шындық. Заң жүзінде мәртебесі айқындалғанымен, қазақ тілі әлі күнге дейін қоғамдық өмірдің барлық саласына толыққанды ене алмай отыр. Ол – мектеп пен балабақшада бөлектенсе, бизнес пен нарықта шетке ығыстырылған. Тіл тек тұрмыстық қатынас құралына айналып бара жатқан тұста, оның тағдыры – ұлттың тағдыры екені ұмыт қалып отыр.
Қоғамда қазақ тілін дамыту бағытында серпіліс жоқ емес. Жас ұрпақтың тілге бет бұруы, әлеуметтік желілердегі қазақтілді контенттің көбеюі – үміт отын жағатын белгілер. Алайда бұл жеке бастамалар мемлекеттік деңгейдегі жүйелі саясатпен ұштаспаса, олар ұзаққа бармайды. Мемлекеттік тілге деген сұраныс бар, бірақ оған лайық ұсыныс жоқ. Нақты шарасыз, мақсатсыз бағдарламалар тек формалдылық деңгейінде қалса, тілдің мәртебесі қағаз жүзінде ғана көрініс таба береді.
Мемлекеттік тілдің шынайы салтанат құруы тек үкіметтің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл – тіл мамандарының немесе белсенділердің емес, ел болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың, әр ата-ананың, әр кәсіпкердің, әр мемлекеттік қызметшінің міндеті.
Тіл тағдыры – ұлттың мәдени, экономикалық, саяси болашағымен тікелей байланысты. Қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейіне көтеру үшін бізге заң емес, сана төңкерісі керек. Құр ұран мен әдемі сөз емес, шынайы әрекет, батыл шешім мен нақты іске көшу қажет.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!