Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана – әлем шуағы

07.03.2025, 15:35 122

HALYQLINE.KZ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы ардагер аналарды, полицей әйелдерді мерекемен құттықтады. Бүгінгі бар қошемет осы аяулы жандарға арналды.

Рухы мықты ақ жаулықты аналардың, ардақты апалар мен қаракөз қарындастардың құрметіне ұйымдастырылған бұл іс-шара Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде өтті. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі салтанатты іс-шара барысында шаңырақ берекесімен қатар, қызметтің тізгінін тең ұстаған әйел полицейлерді құттықтау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Саденов Ержан Сапарбекұлының құттықтау жеделхаты ресми түрде оқылып, қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, қызметтерінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген департаменттің қыз-келіншектері марапатталды.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы полиция қатарында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүрген әйел-полицейлерді шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.

«Сіздер бүгінде отбасы, бала тәрбиесінен бөлек, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ер-азаматтармен бірге иық тіресе отырып мемлекетке қызмет атқарып келесіздер. Ал ардагер аналарымыз, Сіздер саналы ғұмырларыңызды, жастық шақтарыңызды қиындығы мен қызығы қатар жүретін ішкі істер органдарындағы қызметке арнап, бүгінде ардагер ана деген ерекше құрметке ие болып, ортамызды қуанышқа толтырып отырсыздар! Осынау жарқын мереке күні Сіздерге отбасының амандығын, деннің саулығын, адал махаббат жылуын, шынайы сүйіспеншілік шуағын тілеймін!» деген жылы лебізін білдірді Серік Жүрсінбайұлы.

Бүгінгі мерекелік іс-шара барысында Ішкі істер органдарының Құрметті ардагері, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Қазбек Әшірбекұлы ақ тілегін өлең жолдары арқылы жеткізді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Қазалы ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Бегалиева Махаббат Төлепбергенқызы, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Грамотасымен» Жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Туысбаева Лайла Бектұрғанқызы және қалалық Полиция басқармасының қызмет инспекторы, полиция майоры Сағнадинова Аймкүл Асылбекқызы марапатталды.

Сонымен қатар, ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер аналар да марапатталды. Бейсенбаева Қаншайым Догаровна, Қаликеева Гульзада, Богданова Галина Владимировна, Маханова Қалдыгүл Ибрайханқызы, Угай Елена Владимировна, Сарсенбаева Айнур Жумабековна, Кесаева Марияш Кадировна «Алғыс хатпен» марапатталды.

Жалпы айтулы күнге орай, Департамент бастығының бұйрығымен департаменттің 132 ардагері мен қыз-келіншегіне құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар, бүгінгі іс-шара барысында жуырда өткен Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының Кубогына арналған құқық қорғау органдарының қыз-келіншектері арасында Макаров тапаншасынан ату сайысында жеңімпаз атанған мерген қыздар марапатталды.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегі, махаббаттың, сұлулықтың символы саналатын құрметті ақ жаулықты аналардың, ардақты әйелдердің құрметіне әндер шырқалып, ақ тілектер айтылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: