Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерейтой иесіне құрмет көрсетті

05.06.2025, 9:50 166

HALYQLINE.KZ

Ұзақ жылдар бойы өңірдің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолында аянбай еткен ардагер, Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Оразғали Достанұлы 85 жасқа толды.

Осыған орай, Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш және аудандағы құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге «Руханият» орталығында аудан ардагерлерімен кездесіп, мерейтой иесіне құрмет көрсетті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

— «Қарты бар елдің – қазынасы бар». Сіздің ұзақ жылдар бойы өңірдің өсіп-өркендеуі мен дамуы жолында аянбай еткен еңбегіңіз, ерен ерлікке толы өмір жолыңыз және ақылшы-ұстаздық қабілетіңіз өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінде зейнет жасында болсаңыз да, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде түрлі қоғамдық жұмысқа белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келесіз. Қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді бағытыңызға, аға ұрпақ өкілдерінің аманатына сай жастар тәрбиесін жақсарту мен лайықты ізбасарлар даярлау жолындағы игілікті істеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді аудан әкімі.

Ақжарма тілегін жекізген аудан басшысы мерейтой иесіне қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, «Құрмет грамотасы» мен құттықтауын табыстады. Сондай-ақ аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудан ардагерлері атынан Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбай, еңбек ардагері Молдабай Ақниязов Оразғали Достанұлының өңір дамуы жолындағы еткен еңбегі орасан зор екенін айтып, шынайы лебіздерін жеткізіп, мерейтойымен құттықтады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: