Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Б.Артаев Қазалыдағы спорт мектептеріне барды

08.03.2025, 14:10 150

Күні кеше облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы Қазалы ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды.


Іссапар барысында Қазалы ауданындағы спорт мектептердің жұмысымен етене танысып, ауданның жас спортшыларымен кездесті.

Басқарма басшысы ең алдымен №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне барды. Аталмыш мектепте жалпы саны 1644 спортшы және 48 жаттықтырушы бар. Мектепке қарасты Әйтеке би кентінде орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 122 бала олимпиадалық спорт түріне жататын грек-рим күресі және дзюдомен тұрақты шұғылданады.

Одан кейін Бахтияр Ғарифоллаұлы мектепке қарасты бокс орталығына арнайы барды. Бұл орталықта 110 бала және 4 жаттықтырушы қамтылған. Нысанды толық аралаған басқарма басшысы бокс орталығында талапқа сай келмейтін кемшіліктер бар екенін айтып, мектеп директорына қатаң ескерту жасады.

Жұмыс сапары Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешенінде жалғасты. Мұнда бокс, волейбол, қазақ күресі бойынша 154 спортшы тіркелген. Басқарма басшысы бұл нысанда да кемшіліктер бар екенін айтып, мектеп директорына жуық арада мәселені шешуді тапсырды.

Келесі кезекте басқарма басшысы Ү.Түктібаев ауылындағы спорт кешенінің жұмысымен танысты. Бұл орталықта 128 бала волейбол және қазақ күресімен айналысады.

Одан кейін №18 Қазалы ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысы таныстырылды. Қазалы қаласында орналасқан мектепке қарасты ғимаратта олимпиадалық спорт түрі бокс, таевкондо және футбол бойынша 206 спортшы бар. Басқарма басшысы мектеп директорына алғашқы медициналық көмекке қажет дәрі-дәрмектерді толықтыру керектігін айтып, ескерту жасады.

Сапар соңы ауданға қарасты Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешенінде жалғасып, бокс және волейбол спорты бойынша балалардың дайындық барысы таныстырылды.

Жалпы Қазалы ауданының спортшылары өткен жылы Әлем чемпионаттарынан 1 алтын, 4 күміс, 7 қола жеңіп алса, Азия чемпионаттарынан 3 алтын, 28 күміс, 47 қола алды. Ал ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 30 алтын, 28 күміс, 47 қоланы еншіледі.

Айта кетейік, басқарма жанынан құрылған арнайы комиссияда спорт мектептерінің олимпиадалық спорт түрі бойынша жалпы нәтижелері, спортшылардың жүйелі жарыстарға қатысуы, жарыс көрсеткіштері талқыланатын болады. Комиссия қорытындысымен мектеп директорларына ротация тәртібі бойынша тиісті жұмыстар жалғасады.

@Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: