Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ішімдіктің зияны

18.03.2025, 9:35 110

Ішімдік атаулының қоғамға сан мыңдаған зияны бар. Біз одан бойымызды алыстатып, қоғамды жамандықтан сақтауымыз қажет. Алла Тағала адам баласына адал еткен дүниелерінде міндетті түрде пайда, ал арам еткен дүниелер екі дүниемізге де зиян алып келері белгілі. Дініміздегі осындай арам етілген нәрселердің бірі – ішімдік.

Жалпы ішімдік атауы ішуге болатын барлық сұйық заттарды білдіргенімен, дініміз бен дәстүрімізде бұл атау ішуге болмайтын, мас қылатын сұйық заттарға қатысты қолданылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мәида» сүресі, 90-91-аяттарында: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілік орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?!» – деп айтқан.

Дінімізде харам атаулының екі түрі бар. Олардың біріншісі жаратылысынан харам болған нәрселер болса, екіншісі адалдан харамға айналған заттар. Мысалы, бидай, жүзім, сияқты жемістердің адамға пайдасы мол екендігі белгілі. Алайда, оларды ашыту арқылы адамның басын айналдырып, ақылдан адастыратын затқа айналып, харам болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе харам», – деген.

Халқымыздағы: «Арақ – атаңнан қалған ас емес», «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де», «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені», – делінген ұлағатты сөздерде біздер үшін үлкен тәлім бар. Бауыржан Момышұлы атамыз «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деп айтқан. Арақтың адам баласының дүниесі мен ақыретіне келіретін зияндары өте көп.

Біріншіден, адамды ақылынан айырады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Арақтан аулақ болыңдар! Уаллаһи, иман мен араққа мас болу бір адамның кеудесінде ешқашан қатар тұра алмайды. Ол екеуі бірін-бірі шығарып жіберуге тырысады», – дейді.

Екіншіден, күнәға душар етеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады», – деген.

Үшіншіден, денсаулыққа орасан зияны тиеді. Денсаулық – адам баласына берілген үлкен нығмет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың көбі қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық және бос уақыт», – деген. 

Кезінде Тайжан биден «ақырзаман қашан болады?» – деп сұрағанда, ол кісі ақырзаман белгілерін айта келіп:

«Ашытқан судан асы болады,

Адал-арамды білмейді.

Азған адам осы болады,

Адамда шолақ өмір болады», – деп жауап беріпті.

Ішімдік – рызық-несібенің берекесін кетіреді, қорлық пен бейшаралық, тапшылық, уайым мен қайғы-қасірет алып келеді. Арақтың мінез-құлыққа, қоғамға, рухани өмірге, қаржыға, денсаулыққа тигізер кесірі өте көп. Сондықтан шайтанның сусынынан өзіміз аулақ болып, өзгені де одан тоқтатуға тырысайық.

Нұрдәулет АСҚАРҰЛЫ,

Қазалы ауданының бас имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: