«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға», – деп ұлы ойшыл Абай айтқандай, әр шәкірттің жүрегіне жол таба білген ұстазға қалай құрмет көрсетіп, қандай мақтау айтса да жарасады. «Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздыкі» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзінің астарында аласармас ақиқат жатыр.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Салтанат Кішкенеева – көп жылдан бері ұстаз деген ұлағатты жолды жалғастырып келе жатқан мәртебелі мамандық иесі. Ол 1982 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы №6 орта мектебін бітірген. 1999-2003жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін тарих, құқық және экономика негіздері пәні мамандығы бойынша тамамдаған. Он жылдан аса ұстаздық қызметте абыройлы еңбек етіп келеді. Осы жылдар бедерінде талай шәкірттің білім биігін бағындыруына зор ықпал етті.
Жолдасы екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Ол отбасы мен жұмыс жауапкершілігін қатар ұстап, өз деңгейінде жетістіке жетіп жүргенін әріптестері де құрметпен атайды. Бүгінде ұлы Бақдәулет Пішімбек – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті. Ана сүтімен дарыған қасиет мұғалім мамандығын алуға баулыды. Үйдің кішкентай ханшайымдары – мектептің үздік оқушылары. Олар да болашақта аналары секілді ұстаздық жолды жалғастырмақ ниетте.
Салтанат Алдамжарқызы саналы ғұмырын сапалы білім беруге арнап келеді. Осы жылдар аралығында көптеген шәкіртке білімнің ізгілік нәрін сеуіп, өмірден өз орнын табуларына темірқазықтай жол нұсқай білді. Шәкірттерінің алды – еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары оқу орындарында студент. Олар әлі күнге дейін мұғаліміне жиі хабарласып, ризашылық сезімдерін білдіріп тұрады. Өйткені алған білім прасаты оларға өмірлік өнеге көрсетуде. Ал бұл – әр ұстаз үшін үлкен мәртебе.
Қазіргі таңда Салтанат Кішкенеева – Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің жоғарғы санатты (педагог-зерттеуші) тарих және құқық пәні мұғалімі.
Әр оқу жылы мектеп оқушылары арасында өтетін олимпиада мен ғылыми жоба байқауларына шәкірттерін дайындап, нәтижесінде оқушылары озат атанып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Сонымен қатар, ұлттық бірыңғай тестілеуге 11-сынып оқушыларын дайындаумен де айналысады. Ал бұл – үлкен сынақ алдындағы межелі мақсаттың бірі. Мұндай сын сәттерде бұған дейін де шәкірттері де сыннан сүрінбей өтіп, ұстаз үмітін ақтап, мектеп мерейін үстем етіп келеді.
Адал еңбек атыңды шығарады, абыройға бөлейді. Шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ескеріліп, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің II дәрежелі дипломымен марапатталды. Өткен жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының алғыс хаты табысталды.
Шәкірт жүрегіне енген ұстаз – ең аяулы, ең қадірлі жан. Өмірде шәкірт шыңының артында ұстаздың өлшеусіз еңбегі тұрары хақ.
Шәкірті Қарақат Ақжігіт – жақында өткен «Дарын» республикалық ғылыми жобалар конкурсының 2-орын жүлдегері, 10-сынып оқушысы. Сондай-ақ Қарақат Ақжігіт жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде «Адам және қоғам» секциясы бойынша 2-орын иегері атанды.
Тағы бір шәкірті Әділбек Маратұлы – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жас өлкетанушы» ғылыми білім жобасының I орын жүлдегері. Осы жарысқа шәкірті Мариям Аманбаева да қатысып, «Жас өлкетанушы» ғылыми білім жобасының II дәрежелі дипломымен марапатталды. 9-сынып оқушысы Аянат Байкөжекова – республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінің II орын жүлдегері (2023 жыл).
Қызылорла облысының білім басқармасы «Үздік мектеп медиаторы» республикалық конкурсының облыстық кезеңі байқауында Аружан Бихожаева 1-орынмен марапатталды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінң «Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуының негізгі кезеңдері» тақырыбында «Адам. Қоғам. Құқық» олимпиадасында Дана Телжан жүлделі II орын иегері атанды.
Міне, әрбір шәкірті қалалық кезеңнен республикалық жарыстарға дейін жетіп, жеңімпаз атанды. Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, ол – соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің бойына дарыту үшін мұғалім қаншама тер төкті десеңізші. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!
Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің ұстаздық ұлағатты жолы осылай өріліп келеді. Бұл – жарқын болашақ жолындағы сәтті қадамдардың бастауы. Білімнің салтанатты көшіндегі Салтанат Кішкенееваның кішкентай ғана еңбегі үлкен ұлы жолдың бастауы секілді көрінеді. Ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады деп осындайда айтылса керек-ті.
Біз де өз кезегімізде ұстаз ұлағатына құрмет көрсетіп, ғұмырдариясына ғибрат тілейміз.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!