Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азаматтарымыздың елеулі бөлігі кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатыр

03.06.2025, 8:20 146

HALYQLINE.KZ

«Тұтыну себетіне адамға ең қажетті тауарлар мен қызметтер жиынтығы кіреді. Оның тізімінде күнделікті ішіп-жем, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет құны, көлік және басқа да қызмет ақысы есептеледі. Біздегі бұл тұтыну себеті ең төменгі күнкөріс деңгейімен шамалас. Ең төменгі күнкөрістің деңгейі тапқан табысына байланысты әр өңірде әртүрлі түзіледі. Мәселен, Маңғыстауда 49 400 теңге болса, Алматыда 51 700 теңге деген сияқты. Солай әр қаланың табыс табу деңгейіне байланысты есептеледі. Енді қараңыз, тұтыну себетіндегі азық-түлік тізіміне үңілсек, 35 пайызы ет және балық екенін байқаймыз. Бізде жан басына шаққанда жылына 15 келі сиыр еті есептеледі. Сосын жылына жан басына 20 кг сәбіз, 5 кг қияр, картоп, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, ас тұзы, жеміс-жидек, т.б. азық-түліктер бар. Олардың әрқайсысын есептесек, әр адамға тәуліктік азық тұтыну нормасы 1 200 килокалорий шығады. Шындығында бұл аз. Қазақстанның азық-түлік себеті мен ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша көрсеткіші сын көтермейді. Азаматтарымыздың елеулі бөлігі кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатыр. Советтік заманда тұтыну себетіне 239 тауар мен қызмет түрі кіріпті. Мысалы, ол кезде бір адамға күніне 1 литр сүттен есептелген. Ол кездегі стан­дарт­та бір адам күніне жейтін жеміс 300 грамнан кем болмауы тиіс болса, қазір 80 грамм мөлшерінде. Қазіргі өлшеммен қарасақ та Қазақстанның азық-түлік себеті Ресейден екі есе жұпыны. Ресейде тұтыну себетіне тауар мен қызмет түрінің 156 түрі енеді. АҚШ-та 300 тауар мен қызмет түрі құралса, Германияда 475. Өзім білім алған Эстонияның себетіне балабақшадан бастап, қарттар үйіндегі күтім де кіреді. Француздарда сән салонының қызметі, гигиеналық заттар, пәтерақы, мобильді байланысқа дейін, тіпті аққайнарға дейін енеді.

Қазақстанның тұтыну себеті 43 түрлі тізімді құрайды. Азық-түлік, коммуналдық төлем, дәрі-дәрмек. Азық-түліктен ет, балық, ұн, астық дақылдары, көкөніс, жеміс, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, ас тұзы, ашытқы, шай. Міне, біздің себеттегі бар азық-түлік өнімдері – осы. Себет бойынша біздің азаматтар жылына 3 келі ғана шұжық жеу керек, 3,3 келі жылқы етін тұтынса жетеді. 5 келі құс еті, 15 келі сиыр еті. Ет өнімдерін жылына осынша тұтынсаңыз жеткілікті деп есептейді. Маман ретінде айтарым, мұндай себет ұлт денсаулығын төмендетеді. Депутат Ардақ Назаров 30–40 мың теңгені азық-түлікке жеткіземін дегенше, мәжілісте неге тұтыну себетіндегі тізімді арттырайық, тым құрығанда 100-ге жеткізейік деген бастама көтермейді?!».

Меруерт  МОЛДАБАЕВА,

«Барометр» талдау орталығының маманы, әлеуметтанушы.

(«Жас Алаш» газетіне берген пікірінен)

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: