Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде реформаның мәнін халыққа түсінікті тілмен жеткізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікірін айтты.
«Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы жаңа ғана белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Сондай-ақ Құрылтай мүшелері Қайырбек Арыстанбеков, Марат Башимов, Ерлан Саиров, Расул Рысмамбетов және Мұрат Әбенов салық-бюджет мәселесіне қатысты орынды пікір білдірді.
Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін адамға түсінікті тілмен жеткізу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды.
«Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде», – деді ол.
Президент Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін баса айтты.
«Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс», – деді Тоқаев.
Фото: Ақорда
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!