Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті

02.03.2025, 12:15 124

Бүгін Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаев, ҚР тоғызқұмалақ спорт федерациясы заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті, Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Шотаев, Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкідері қатысты.

Ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың өнегелі өмірі мен аймақ дамуындағы қажырлы еңбегі туралы баяндады. Сондай-ақ, жас буынның спортқа құлшынысын арттыруда дәл осындай турнирлердің маңызы ерекше екенін тілге тиек етті.

  • Әр тарихи кезеңнің халқымыз үшін өз орны бары белгілі. Сол қоғамның дамуы мен өркендеуіне, ел іргесінің берік болып, халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағының сақталуына еңбегі сіңген тұлғаларды еске алып, есімін ардақтау – баршамыздың ең басты парызымыз. Сондай арда азаматтардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаев. Нәлқожа Ақбалаұлы – Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуында қайталанбас із қалдырған белгілі қоғам қайраткері. Ол еңбек еткен жылдары жастардың білімді, өнерлі және спортқа қызығушылығын арттыруда аянбай тер төкті. Бірнеше спорт нысандары мен мәдениет үйлерін ашып, жас өрендердің үлгілі азамат болып қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Дарындыларды тәрбиелеудегі дара жолы бүгінде аймақ тарихында өшпес мұра, өнегелі ісі көпке үлгі болды. Бүгін мінекей, Сыр елінде мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан дәстүрлі республикалық турнир бастау алды. Бұл турнирде жеңімпаз атанған жас өрендеріміз халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Сондықтан ой жарысының мықтыларын тәрбиелейтін дүбірлі доданы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуіміз керек. Тартысты бәсекеде шын мықтылар жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз!, – деді Шахмардан Асқарұлы.

Сондай-ақ, шара барысында ҚР тоғызқұмалақ спорт федерациясы заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Мақсат Шотаев пен Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының президенті Әбдіқадыр Ергешбаев жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Әбдіқадыр Ергешбаев тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығы атынан Әлем Кубогының жеңімпазы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әләйдар Ермұхамедке қаржылай сыйақы табыстады.

Айта кетейік, биыл дәстүрге жалғасқан байрақты бәсекенің 17-ші мәрте жалауы желбіреді. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген 14 команда, 350-ге жуық тоғызқұмалақшы шеберліктерін сынамақ. Сайыс 7 наурызға дейін жалғасады.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: